Әке бейнесі

3374
Adyrna.kz Telegram

(Жәкім Қоңқайұлының рухына)

Асқар тау Әке, ардақты ата, ел ықыласына бөленген құрметті азамат, өмірден түйгені мол ақылгөй ақсақал, білімдар әрі ізденімпаз тұлға, өмірінің 40 жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі, адамгершілік пен ізгіліктің биік тұғырына көтеріле білген асыл жан, Жәкім Қоңқайұлының дүниеден озғанына бір жыл болып қалыпты... Бұл жыл оның жақындары үшін оңайға түспеді... Отбасының тірегі, бәріміздің қорғанымыз, қамқоршымыз болған жанашыр әкені әлі де қимаймыз, сағынамыз... Әкеміздің суреттегі жарқын бейнесіне көз салып, көз жасымызды тыя алмай қалатын сәттеріміз аз емес.. Оның асыл бейнесі алыстаған сайын күннен-күнге ірілене түскендей...

Бір түсінгеніміз: жүрегің қанша қан жылап, сағыныштан өзегің өртенсе де, өмір – өзен өз ағысымен тоқтаусыз жылжи береді екен... «Уақыт – емші» дейді ғой... Қансырап, сыздаған ауыр жара да уақыт өте тартылады, бірақ оның орнында мәңгіге орны толмас қайғыны еске салатын тыртық қалады... Бірақ ең бастысы – Әкеміздің жарқын бейнесі біздің бәріміздің жүрегімізде, жадымызда мәңгіге сақталары сөзсіз. Әкеміз бізге үлгі көрсетіп, тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып, ғылымға баулып, қанаттандырып, шабыттандырып, ізденіс пен жаңашылдыққа баулып, жан-дүниемізді ізгілікке толтырып кетті... Оның ізгі қасиеттерінің бәрі-бәрін бір естелікке сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен, оқырманға ой салатындай мінезінің бір-екі қыры жөнінде осы орайда әңгімелеп кету жөн болар деп ойлаймын...

Әкеміз өз отбасы мен жақындары ғана емес, көпшілікке қолдан келген жақсылығын аямай, көмек қолын созуды, қамқор болуды өзінің парызы деп білетін. Анамыз екеулерінің арқасында біз бірлігі мен ынтымағы жарасқан берекелі де мерейлі отбасында бақытты балалық шақтың куәгері болдық. Балаларын «мынау – ұл, мынау – қыз» деп бөлмей, бәріне бірдей көңіл бөліп, алтын уақытын арнап отырды. Әр баласымен тығыз рухани баланыс орнатып, әке қамқорлығы мен мейіріміне бөлеп өсірді.

Әкеміз – ақылшымыз еді... Кез келген жағдайда байыпты да сабырлы күйде ақылын айтып, бағыт нұсқап отырушы еді. Қандай сауал болмасын, оны ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп, жан-жақты бағдарлап барып өз ақыл-кеңесін айтатын. Айтайын деген ойын мақал-мәтел немесе афоризммен келісті үйлестіріп, дәлелдермен сөйлеуші еді. Бүгінде «Осындай жағдайда Әкем не дер еді? Бізге қандай ақыл-кеңесін берер еді?» деген сауалдарды өзімізге-өзіміз жиі қоямыз...

Біз үшін Әкеміз үлгі... Ашу шақыру, дауысты сәл де болса көтеру ол кісінің табиғатына жат еді. Мінезімізде бір мін көрсе, ол жөнінде жайлап қана ескертетін және болашақта ондай қателікті болдырмау қажеттігін мықтап түсіндіретін. Бір ауыз сөз, кейде бір ғана көзқараспен көп нәрсені ұғындыратын еді. Көңіл-күйің құлазып тұрғанын да бір қарағаннан сезетін Әке, жайлап қана мән-жайды сұрап, әрдайым қолдау көрсетіп отыратын еді.

Әкеміздің тағы бір асыл қасиеті –балалармен кішкене кезден бастап үлкен адамдарша сөйлесіп, пікірлеріне құлақ асатындығы. Ол кісінің немерелерімен жүргізген сұхбаттарын тыңдап отырып тамсанатынбыз. Жасыратыны жоқ, жұмыс пен күйбең тірліктің соңында жүріп, кішкентайлардың айтқандарына ат үсті қарап, мән бермеген сәттеріміз де болды... Ал Әкеміз әр немересінің айтқан сөзін мұқият тыңдап, қойған сауалдарына толыққанды жауап беретін еді. Ондай сәттерде бар шаруасын жинап қойып, бар зейін-ықыласын тек бүлдіршіндерге арнайтын. Баланың бойында ізденімпаздықты дамытып, қызығушылығын оятып, дүниетанымын кеңейтудің бірден-бір жолы осы екендігін Әкеміз жақсы білетін. «Ата, ертегі айтып берші» деп немерелері қолқалағанда, көркем сөзбен келісті көмкерілген дидактикалық ертегілер мен әңгімелерді бүлдіршіндер қызығатындай етіп майын тамызып айтып беретін еді. Ертегіні айтып болған соң, ертегі жөнінде бүлдіршіндердің пікірін сұрап, оларды өз ойларын еркін жеткізе білуге, ертегінің астарындағы жатқан мәселені түбегейлі түсінулеріне көмектесетін.

Әкеміз ел ертеңі – жастарға, жарқын болашаққа үлкен сеніммен қарайтын... Оның пікірінше, жас баланың бойында әр түрлі қабілеттер бар. Сол қабілеттерді қолдайтын орта болса, бала туа біткен қасиеттерін одан ары дамыта алады. Біз Әкемізден «Сен бәрін білесің», «Қолыңнан бәрі де келеді», «Ақыл жастан, асыл тастан» деген сөздерді жиі естіп, әрі сол сөздерге шынайы сеніп өстік. Бұл сөздер бізді қанаттандырып, шабыттандырып, жігерлендіріп, өзімізге деген сенімімізді арттырып отыратын еді... Қабілетіңе Әкең сеніп отырған соң, ол кісінің көңілін қалдырмас үшін барымызды салып, тырысып бағатынбыз. Ал ең бастысы, Әкеміз бізге сенім жүгін артып қана қоймай, өзі де сабағымызды бақылап, түсінбеген жерлерді түсіндіріп, үй тапсырмасының орындалуын жіті бақылап отырушы еді... Біздің күнделікті сабағымызға, өмірімізге әрдайым қызығушылық танытып отыратын Әкеміз: «Бүгінгі күндерің қалай өтті? Сабақта не үйрендіңдер?», - деп қарсы алушы еді. Сондықтан да біз сабақтан кейін Әкемізбен үйренген, білген-түйгенімізбен бөлісу үшін үйге асығатынбыз.

Ақылшы әке бір жағынан қанаттандырып, өз қабілетімізге сендірсе, екінші жағынан, білмегенді білгізіп, түсінбегенді түсіндіріп беруден бір сәт жалыққан емес. Педагогика саласындағы Альберт Бандураның өзіндік тиімділік дағдыларын қалыптастыру немесе Выготскийдің әлеуметтік-конструктивизм жөніндегі идеялары мен оның ізбасары Брунердің ұсынған скаффолдинг әдісі сияқты ұғымдарымен жете таныс болмағанымен, ізденімпаз ұстаз осы теорияларды іс жүзінде оңтайлы қолдана білді. Әкеміздің ұстаздық жолын, қолжазбаларын, сабақта, сабақтан тыс уақытта қолданған оқытудың әдіс-тәсілдерін мұқият зерделей отырып, оның жаңашылдығына, ізденімпаздығы, мен педагогикалық шеберлігінің шексіздігіне қайран қаламын. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, Әкеміз жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеп, әрбір жастың бойына адамгершіліктің дәнін егуді, оларды білім нәрімен сусындатуды өзінің өмірлік кредосы деп білетін еді. «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» деп Мағжан ақын жырлап кеткендей, Әкеміздің өмір жолы, көрсетіп кеткен үлгісі бәріміздің жадымызда мәңгіге сақталмақ... Жаныңыз жәннатта болсын, жан Әке... Біз – Сіздің өміріңіздің жалғасымыз... Сіз көрсеткен сара жолмен, дара жолмен жаңылмай, сүрінбей, атыңызға кір келтірмей жүріп, артқан үмітіңізді ақтауға әрдайым тырысып бағамыз...

 

Әсел Жәкім,

Филология ғылымдарының кандидаты

(Абердин Университеті)

Пікірлер