Тек орысты ғана әулие көретін қазақтар өте көп – Ербол Бейілхан

17004
Adyrna.kz Telegram

«Шеттен келген қазақтар арқылы «қазақ қазақыланып кететін болды» деп билікте жүрген түрі қазақ, тілі орыс шенеуніктер осы көшке ақыры тосқауыл қойып, тоқтатты. Біздің арамызда өз ана тілін білмейтін, салт- дәстүріне мойынсұнбайтын тек орысты ғана әулие көретін Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан қазақтар өте көп...». Бұл пікірді белгілі ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ербол Бейілхан Adyrna.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«1990 жылдардың басында Қазақстан тәуелсіздік алғанда ең бірінші қуанған осы шеттегі қазақтар болды. Шеттегі қазақтар ештеңеге қарамай, атамекенге көш басын бұрды. Міне, одан бері алды келгелі 31-32 жыл болды. Көш 1990 жылдардың ортасында өте қарқынды жүрді. Мемлекеттен де аздаған қолдау болды. Сол кездегі халықтың қазақ пен қазақ табысып, қандастарымыз тарихи отанына қайтсын деген пиғылы өте дұрыс болған еді... Кейін ҚР Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, Көші-қон жөніндегі комитет құрылды. Осы кезден бастап былық басталды да, көші-қон комитетінің басшысы шеттен келетін қандастарға бөлінген ақшаларды жемқорлыққа салып, квота жеп, сонымен өздері байып, судан ақ, сүттен таза болып шықты», - дейді Ербол Бейілхан.

Ақынның айтуынша, аталмыш Көші-қон агенттігі шеттен келген қандастарымызға бөлінетін қаражатты өздері иемденіп, оларды елге «сүйкімсіз» етті...

«Сол Көші-қон агенттігі Қазақстанның барлық байлығын «шеттен келген қазақтар» алып жатқан секілді кейіп танытып, жергілікті кейбір таяз  ойлайтын адамдарға оларды сүйкімсіз етіп көрсетті. Сонымен қатар шеттен келген қазақтардың көбісі еркін, демократиялы елде өмір сүргендіктен Қазақстандағы кейбір былықтарды, жемқорлықты, бюрократияны ашық айтты. Бұл біздің сол кездегі президентімізге жетті. Содан «бұлар шындық айтқыш екен, байбалам екен» деп президенттің өзіне ұнамай екі ортада бөліну басталды. Шеттен келген қазақтар арқылы «қазақ тілі көркейіп кететін болды, ұлттық таным оянып кететін болды, қазақ қазақыланып кететін болды» деп билікте жүрген түрі қазақ, тілі орыс шенеуніктер осы көшке ақыры тосқауыл қойып, тоқтатты. Қазір көш тоқтап тұр», - дейді ақын.

Қазіргі дағдарыс заманында шеттегі қазақтар «өз еркіммен келемін» демесе, оларды елге көшіріп алу тиімсіз.

«Себебі, шеттен келген қазақтарға бөлінген қаражатты бізде қағаз жүзінде үлкейтіп көрсетеді. Сөйтіп, өз нанын әрең тауып отырған елдегі халық оларға наразы болады. Шеттен келген қазаққа бәрін үйіп-төгіп беріп жатқан секілді қабылдайды да, оларды «көзге шыққан сүйелдей» көрсетеді. Осылайша екі жақтың арасы ашылады...», - дейді Ербол Бейілхан.  

Ербол Бейілхан Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында қандастарға қатысты айтқан пікіріне тоқталды.

«Кешегі Президенттің «Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін» деп пікір білдіргені шеттен келген қазақтардың 30 жыл асыға күтіп жүрген дүниесі шығар... Шындап келгенде, шеттен келді дегені болмаса, олардың барлығы да қазір ҚР-ның азаматы ғой. Заң бойынша, кез-келген қызметте жұмыс істеуге құқылы. Өкінішке қарай, біздегі қазақтілді қазақтардан бөлек қазақша білмейтін орыстілді қазақтардың өзі жершілдікке, рушылдыққа, трайбализмге ұрынған. Адамды белгілі бір қызметке қоятын кезде «географиялық тұрақты территорияға» өте мән береді. Бізде сосын сыбайлас жемқорлық бар. Ол енді айта-айта әбден жауыр болған тақырып... «30 жыл болды. Шеттен келген қандастардың ішінен бірде-бір министр, депутат шыққан жоқ, облыстың әкімі болған ешкім жоқ» деп көпшілік айтып жүр. Енді Президенттің кешегі сөзі «елге адал қызмет істесем» деп жүрген қолынан іс келетін нағыз талантты азаматтардың үмітін оятты деп ойлаймын», - дейді ақын.

Ақынның айтуынша, орысты ғана әулие көретін қазақтарға сену қиын...

«Мынандай жағдайды ескеруіміз керек. Біздің арамызда өз ана тілін білмейтін, салт-дәстүріне мойынсұнбайтын тек орысты ғана әулие көретін Кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан қазақтар өте көп... Ертең қандай да бір жағдай болса, дәл солар қолына қару алып, Отанды қорғайды дегенге сену де қиын. Осыған енді жүрегің ауырады... Ал енді «Елім, жерім» деген шеттен келген қазақтар ел басына күн туса, қазақ армиясының, Отанды қорғаудағы шептің алдыңғы қатарында жүретініне менің ешқандай да күмәнім жоқ. Қазақстандағы қазақ болсын, шеттегі қазақ болсын... Оның қайдан келгені маңызды емес. Қазақтың бір ғана Отаны бар. Ол – Қазақстан. Отанды қорғау жүрегінде жалыны бар, қазақы қаны бар, жан-дүниесі, рухы отарланбаған, саналы ердің басты парызы деп есептеймін. Сондықтан да, «тарихи Отаныма ораламын» деген азаматтарға ешқандай тосқауыл қоймай, оларды көшіріп ала беруіміз керек», деп түйіндеді сөзін Ербол Бейілхан.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер