«Ауыл аманаты»: Партиялықтар 116 ауылдық округті аралады

1682

«AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон жалғасуда. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқатты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу.

Биыл сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілді. Ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік пайда болады. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда.

«Еліміздегі әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мүмкіндіктері де әр түрлі. Сондықтан да осы жоба аясында барлық ауылдың әлеуетін анықтап, тұрғындарға ары қарай дайын бағытта кәсіп ашуды үйретуді көздейміз. Бұл елді мекендерді дамытуға бағытталған маңызды қадам», – деді бизнес-тренер Зайра Усувалиева.

28 шілдеде партия мүшелері ауқымды ақпараттық марафонды бастады. Соның барысында Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарындағы 116 ауылдық округті аралап үлгерді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында партия мүшелері 18 ауылдық елді мекенде болып, 700-ге жуық адам жобамен танысты.

«Бұл – ауыл тұрғындарына аса қажет бағдарлама. Ондағы басым бағыттарға, азаматтарға қарастырылған мүмкіндіктерге дән ризамын. Осындай жобалар арқылы ауыл адамдары тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттырады. Ең бастысы, жаппай қалаға көшу үрдісі бәсеңдейді. Елді мекендерде жұмыс орындары ашылады. Әсіресе, жастар қауымының туған жерде тұрақтап қалуына жағдай жасалады», – деді Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Тұрғын ауылының тұрғыны Бекзат Нәзірбек.

Ақмола облысындағы 42 ауылдық елді мекеннің тұрғындары табысты арттыру бағдарламасының жай-жапсарымен және «Ауыл аманаты» жобасымен танысты. Мәселен, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Торғай ауылының тұрғыны Әнуар Әбдірахмановтың айтуынша, кооперативтер мүшелері үшін қызмет құны нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болады.

«Ауылдың, оның тұрғындарының өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға негізделген бағдарлама екеніне көз жеткіздім. Бірігіп кооператив ашамын, кәсібімді дамытамын деген белсенді азаматтар үшін тартымды ұсыныстар жасалып жатыр. Шаруалар техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек ала алады. Жылдық мөлшерлемесі төмен жеңілдетілген несие де қарастырылған», – деді ол.

Мобильді топтар еліміздің әр өңіріндегі 394 ауылдық елді мекенге баруды көздеп отыр. Сапар 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket