"Жас ғалымдар шығады": Қазақстан өз ядролық физиктерін дайындайтын болады

2571
Adyrna.kz Telegram

«Мәскеу инженерлік физика институты» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалы бакалавриат пен магистратураға қабылдау науқанын бастады. Ресейдегі ең үздік ұлттық зерттеу университеттерінің бірі Қазақстандағы филиалында «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері» және «Элементар бөлшектер физикасы және ғарыш физикасы» оқу бағдарламалары бойынша сабақ береді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«MИФИ» филиалы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында орналасады және аталған оқу орнының мамандары құжаттарды қабылдайды. 2 тамызда Алматыға МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің іріктеу және пәндік комиссиясының өкілдері келеді.

Бүгінгі таңда бакалавриат бойынша 62 және магистратурада оқуды жалғастыру үшін 10 құжат тапсырылды. Қабылдау емтихандарының бірінші толқыны 3 (физика) және 5 тамызда (математика) өтеді. Екінші толқын сәйкесінше 25 және 27 тамызға жоспарланған.

Филиалдың ресми ашылуы қыркүйектің екінші жартысына, ал оқудың басталуы 2022 жылдың 1 қазанына жоспарланған.

"МИФИ" ұлттық ядролық зерттеу университеті – беделді ғылыми мектептері бар әлемнің жетекші зерттеу университеттерінің бірі (әлемдегі Топ-350). Мұнда Нобель сыйлығының 6 лауреаты жұмыс істеді. Бүгінде МИФИ-де 200-ден астам білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.

- Ресей жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – ядролық энергетика, геология және мұнай-газ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлау. Нәтижесінде еліміз тек жоғары білікті инженерлерді ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу қызметіне дайын жас ғалымдарды да алады деп күтеміз, - дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

"МИФИ" Ұлттық ядролық зерттеу университетінде оқытудың басты ерекшелігі – білім беру, ғылыми және инновациялық қызмет үздіксіз жүргізіледі. Студенттер төменгі курстан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыса алады. 3-курстан оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу міндетті саналады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қ.Тоқаев Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 11 қаңтардағы отырысында 2025 жылға дейін Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашуды тапсырған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер