Алдағы уақытта Қазақстан - Катар бағытындағы әуе рейстерінің саны артады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұл туралы ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың Катар Мемлекетінің авиациялық билік президенті Мохамед Фалех Әл-Хаджри мырза және Катар Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдулазиз Сұлтан Әл-Румейхи мырзамен кездесуі барысында белгілі болды.
Қос тараптың кездесуі барысында екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Олар, рейстер санын арттыру және Қазақстан мен Катар арасындағы ұшулар географиясын кеңейту, авиациялық мамандарды оқыту және олардың біліктілігін жетілдіру, Катарлық компаниялардың инвестицияларын Қазақстанға тарту мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.
Айта кетейік, «Qatar Airways» авиакомпаниясы Доха-Алматы бағыты бойынша жиілігі аптасына 4 рет жолаушы тасымалдайды. Катар тарапының ақпараты бойынша «Qatar Airways» әуе компаниясы 2023 жылғы көктем-жаз мерзімінен бастап Нұр-Сұлтан мен Доха арасында рейстер ашуды жоспарлап отыр.