Балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізіледі

2732
Adyrna.kz Telegram

Балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізіледі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес.

2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте, жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды.

Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету»,— деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер