Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының фотосуреті мен видеосы елге жеткізілді

3690
Adyrna.kz Telegram
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы түскен видеосы мен бұрын жарияланбаған фотосуреті елге жеткізілді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл ақжолтай жаңалықты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.

"Біздің ғалымдар Әзірбайжан архивінен Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының видеосы бар таспа мен бұрын жарияланбаған фотосуретін елге жеткізді. Бейнетаспада 1926 жылдың 26 ақпаны мен 5 наурызы аралығында Әзербайжан КСР-нде өткен І бүкілодақтық түркология құрылтайы (съезд) бейнеленген. 8 минуттық видеода Ахмет Байтұрсынұлы 6 рет көрінеді. Бір қызығы съезде үш оператор жұмыс істеген. Біздің ғалымдар тауып әкелген видеодан бөлек, тағы екі аппараттың түсірген бейнежазбалары болуы мүмкін. Оны да алдағы уақытта табуды міндет етіп отыр жас ғалымдар", - деп жазды ол.

Министрдің айтуынша, фотосурет Әзірбайжан мемлекеттік өнер және мәдениет мұрағатында істейтін ғалым Фархад Ағзадәнің жеке қорынан алған.

"Бірінші түркологиялық құрылтайда түсірілген суретте Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеевтер бар. Осы еңбектері үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD Ермұхамет Маралбек пен Ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Әрлен Сейітбатқаға алғыс айтамыз", - деп жазды Саясат Нұрбек.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер