Еден де жуып, сабын да жасаған судья

845

Судья Нұргүл Сәулен Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Дэлүүн сумынында дүниеге келген. Әкесі Сәулен Моңғол еліне танымал дәрігер еді.
10-сынып бітірген кезінде Нұргүл әкесіне:
- Бастық екеніңізді білейін! Сіз мені жұмысқа тұрғызыңыз, оқуға кеткенше бір-екі ай болсын жұмыс істей тұрайын», - деген екен.
- «Аурухананы қайтесің?!» дегеніне қарамастан, қоярда-қоймай ауруханаға еден жуушы болып кірдім, – дейді Нұргүл бұл туралы естелігінде. – Бір күні түнгі ауысымға жұмысқа шықтым. Сөйтсем, «бүгін Сәкең кезекші» деп ауруханадағы науқастар мен медбикелер абыр-сабыр жүгіріп жүр екен. «Әкем кезекке шықса, соншама не болыпты?» – деп ойлап, ақырын құлақ түрсем, науқастар үйлерінен келген туыстарына: «Тамақ әкелмей-ақ қойыңдар, бүгін Сәулен кезекші», – деп жатыр екен. Ал медбикелер ақ желеңдерінің ішінен киген калың киімдерін шешіп әбігер. Әкемнің үйде өте жұмсақ болғанымен, түзде өте қатал, жұмысына талапшыл адам екенін сонда бір-ақ білдім. Бұл маған өмірлік бағдаршам іспетті болды.
1991 жылы 17 жасында Монғолиядан Семейге келіп, мұғалімдер колледжіне оқуға түседі. Оқып жүріп, бітіретін кезінде шетелге шығатын төлқұжатын жоғалтып алады. «Монғолияға үйіме кете алмай, жалғыз өзім аштан-аш, туыс-туған жоқ, әбден қиналдым. Үйдегілер Монғолиядан бұрынғы тұрған жатақханама телефон соғып, мені таба алмаған. Ал мені ол жатақханадан оқу бітіріп кетуіме байланысты баяғыда шығарып жіберген. Үйдегілерге хабарласатын ешбір мүмкіндік болмады тіпті. Сөйтіп, өлместің күнін кешіп, шетел төлқұжатына қол жеткізу үшін уақытша Семейдің ет комбинатына жұмысқа тұруға мәжбүр болдым. Еңбекақыны жақсы әрі тұрақты төлейтін жер еді. Сөйтіп, мен ет комбинатында сабын жасаумен айналыстым. Сабын малдың ішек-қарынынан жасалатындықтан, күлімсі иістің ортасында еңбек етуге тура келді. Осы жерден жатақхана алдым, – дейді артта қалған қиын күндері туралы Нұргүл Сәулен.
Кейін Қарағандыда заңгерлік жоғары білім алды. Ата-анасы да атамекенге оралды.
2004 жылы Алматыда Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі институтының магистратурасына түсті. Магистратура қабырғасында мемлекеттік тіл беделін көтеретін шараларға араласып жүрді. Магистрлерді қабылдау шарасында ант беру рәсімін мемлекеттік тілде өткізу туралы бастама көтерді. Институт ішінде және магистрлер ортасында тілге байланысты дау-дамай туындағанымен, Нұргүл өз дегенін орындайды. Еңбек жолы қарапайым еден жуушыдан басталып, ет комбинатында сабын да жасауды да бастан өткерген қайсар қыз он шақты жыл Екібастұз қалалық сотында судья болып еңбек етті. Моңғолиядан келген судьяға солтүстік өңірде жұмыс істеу оңай болған жоқ Акцентпен сөйлесе немесе жазудан грамматикалық қате жіберсе, орысшаға шорқақтығын бетіне басып, әріптестерінің өзі күлкі қылатын. Әйтсе де мен оған намыстанбай, түнімен орыс тілінде әдеби кітаптар оқып, өзіне талап қоюдан жалықпады. Бос уақытта сот ішінде және қала деңгейінде өтетін мемлекеттік тілді насихаттау шараларының бел ортасынан табылды. Және соттың іс қағаздарын, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу жұмыстарын алға бастырды.
Сот жүйесіне мемлекеттік тіл мәселесін енгізу бағытында атқарған жұмыстары үшін ҚР Жоғарғы Соты тарапынан мадақтама және бұрынғы Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі Комитет тарапынан, Астана қаласының әкімдігі атынан мемлекеттік тілге қосқан үлесі үшін алған марапаттары бар.
2022 жылдың 7 маусымынан Қостанай облысы Жангелді аудандық сотының судьясы қызметіне кірген Нұргүл Сәуленнің сот саласына, мемлекеттік тілді дамытуға қосар үлесі зор...

 

Жанаргүл Қадырова

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket