Тағдыр тәлкегі аса қадірлі адам баласын талай сынақтарға, рахат пен ләззаттарға батырады. Ондағы мақсат адам өмірін көрінгенге кергілетіп, ойын қою қараңғылыққа батыру емес... Бәлкім сынақтар арқылы жаратушының адамзатты сол келте ғұмырында елден ерек ұшпаққа жетелеуі шығар. Сондай ерекше ғұмырлы жанның бірі бүгінгі сұқбатымыздың негізгі кейіпкері болмақ. Ол сияқты тағдырына мойынсұнғандар некен-саяқ.
Шалқар Қуанышбаев – Шымкент қаласының тумасы. Он сегіз жасына таяған шағында бассейнде оқыс жарақат алып, арбаға таңылды. Жалындап тұрған жастық шағында оқуға тапсырып, бейқам жүрген бала Шалқар - армандарын алысқа сілтеп, шұғылалы шыңға табан тіремек мақсаттары бар еді. Адамның емес, Алланың қалауы болады деген рас қой...
Қайсар жан сынақтармен сыналмай қоймады. Ерекше кейіпкеріміз сонда да берілмей, ағысқа кесе-көлденең қасқая қарсы жүзіп, тағдырға мойынсынуды үйренді. Алайда кейіпкерімізге шытырман ойдың шырғалаңынан арылуға бірнеше жыл уақыт кетті.
Осы кезде «Уақыт - емші» деген халық сөзі еріксіз ойға оралады екен. Ол тіпті өзінің сүйікті ісімен айналысып, адамдарға пайдалы болудың төте жолын тапты.
Өмірдің тамашасын тамсандыра жазу арқылы анық нұрлы талант иесі екендігін дәлелдеп қана қоймай, пайдалы болудың тың жолдары мен түрлі торабы бар екендігін дәлелдеді.
Ендеше ерекше жанмен жүрген сырлы сұқбатты әр жұмыр басты пенде ықылас қойып, оқуы тиіс деген тұжырымға келдік.
- Шалқар аға, жеке өміріңіз жайында бірі білсе, бірі біле бермейді. Мұндай халге қалай түстіңіз? Кеңірек баян етсеңіз.
- Адам келешегі мен келер күнін болжай алмайды ғой. Балалықпен қоштаса қоймаған балғын шағым еді. 2010 жылы оқуды қызылға тәмамдап, грант иегері атанып, ЖОО-на тапсырған кез. Тамыз айында Тараз қаласында аквапарке шомылуға бардым.
Артық ой ойлап үлгермеген мен суды барламастан саяз жерге баспен сүңгідім. Сол бойда мойын омыртқам сынып, аяқ-қолым істемей қалды. Біраз тұншығып, судан шыға алмадым. Тек айналадағы адамдар байқап қалып, жағаға шығарып, жедел жәрдеммен дереу алып кетті. Операция жасалды. Кейіннен жазылмайтын сырқатқа шалдыққанымды ұқтым.
Әрине кеше ғана сау жүрген мен үшін мұндай күйді қабылдау қиын болды. Алайда қылыштың қырындай тік мінезім мен табандылығым бүгінгі күнімнің жарығын жағуға үлкен септігін тигізді.
- Қазіргі заманда шүкірлігінен күпірлігі көбейген қауымның қарасы қалыңдады. Сіздің постыңыздың өтімділігі сол, оқырмандарыңыздың саны күн санап өсіп келеді. Мұндай жазбаларды жазу, жариялауға не түрткі болды?
- Алғашқыда мен үшін тіршілік ағыны тоқтап қалғандай көрінді. Өзімді әлемдегі ең қажетсіз адам сезінгенім рас.
Соның кесірінен он жылдан астам уақыт бойы күнімді күңіренумен, түнімді жабырқаумен өткіздім.
Өзімді дамытуға мүлдем тырыспадым. Жақын достарым тым болмаса телеграм ашып, өз ойларыммен бөлісуді кеңес ететін. Өзгелер үшін өзімді қажетсіз сезінген мен, ел ағалары мен түрлі бизнесмендер барда халық менің ойымды қай қажетіне жаратады деген күмән сейілмейтін. Бірақ ішімдегі аласапыран ойлар санама тыным бермеді. Соның барлығын қағазға түсіріп, достарыммен бөлісетінмін. Солай шер тарқатып, түрлі кездесулер ұйымдастыратынбыз. Уақыт өте келе маған ақша табу қажеттілігі туындады. Копирайтинг саласын игердім.
Әуелгі уақыттарда сатылым әкелетін жазбаларды ғана жаздым. Кейін өзім блог жүргізу арқылы адамдардың қызығушылығын тудыртып, шабыт беретінімді түсіне бастадым.
Менің жазбаларым жарияланған сайын жазылушыларыма жалынды ойдың жұрнағын қалдыратынымды ұқтым. Кемшілік деп санап келген болмысымды кеңшілікке қалай айналғанын өзім аңғармай да қалдым.
Осылайша түпкі мақсатым пайда болып, шүкіршілік пен адам қолынан келетін шексіз мүмкіндіктің, денсаулықтың қадірі жөнінде айту арқылы, оқырман сұранысы барын түсіндім.
- Посттарыңызды оқу арқылы шүкіршілікті арттырып қана қоймай, қаламы қарымды, ойы орамды жан екеніңізді аңғару қиын емес. Себебі, посттарыңыздың сөзі мен қатар ойға салар салмағы да басым. Жазбаларыңыздың мұндай өтімділігінің сыры неде?
- Жазбаларымды соншалықты өтімді деп есептемеймін. Егер сіз өтімді деп тапсаңыз, оған бірден-бір себеп шынайлық һәм шын жүректен шығуы деп пайымдар едім. Көбіне ауруым жаныма батқан кезде жазамын. Қай тұсым ауырып жатқанын білмеймін, сезбеймін, бірақ сендер біле аласыңдар ғой деген сөздер сол үшін де өтімді болды деп ойлаймын.
Себебі, жүректен шыққан дүние қашан да жүрекке жетеді деп сенем. Оқырман сенен ең әуелі шынайылықты күтеді. Себебі, өзге блогерлердің қызылды жасылды өмірі мен қуаныштары халықты әбден қажытқан.
Қазір инстаграмға жақсы тұсын ғана салатындар белең алды ғой. Ойымша, олай әулие болып көрінудің қажеті шамалы.
Өзіндік болмысыңды айнытпай көрсетсең, көрген оқырманның да сен туралы тым биік бағалау ойы алысқа сермемейтіні анық.
- Ерекше жандардың шектеулі уақыт ағынында, шексіз мүмкіндіктердің есігін айқара ашып жатқанына өзіңіз арқылы куә болып келеміз. Бірнеше жұмыс жасап қана қоймай, әлеуметтік желідегі белсенділігіңіз де қалыс қалған емес. Бір сұқбатыңызда кітап жазу туралы тіліңізге тиек еткен едіңіз. Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?
- Серіктесіммен жаңа бизнес бастап жатырмын. Мерекелік кештердегі қалың көрерменге керемет көңіл күйден тарту етеміз. Толығырақ әлеуметтік желілерле жариялайтын боламын. Кітап жайына келетін болсақ, оны жазуды қолға алып жатырмын. Жеңіл тілде пост секілді шығарамын деп ойлағам.
Алайда ел ағаларымен кеңес құруды жөн санап, Қайрат Жолдыбайұлы ағамен ақылдастым. Ол бұл ойымды құптамады. Халық ондай мотивациялық кітаптан шаршағанын айтты. Оданда жеке өмірімді мотивациялық роман қылып шығаруға кеңес етті.
Оған арнайы көмекшілер алдырып, кітап баспаларының басшыларымен кеңесу үстіндемін. Маған жеке жазушы тағайындалды. Ол Шымкент қаласына келген бойда бірден жұмысымызды бастамақ ниеттеміз.
Кітап сатылымға шыққан бойда, шынайы тағдырға негізделген үздік басылым боларына сенем. Кітаптан жақсы қаржы жиналып жатса, Алматыға көшкім келеді.
Алматы - мүмкіндіктер қаласы. Оған барған сайын көзім анық жетіп келеді. Тіпті тақтайдай тегіс қара жолдарының өзі адамға ерекше леп пен шынайы серпін сыйлайды. Оның үстіне бұл қалада ағаларым, достарым, әріптес блогерлер бар. Бұл дер кезінде ақылдасып, ой бөлісуге өте тиімді.
Денсаулығым мен материялдық жағдайым дұрысталып жатса, үйлену де ойымда бар. Мені бар болмысыммен қабылдап, өмір бойына өкінбей, менен ештеңе күтпей, тек Алла разылығын күтетін жан табылса менің де ықыласым оянар еді. Сол сәтке өзім де дайындық үстіндемін.
- Өзіңізді бес жылдан кейін қалай елестетесіз?
- 5 жылдан кейін жанұям бар, 1 перзентпен Алматыда жеке пәтер мен 1-2 көмекшілеріммен елестетемін. Отбасыммен бақытты ғұмыр кешіп жатқан, бірнеше жобалары мен жеке кәсібі бар Шалқар. Қазірдің өзінде әлеуметтік жоба жасауға ниеттімін.
Ұсыныстар болып жатса, идеяны ары қарай дамытуға, жұмыс жасауға көмектесе аламын. Ерекше жандарға қолдау болатын қайырымдылық не оңалту орталығын жасар едім.
Ол жаттығу жасауға арналған жер ғана емес, пікір алмасып, орта табатын орталық болғанын қалаймын.
- @Shalqarmyn инста. парақшаңызда оқырмандарыңыздың көпшілігі кімдер? "Фанаткаларыңыз" мотивациядан бөлек сізден тағы не күтеді деп ойлайсыз?
- Көпшілігі бастамаларымды қолдап жүретін жанашырларым. Оның ішінде миллионер, бизнесмен, блогер, ел ағалары, қоғам қайраткерлері, әнші барлығы бар. Үйде отырған декреттегі аналар да болуы мүмкін.
Көпшілігі мотивациялық жазбадан гөрі, эмоция алу үшін отырады деп ойлаймын. Мен жетістікке жетсем, шынайы риза болғандықтан қуанышқа бөленіп қанаттанады. Маған риза бола алады, қуанышыма шынайы ортақтаса алады.
Бәлкім мен жасап жатқан нәрседен өзі ештеңе жасамағанға ұялады. Алайда одан ұялмау керек. Ештеңеге зауқың соқпайтын кез бәрінде орын алады емес пе?.
- Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржылай көмек алып, мега жобаларды қолға алу ойда бар ма?
- Нақты ойда жоқ. Оңалту орталығы болғанын қалаймын. Оған қаражат бөлінбегеннің өзінде артымда алатаудай ел ағалары барда солардың көмегімен қолға алуға болады деп ойлаймын. Мемлекет көмегі аса қажет те емес.
- "Қалауын тапса қар жанады" деген сөз бар. Тіспен теретін копирайтер атану ойыңызға қалай келді?
- Тіспен теретін копирайтер атануым қажеттіліктен туындады. Әлі есімде 2020 жылы әкем мені көтеріп машинаға отырғызған кезде шаршап, демі қысылып кетті. Осылай өмірім жалғасын таба берсе, отбасыма ауыртпалық салатынымды білдім.
Оның үстіне олар қартайып барады. 50-ді еңсерген ата-анам болмаса маған кім қарайды деген ой келді. Отбасымда тағы бір інім бар. Бірақ ініме масыл болғым келмеді. Уақыт өте оның да отбасын құрып, бөлек отауға көшетіні белгілі.
Сол тұста өз өміріме өзім жауапкершілік алуым керек екенін ұқтым. Сосын «Мен не істей алам?» деген сұрақ туындады. Тіспен тере алатын қабілетім бар. Осылайша тапсырысқа мәтіндер жазып, көмекшімнің ақшасын тауып берсем, ата-анама, бауырларыма салмақ салмаймын деген ойдан келді. Бұл мақсатым қазіргі таңда толығымен жүзеге асты. Шүкір.
- Сізді мықты копирайтер, мотиватор ретінде танып келеміз. Біз білмейтін Шалқар мырзаның тағы қандай қырлары бар?
- Мен адамдардың эмоциясын жақсы білемін. Эмпатиям жоғары. Тіпті хат жолдаған адамның эмоциясын байқай аламын. Жай сәлемдесуінен аңғара аламын. Жеке сөйлесіп тұрғанның өзінен ойын алдын ала оқуға тырысып жатамын. Менімен сөйлескісі келе ме, жоқ па сеземін. Ол ойларым көбіне дәл келіп жатады. Әрине жаңылысып қалатын кездерім де болады. Тағы ақкөңілмін деп ойлаймын.
Өзіме жасалған қиянатты кешіре алам, өкпе ұстамауға тырысамын. Мектеп кезінде спортпен айналысқам. Спорт тамашалағанды жақсы көрем. Есепке, жаратылыстану бағытына жақсы болдым.
- Оқырмандарыңыздың арасында мотивацияңыз өтімді боп жүргенін жоғарыда баян еттік. Ал депрессияға түсіп, өз өмірлерін көрсетуден тасаға жасырынып, көлеңкеде жүрген сіз секілді ерекше жандарға қандай мотивация берер едіңіз?
- Ерекше жандар өзін қоғамға қажет екенін сезінуі керек. Қандай жағдай болса да мына өмірде өз орны бар екенін ұғыну тиіс. Басқаларға маңызы барын түсінгені абзал. Ол - ерекше адам.
Ал ерекше адамдардың өмірі - дені сау адамдарға қашан да қызық. Оның жағдайы, өмір сүруі қалай екенін ойларымен бөлісу керек. Адамдар - қызықсүйгіш. Оларға ішіңдегіні шығарып, ойларыңмен бөлісу керек.
Адамдарға эмоция берген сайын, олар сені материялдық жағынан және кез-келген шақта қолдауға дайын тұрады. Бұл жағдайыңа өзіңнен басқа ешкім көмектесе алмайды. Сол үшін ортаға шығу керек.
Өзіңді көрсетіп, блок жүргізуден бастауды кеңес етер едім. Сырқат арқылы Алла тағала оның дәрежесін басқалардан бірнеше есе үстем етіп көтеріп қойған болуы мүмкін ғой. Мен депрессияның түбіне түсіп көргем. Онда ештеңе жоқ екен.
Өзіңмен қоса, өзгелерді де шаршатасың. Тіпті отбасыңды шарасыздыққа апарасың. Кейбір отбасылар ондай жағдайда мүгедек туысын елдің сөзінен ұялып, амалсыз бағуы мүмкін. Бұл тек өзіңе өзің қазған ор. Оданда ішіңдегіні шығару керек. Айт не жаз. Достарыңды шақырып бөлісу арқылы тыңдаушыларға мотивация бересің. Әңгімеңді айтсаң, олар қолдаудың кез-келген түрін жасауға дайын.
- Шалқар аға, сұқбаттасуға келісім бергеніңізге рақмет! Ізгіліктің ізін, мейірімнің мәйегін, тәубеліктің тәлімін, шын бақыттың тағылымды құндылықтарын ұқтырып жатқаныңызға алғысым шексіз!
Иә, қазіргі таңда тіршіліктің сәнін қуам деп, мәнін кетіріп алғандар аз емес. Кейіпкеріміз қанша тұйыққа тірелсе де, тығырықтан шығатын жарқын әрі даңғыл жолын сала білді. Оның екпін сенімі өзіне ғана емес, өзгелердің де сөнген шырағын жақты. Тағдыры тағылым мен тағзымға толы Шалқар Қуанышбаевтің өмірі көптің көңілінен шығып, ойлы орамдар қалдырарына күмәніміз жоқ.
Інжу ӨМІРЗАҚ,
”Адырна” ұлттық порталы