Тегеран сапары: Транзит жолын іздеу жалғасуда

2466
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан ел және бұл фактор Қазақстанға біршама логистикалық артықшылықтар береді. Иә, Қазақстанның теңізге шығу мүмкіндігі жоқ және ең арзан сауда жолын қолдана алмайтындығы сондықтан. Алайда біз өзіміздің ауқымды аумақтық артықшылығымызды көршілес елдерге логистика үшін тиімді пайдалану саясатын жүргізуге талпынудамыз.

Ресейдің Украинаға соғыс ашуы Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерін арттыра түсті. Мысалы Қытай ендігі таңда өзінің басты сауда серіктесі саналатын Еуропа елдеріне тауарын Қазақстан аумағы арқылы жеткізу жолын еселейтінін айтуда. Ол Қытай-Орталық Азия-(Қазақстан) Каспий жүйесі арқылы іске аспақ. Бірнеше ай бұрын Түркиядан Қытайға баратын сауда жолы қосылды, міне сол мүмкіндікті кеңінен қолдану іске аспақ.

Ресей аумағы Мәскеудің басқыншылық әрекетінен кейін біршама оқшауланған жағдайға түсті. Шығыс Еуропаға шығу мүмкіндігі азайды, ал алдағы таңда Украина соғысына Беларусь елі де араласса, ал Балтық елдері Ресейге толық сауда жолына блокада жарияласа, онда Ресей барлық логистикалық мүмкіндіктерінен айырылады деген сөз. Оның алғашқы көріністері қазірдің өзінде байқалады.

Ресей толыққанды бопса саясатына көше бастады. Өзін «қолдайтындар» және «қарсылар» атты позиция бойынша жақтастар мен қарсыластарды анықтауды бастап кетті. Оны анықтау Мәскеу үшін қиын емес сияқты. Мысалы «кім Ресейдің Украинаға агрессиясын қолдаса, ол Мәскеудің досы». Болды. Бүгінде ЕАЭО елдері ішінде ондай бір ғана ел бар деуге болады. Ол - Беларусь. Ал қалған өзін ашық қолдамаған елдерге түрлі ақпараттық шабуылдарды үдетіп, саяси-экономикалық қысымды еселеді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Ресейдің Қазақстанға ақпараттық шабуылы үдегеніне бірнеше жылдың жүзі болды, ал экономикалық бопса саясаты соңғы жылы басталды. Мысалы Украинаға соғысы басталғалы бері Ресей аумағы арқылы Қазақстан мұнайының басым бөлігі тасымалданатын КТК құбырында екі мәрте оқыс оқиға болды. Біріншісінде «КТК құбыры қатты дауылдан зақымданды және мұнай тасымалдау еселеп уақытша азайды» десе, екіншісінде аталмыш құбыр маңында «екінші жаһан соғысынан қалған миналар табылды және қауіпсіздік шараларын жасауға тиіспіз, ол мұнай тасымалына да кері әсерін тигізеді» деген ақпарат шықты. Бұл сөзсіз Қазақстан экономикасы үшін жағымды жаңалық емес. Бұл тек қана мұнай емес, сонымен қатар өзге де шикізат пен тауар түрлеріне қатысты қолданылуы мүмкін бопса саясатына ұласуы ғажап емес.

Қазақстан Ресей аумағына тәуелді емес өзге жеткізу жолдарын іздестіруде. Мысалы ресейлік порттарды Грузия порттарына алмастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Тағы бір ел Иран. Каспий атты теңіздің суын бөлісіп жатқан Иран нарығы Қазақстан үшін қажетті нарықтың бірі. 80 млн халқы бар Парсы елі Қазақстанмен сауда қатынасын дамытуға ниетті. Тегеранға Батыс елдері ядролық бағдарлама, адам құқығы және лаңкестікті қолдау атты айыптаулармен қатаң санкциялар салып келеді. Сондықтан Иранмен сауда қатынасы Тегеранға сатуға рұқсат етілетін өнімдерді саудалаумен іске асады. Ол әлемдік тәжірибе. Қазақстан әлемдік ойын шартын бұзбайтыны анық, сол себепті Иранға астық, сұлы, тары, қой еті мен әлеуметтік және ауыл шаруашылығы қажетті тауар түрлерін сатуды арттырмақ. Бұл туралы президенттің Иранға жасаған сапары барысында айтылды.

Иранның тағы бір артықшылығы ол Түркияға тікелей құрлық жолы арқылы бару мүмкіндігі. Ол үшін Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Түркия темір жолы мен көлік жолы ашылса жеткілікті. Бұл Түркиямен сауда қатынасын дамытатын мүмкіндік береді, ал Иран транзит үшін қаржы табады. Қазақстан билігінің Иран сапарында бұл мәселе де айтылды. Ресей әрине аталмыш маршрутқа қарсылық білдіреді, себебі Ресей билігі Орталық Азияда өз ықпалының әлсіреуіне әкелуі мүмкін жобалардың барлығына қарсы.

Иран мен Қазақстан басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың  мүшелері келесідей құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;

3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрлігі арасындағы талдамалық зерттеулер және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы екіжақты сауданы арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады  министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитіндегі  Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы меморандум;

7. «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

8. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Ұлттық мұнай компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

9. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасының Темір жолдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Қабылданған құжаттарға назар аударатын болсақ, үш сөзді бөліп айтуға болады. Ол сауда қатынасы және транзит, ақпарат саласы мен мәдениет. Міне, Иранмен осы салалар арқылы байланыс арттыру жиілемек. Қазақстан теміржолмен бірге Каспий теңізін екі ел арасындағы сауда қатынасын дамыту мақсатында қолдану қажеттігін баса айтты. Иран билігі Қазақстаннан ауыл шаруашылық өнімдерін еселеп алуға дайын екенін жеткізді. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуға драйв беруі тиіс. Ал Қазақстанның Ресей нарығынан өзге нарықтарды іздей бастауы мемлекеттік, ұлттық мүдделерге тиімді болмақ.

Асхат Қасенғали

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер