Қазақстанның барлық қалаларында – соның ішінде Орал қаласында «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің «Студенттер сарайында» «Халық заңгері» жалпы республикалық науқаны өтті. Әлеуметтік акция аясында Қазақстанның ең үздік заңгерлері мен адвокаттары халықтың заң, құқық төңірегінде туындаған барлық сұрақтарына жауап беріп, шешілмеген даулар бойынша тегін кеңес берді.
Былтырғы жылдан айырмашылығы, биыл еліміздің ірі қалаларымен қатар, шағын елді мекендері де «Халық заңгері» науқанына қатысты, бұл көптеген азаматтарға білікті заң көмегін алуға мүмкіндік беріп отыр.
Шараның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Орал қаласында ұйымдастырылған науқанға БҚО адвокаттар алқасының, заң компанияларының, БҚО палатасының белгілі заңгерлері мен адвокаттары, нотариустары және прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, әділет, көші-қон полициясы, жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімдері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің БҚО бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, бұл қоғамдағы өзекті мәселені шешу мақсатында азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру және бір заңгермен ғана емес өзге де заң өкілдерінен, мемлекеттік орган қызметкерлерінен бір мезгілде толыққанды кеңес алуға, алынған жауаптарының дұрыстығына көз жеткізуге мүмкіндік берген шара болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әрбір мемлекеттік қызметшінің халыққа қызмет етіп, абыройлы еңбегімен сенімді арттыру мақсатында, қоғамдағы өзекті мәселелердің тез арада шешілуіне барынша қолдау көрсету қажеттілігін атап өткен болатын.
Аталған шарада денсаулық, жер, тұрғын үй, кәсіпкерлік, жол-көлік оқиғасы мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар берілді.