Тағылымы мол кездесу

2749
Adyrna.kz Telegram

Қыркүйектің 13 күні Алматы қаласының Ұлан гвардиясы № 75/52 бөлімшесінде Ауған соғысы ардагерлері Байбалақов Ержан, Жүсіпов Әли, Жүсіпов Серікбай және Молдабаев Қанатпен кездесу өтті.

Бұл жиынды «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен "Азаматтық борыш" жобасы аясында өткізді. Осы кездесуді ұйымдастыру "Адырна" бірлестігінің басшысының орынбасары Бейбіт Нәлібай, жоба жетекшісі Дос Сымағұл және басқалардың Ауған соғысы ардагерлерімен етене жақын араласуының арқасында ұйымдастырылған бұл жүздесуге төрт ардагер қатысты. Сарбаздар тарапынан қызығушылық үлкен танытылып кездесу өте тартымды өтті.

Кездесуді № 75/52 бөлімшенің майоры Салтанат Серікбай ашты. Кезегімен сөз алған ардаргерлер іркілген жоқ. Қалай әскер қатарына алынғанын, соғыстағы қиыншылықтар мен ерлікке толы сол бір жастық шақтарын қызғылықты етіп баяндай білді. Сарбаздардың көз алдында алыс та болса жақын, жақын да болса алыс, сол бір қанды сұрапыл қарулы қақтығыстарға толы оқиғаларды көз алдынан елестетіп өздері бастарынан кешкендей әсер алды.

Қазіргі тыныштық жайлаған елімізде соғыста болған адамдардың аузынан естіген әңгіме өте әсерлі болатыны ардагерлерді тыңдап отырған сарбаздардың ойлы да отты көзқарастарынан көрініп тұрды.

Күн-түн демей шаршау мен шалдығу дегенді мойындамай, оқ пен оттың  ортасында жүру кімге де болса үлкен сын. Небір қиыншылықтарды басынан өткерген қонақтар сол бір кездегі оқиғаларды кезегімен баяндады.

Бірнеше күн бойы тау басында су ішпей қиналып жатса да, шептен шегінбей жауға қарсы соғысу туралы есту кімге де болса оңай емес. Сонымен жаздың аптап ыстығында, жауынгерлер тау шатқалында жатыр. Аспаннан күн күйдіріп тұр, айнала тау мен тас. Жоғарыда жартастарға тығылған өліспей беріспеуге бекінген мождахедтер аңдысып атысуда.

Төмен жақта, турасын айтқанда таяқ тастам жерде, әбден шөлдеген сарбаздарды мазақтағандай бұлақтың салқын суы сылдырап ағуда. Бірнеше күн су ішпей ернідері кезерген сарбаздарын аяды ма, сардар бір жауынгерді суға жұмсады. Бірақ... иә, бірақ... Ауғандық мергеннің мылтығының атылған оғының дауысы естілер замат жаңағы жауынгер бұлаққа жете құлады. Екінші жауынгер де суға жете алмады... Осылайша бір жұтым су үшін бірнеше жас өмір қыршыннан қиылды.

Енді не істеу керек? Кеңесе келе ауған мождахедтері тығылып жатқан жартасты шабуылдауға шешім қабылданды. Таң елең-алаңда жауынгерлер биікке өрмелей бастады. Бұлай болады деп күтпеген жаулар ойсырай жеңілді.

Осы жиында бұндай оқиғалардың қаншамасы еске алынды?! Баяндалғанда да бұл оқиғаларды, кездейсоқ адамдар емес, қандай оқиға болса да майын тамыза қызғылықты етіп жаза алатын жазушылар емес, сол оттың ортасында болған, өлімнің көзіне тіке қарай алған, ол кездері жап-жас, қазір Ауған соғысының ардагерлері атанған ағалар айтып жатты.

Ағалардың назарынан әлемді шырмап алуға жанталасып жатқан діни терроризм туралы да кеңінен әңгіме болды. Діни сенімнің еліміздің ұлттық салт-дәстүрлеріне, жүріс-тұрысы мен киім киісіне еш қатысы жоқ екені айтылды. Қазіргі таңда кейбір жастардың білместіктен кейбір діни күштердің зымиян шырмауына түсіп қалып, қиын жағдайға ұшырап жатқаны да ардагерлер тарапынан қатты сынға алынды.

Сезімге толы осы бір сөздерді  Ұлан гвардиясы № 75/52 бөлімшесінің жауынгерлері сілтідей тынып тыңдады.

Екі сағаттың қалай тез өткені ешкім де байқамай қалды. Жауынгерлер риза болысып, ардагер ағалардың әңгімелерінен тың күш алғандай. Ал ардагер болса әлі де айтарымыз мол, дегендей жанарлары нұр шашып тұрды. Өз кезегінде әскери бөлімше майоры Салтанат Серікбай әлі де бұндай кездесулердің жиі болып тұратынын айтты.

 

"Адырна" порталы

 

 

 

Пікірлер