«Судың да сұрауы бар». Су үнемдеу мәдениетінің қалыптаспауына не кедергі?

374
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1taWTIPOKqfoSxBnVj3ADjc6WrKiCLLfizaTcwca.jpg

Су, ауыз су үнемдеу туралы көп айтылғанымен, қолға алынған іс шамалы. Бұл тұрғыда бұқаралық мәдениеттің қалыптаспауы алдағы апатты жағдайға дайындықтың әлсіздігін көрсете ме?

Су – өмірлік маңызға ие ресурс. Бүгінде орта есеппен 600 мыңнан астам қазақстандық таза ауыз суға мұқтаж.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2050 жылға қарай елдің "суға өте мұқтаж" мемлекеттер қатарына енуі мүмкін екенін ескерткен. Алайда су тапшылығының алдын алу үшін тек инфрақұрылым емес, әр азаматтың суға деген мәдениеті шешуші рөл ойнайды. Неге Қазақстанда су үнемдеу мәдениеті қалыптаспай отыр? Шешімі қайда?

АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Эколог Лаура Маликова Қазақстандағы ауыз су мәселесінің түп-тамырынан зерттеу қажеттігін айтады.

«Ауыз су сапасы тікелей жерасты және өзен-көлдер жағдайына байланысты. Бірақ бастысы — адамның тұтыну мәдениеті. Су тазалығын қорғап, оны ысырап етпеуді үйрету балабақшадан басталуы керек», - дейді эколог маман.

Көптеген тұрғын краннан ағып тұрған су шексіздей көрініп, ысырапқа жол береді. Су құбырларындағы ақаулар, ескі сантехникалар мен суды есепке алмайтын құрылғылардың болмауы мәселені ушықтырып отыр.

Worldometers мәліметінше, Қазақстанда әр адам күніне 3,5 мың литр су тұтынады — бұл өте жоғары көрсеткіш. Ал Ресейде бұл көрсеткіш небәрі 1,3 мың литр, Грузияда – 1,2 мың литр, Украинада – 604 литр, ал айталық, Ұлыбританияда бір адамға тәулігіне 348 литр ғана келеді. Көшті бастап тұрған – Түркіменстан. Ел тұрғындары жан басына тәулігіне 16,3 мың литр су қолданады.

Одан бөлек, тозған құбырлар мен ескірген жүйелер судың 20-30%-ға дейін далаға кетуіне себеп. Бұл судың текке ысырап болуына алып келеді.

СУДЫ ДҰРЫС ТҰТЫНУ МӘДЕНИЕТІ ЖЕТПЕЙДІ

Халықтың басым бөлігінде суды үнемді пайдалану мәдениеті толық қалыптаспаған. Бұл туралы профессор, су ресурстарын басқару жөніндегі сарапшы Клим Аширяев мәлім етті.

«Суды ұқыпты пайдалану – тұрақты даму мен халықты сапалы су ресурстарымен қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Алматы мен Қазақстанда бұл бағытта кейбір шаралар жүргізілуде, алайда олар жеткілікті деңгейде емес. Суды үнемді пайдалануға ынталандыру мақсатында тұрғындарға ақпарат берумен қатар, нақты әрекеттерге итермелеу қажет. Мысалы: су үнемдегіш құрылғылар орнату, шеберлік сабақтарын өткізу және т.б. Бұл білім беру жүйесінде де, қоғамдық коммуникацияда да жеткілікті деңгейде көтерілмейді», - дейді ол.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдеуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асырып жатыр. Солардың бірі — 2024–2026 жылдарға арналған «Су үнемдеу жөніндегі жол картасы» және тұрмыстық жағдайдағы үнемдеу тәсілдерін қамтыған ұлттық зерттеу. Нәтижесінде төмендегідей нақты ұсыныстар жасалған:

  • Тіс жуғанда кранды өшіру – жылына 6300 литр су үнемдейді.
  • Ванна орнына душ қабылдау – 15 600 литр.
  • Аэрациялық саптама орнату – 3300 литр.
  • Кір жуғышты толық жүктемемен пайдалану – 35 000 литр.

Алматы тұрғындары министрліктің ұсынысы туралы түрлі пікір білдіріп, ұсынысқа баға берді.

«Мен студентпін, пәтерде достарымызбен тұрамыз. Байқауымша, көпшілігіміз жуынғанда, тіс жуғанда суды өшірмейміз. Керісінше, суды ағызып қоямыз. Министрліктің ұсынысы, меніңше, өте орынды», - дейді Нұрсұлтан есімді студент.

«Ыдыс жуғанда су ысырап болады. Негізі зерттеулерге сәйкес, ыдыс жуғыш пен кір жуғыштарды қолдану суды үнемдеудің тиімді жолы болатын сияқты», - дейді Анар есімді қала тұрғыны.

Алайда, кей тұрғындар суды үнемдеуде оның сапасына да назар аудару керектігін атап өтті.

«Мен Алматыда 20 жылдан астам уақыт өмір сүріп келемін. Ауыз су мәселесі тек үнемдеуде ғана емес, оның сапасына да байланысты. Таза суды өңдеу жобалары да ары қарай

жүзеге асырылуы керек. Мысалы, Алматы ауыз суды Үлкен Алматы көлінен алады, соңынан бірнеше арнайы тазартудан өтеді. Бұл – табиғаттағы су. Ал шет мемлекеттерде пайдаланылған суларды да қайта өңдеп, қолданысқа береді. Осы сынды жобалар дамитын болса су тапшылығы оң шешімін табар», - дейді Әсел есімді тұрғын.

САРҚЫНДЫ СУ ДА САРҚЫТ

Қазақстанда алдағы уақытта күтілетін су тапшылығын шешу үшін тек мәдениетті қалыптастыру аздық ететінін байқаймыз.

«Қазақстандағы қалалар мен ауылдарда ауыз судың сапасы әлі де жеткілікті деңгейде емес. Бұл мәселе инфрақұрылымды дамыту мен су тазарту технологияларын жетілдіруді талап етеді. Осы мәселе жолға қойылмағандықтан қалалар мен ауылдардың тұрғындары әрдайым сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет, ғылыми және білім беру мекемелері мен қоғам бірігіп жұмыс істеуі қажет», - деді Клим Аширяев.

Бүкіл әлем суды үнемдеудің жолын іздеп жатқанда, Сингапур суды қайта өңдеу арқылы үлкен жетістікке жетті. NEWater жобасы арқылы тұрмыстық сарқынды сулар бірнеше деңгейлі тазалаудан өтіп, қайта пайдаланылады. Бұл жоба экология, экономика және тұрақты даму талаптарына толық жауап береді.

Бұдан басқа, Австралияда  "Water Sensitive Cities" бағдарламасы, Германияда  "Blue Community" бастамасы, Нидерландта "Waternet" интеграцияланған су жүйесі іске асырылуда.

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ ҚАНДАЙ?

Елімізде су тапшылығының алдын алу үшін суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырып, жобалардың жүзеге асырылуына жіті мән беру керек. Бұл туралы сарапшы, профессор Клим Аширяев: «Су тапшылығын жою үшін инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, білім беру, заңнаманы күшейту, қоғамдық ынталандыру сынды бірнеше бағыт қатар жүруі тиіс. Бұл тек үкіметтің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі», - дейді.

Маманның пікірінше, елімізде су тапшылығын алдын алып, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру үшін келесідей әрекетке көшу керек:

1.     Ақпараттық-ағартушылық науқандарды күшейту – халықты суды үнемдеу маңыздылығы туралы кеңінен ақпараттандыру.

2.     Білім беру бағдарламаларын дамыту – мектептер мен ЖОО-ларда арнайы интерактивті курстарды енгізу арқылы жастарды тәрбиелеу.

3.     Заңнамалық базаны жетілдіру – суды тиімді пайдалану жөніндегі нормалар мен талаптарды қатаңдату.

4.     Қаржылық және өзге де ынталандыру тетіктері – су үнемдейтін технологияларды қолданатын азаматтар мен кәсіпорындарға жеңілдіктер мен марапаттар.

5.     Инфрақұрылымды жаңғырту – ескі су құбырларын ауыстыру, заманауи тазарту және кәріз жүйелерін енгізу.

6.     Қоғамды тарту – қоғамдық тыңдаулар, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыру арқылы халықтың белсенділігін арттыру.

7.     Халықаралық ынтымақтастықты дамыту – озық тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларға қатысу.

8.     Мониторинг пен талдау жүргізу – су пайдалану көрсеткіштерін жүйелі түрде бақылап отыру.

9.     Су үнемдегіш технологияларды енгізу – үй мен қоғамдық орындарда үнемдеуді арттыру мақсатында құрылғылар орнату.

АЙЫППҰЛМЕН МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ?

Соңғы жылдары Қазақстанда су саласында бақылаудың әлсіздігі мен құқық бұзушылықтар жиілеп кеткені байқалды. Көптеген жағдайда өзен-көлдердің жағасында заңсыз құрылыстар бой көтеріп, олар экологияға зиян келтіріп отырған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және тұрмыстық нысандардың су көздеріне зиянды қалдықтарды төгуі де кең таралған.

Сондықтан, 2025 жылғы 10 маусымнан бастап Қазақстанда су ресурстарын пайдалануға қатысты заңнаманы бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері бұрынғыдан бес еседен он есеге дейін артқан. Бұл шаралар жаңа су саясатын енгізу және елдегі су қауіпсіздігін нығайту, суды үнемдеу мақсатында қабылданған шаралардың бірі.

Су мәселесі — бұл тек экология немесе инженерлік мәселе емес. Бұл — мәдениет мәселесі. Қазақстандағы су үнемдеу мәдениетінің қалыптасуы – болашақтың кепілі.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии