Петропавлда уақытша ұстау изоляторындағы күдікті өз-өзіне қол жұмсады

2236
Adyrna.kz Telegram

Петропавлда уақытша ұстау изоляторына қамалған күдікті суицид жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам қасақана кісі өлтірмек болған деген күдікке ілінген.

«11 маусымда Береке ықшам ауданында төбелес болды. Қылмыскерлер Ибраев көшесінің бойындағы аулада қаланың үш тұрғынын пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккен Петропавл қаласының 29, 32 және 34 жастағы тұрғындары ауруханаға жеткізілді. Жедел іс-шаралар барысында күдіктілер анықталып, 35 және 43 жастағы екі ер адам ұсталды»,– деді ведомство.

Аталған факті ҚР ҚК –нің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі «Адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне енгізілді. Алдын ала тергеу барысында ер адамдар арасында кафелердің бірінде жанжал туындағаны белгілі болды.

«Күдіктілердің бірі Петропавл қаласының полиция басқармасы ҰҚК-да болған кезде өз-өзіне қол жұмсады. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне енгізілген»,– деп түсіндірді полиция.

Пікірлер