Жат жерде жерленгендер

5022
Adyrna.kz Telegram

Әлемде қазақ ұлты ұландарының табанының ізі қалмаған жер жоқ. Олардың бірі сонау алмағайып заманда туған елінен еріксіз жер аударылса, енді бірі тағдыр тәлкегімен өзге жерді қорғау кезінде ерлікпен қаза тапқан. Олардың біршамасына туған елдің топырағынан мәңгілік мекен табу жазбады. Алайда,  оларды ұмыту әсте мүмкін емес еді. Бүгін  біз  журнал  оқырмандарының  қызығушылығын  тудырар  деген ниетпен  журналист Ермек  Жұмахметұлының танымдық зерттеу еңбегін жариялап  отырмыз.  Ұрпақ тәрбиесі үшін танымдық мәні бар жұмыс алда жалғасын табатыны анық.

«Жат жерде жерленген адамдардың сүйегі тасып, қайнап жататын көрінеді. Мәйіт қашан өзі туған топырағына келіп қосылғанша ол процесс тоқтамайды екен. Сондықтан, сырттағы ел арыстарының сүйегін жинау мәселесін Елбасының алдына қоюымыз керек», – депті профессор Ақселеу Сейдімбеков ағамыз бір әңгімесінде.
Жапон елі Қазақстандағы мыңнан аса жерленген өз жауынгерлерінің сүйегін туған топырағына алып кетіп жатыр.
Адам баласының тағдыры табиғат сияқты құбылмалы. Өйткені, ол, сол табиғаттың бір бөлшегі. Уақыт өте келе өз табиғатына қосылады. Атақты украин халқының кобзары Тарас Шевченконың бір емес, екі рет жерленгенін еске алсақ та болады. Ақынды екінші рет Днепрдің Канево деген жерде табытты қабірге түсіріп жатқанда оның ақын досы Коцюбинский: «Тарас! Сенің бақытың енді басталды», – депті.
Рас, бірнеше қазақ тұлғаларының сүйегі туған елге қайтып әкелініп, құрметпен жерленді. Бірақ аз. Ал, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың қаншама жауынге­рінің сүйегі өзге елде қалды. Оны анықтап, зерттеп жүрген ешкім жоқ. Оны айтасыз, қазақ ұлтының жаужүрек ұлдары На­полеонға қарсы болған ұрыстарға қатысып, ерліктің үлгісін көрсеткенін ұмыт­пағанымыз абзал. Осы соғыста қызу қанды қаны қарайған қазақтар соғысу үшін казактармен қатар православ дінін қабылдаған дескен де әңгімелер бар. Орыс тарихшысы Юдин өз зерттеуінде: «Орта Азияның қыпшақ руынан 16 жігіт Орынбордағы казактар бөлімшесіне өтініш білдіріп, өздерін француздармен соғысуға жіберуін сұрайды. Олардың арасында 43 жастағы Таңатарова деген әйел майданға 6 ұлымен алынған. Соғысқа Табын руынан Бектемір Күлкин деген жауынгер де қатысқан. Бородино селосын өртегенде, ерлігімен көзге түскен жауынгер Майлыбаев күміс медальмен марапатталса, полк старшинасы Қарымбай Зиндягутов көгілдір ленталы Құрметті медаль алды» – деп жазыпты. Француздармен болған соғысқа Жантөре атты жауынгер әйелімен бірге қатысыпты. Олардың сүйектерінің қайда қалғаны белгісіз. Ал, Екінші дүниежүзілік соғыста Бас штабта құпия түрдегі шифровальчик болып қызмет етіп, кейін Берияның бұйрығымен атылған қазақ қызы Ақ­жібек Мұқашеваның сүйегінің қай жерге көмілгені бір Жаратқанға аян. Асық кетсек ғапыл еттім, үлкейгенде барар бағытынан адасып, басқа дінге өтіп кеткендер де бар арамызда. Әдетте, ұлты басқа жандар өздері қалаған қорымнан орын алуы үшін, мұндайда өзге дінді қабылдауы керек. Бүгінде Еуропаның көп бөлігінде қазақтар тұрады. Бір ғана Париждің өзінде 300-ден астам қазақ отбасылары тұрады екен. Олар қайтыс болған жақындарын Түркияға әкеліп жер қойнына беретін көрінеді.
Қазақ жауынгерлері Кавказда Ресейдің түріктермен болған соғысына да қатысқан. Олардың арасында рота, полк басқарған қазақ офицерлері де бар. Наполеонға қарсы соғыста опат болғандардың, Ресей әскерлерінің қатарында, Пугачев, Дутов әскерінің сапында соғысқан қазақ жауынгерлерінің нақты тізімі де, олардың қайда өлгені туралы мәліметтер жоқ. Біз өз зерттеуімізде қолға түскен азды-көпті мәліметтерді келтіруге тырысқан болдық.
Екінші дүниежүзілік соғыстан өлісі бар, тірісі бар Қазақстандық 350 мың жауынгер еліне қайтып оралмаған. 1944 жылы Түркістан өлкесінен шақырылған 65 мың легионерлер өлім құшып, сүйек­тері неміс даласында шашылып қалған. 900 легионерлер елге қайтудан қорқып, Еуропаның Югославия, Франция, Польша, Голландия, Словакия, Италия елдерін азат етуге қатысып, осы жерлерде қаза тапқан. Өзгесін айтпағанда, Кеңес Одағының Батыры атанған 200 қазақ жауынгерінің қабірінің қайда екенін ешкім білмейді.
Ел билеген хандардың өмірі де майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Соғыс жылдарында қаза тапқан арыс­тарымыз мұнымен шектелмек емес. Бізге мәлім болып отырғанындай, Финляндияда Ұлы Отан соғысы кезінде 500-ге жуық қазақ жауынгері тұтқынға түсіпті. Олардың шамамен 19-ы қайтыс болып, төртеуі ғана немістердің қолына беріліпті. Қалған 475 азаматымыздың тағдыры белгісіз немесе олар жайлы мәліметтер шаң басқан құжаттардың арасында белгісіз болып қалған. Сондай-ақ, Францияда, Испанияда бір топ соғыс тұтқындарының қабірінің бар екендігі айқындалып отыр. Бұл тек ұлты қазақ соғыс тұтқындары жайлы мәліметтер ғана. Ал, біз білмейтіні қаншама?!
Соңғы бір ғасырдың ішінде Өзбекстан, Қырғызстанда өмір сүріп жатқан отандастарымыз төлқұжаттарына өздері өмір сүріп жатқан елдің ұлтын жазып, өмірден сол күйі бәз кешіп кеткені де жасырын емес. Олардың қызметте жүрген бірлі-жарымы болмаса, басым көпшілігі өздерінің қазақ екенін білетіні анық.
Мәселен, Қырғызстанда 2009 жылғы жалпы республикалық санақта 33 мың 198 адам өздерін қазақ ұлтының өкілі екенін білдіріпті. Ал, 1999 жылғы санақта олардың саны 42 мың 657 болған көрінеді. Сол сияқты Өзбекстандағы қазақтардың саны да соңғы санақта миллионға жетпеген. Тәуелсіздігіміздің алдында олардың саны 1 миллион 600 мыңнан асып жығылатын. Олардың жартысы өздерінің тарихи отанына көшті дегеннің өзінде көпшілігінің су ішіп, күл төккен жерінде дамыл тапқанын жоққа шығара алмасымыз анық.
Жалпы, тіршілік танымында қабір – тұнып тұрған тарих. Демек, ол мәдениеттің тарихи болмысы.
Шоқан Уәлиханов – қазақ молалары мен ескерткіштерін көп зерттеген адам. Қазақтың қай асылының моласы қандай жағдайда екеніне көңіл бөлген. Осы сауапты іске көңіл қойған «Егемен Қазақстан» газеті өткен жылы елімізге белгілі қазақ қайраткерлерінің сүйегінің қайда жерленгенін іздестіріп, ғибадатты жұмыс бастаған-ды. Бірақ, игі бастама жарты жолда үзіліп қалды. Бүгін біз газет бастаған сол бастаманы одан әрі жалғастырып, оны жаңа мәліметтермен толықтырып отырмыз. Осылайша, біз өткен тарихымызды түгендеп, оған мемлекеттік дәрежеде көңіл бөліп отырған кезімізде шет елдерде жерленген тұлғаларды да еске алғанды жөн көрдік. Зерттей келсек, құс қанаты талатын Еуразия құрлығының картасында алаш ұлдарының аяғы жетпеген жер болмай шықты. Енді, cоған назар аударып көрейік.

Ауғанстанда жерленгендер

Тоқмырза Төсұлы – Сыр бойындағы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті бас­шыларының бірі. Ақмырза ишанның бауыры. Туған, өлген уақыты белгісіз. Кө­теріліс жеңіліске ұшыраған соң, қызылдың құмы арқылы Ауғаныстан асқан. Осы жерде дүние салған. Қазір ұрпақтары Түркия елінде тұрады.

Ресейде жерленгендер

Қадырғали Жалайыри (1530-1605) – атақты ғалым, шежіреші. Тәуекел ханның сарайында қызмет етіп, ақылшы міндетін атқарған. Оразмұхаммед сұлтанмен бірге Ресей патшасы Годуновтың қоластында аманатта болған. 1602 жылы жарық көрген «Жылнамалар жинағы» еңбегінің авторы. Ұлы ғұлама Ресейдің Рязань облысы, Қасымов қаласындағы мұсылмандар қо­рымына жерленген. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, біз Қасымов қала­сында болып, ұлы бабамыздың басына тағзым еттік.
Ораз Мұхаммед – Қасым патшалығының ханы. Ұзын-Оқты Ондан сұлтанның баласы. Қазақ ханзадасы Ораз Мұхаммед Қасым патшалығын 10 жыл басқарған.
Ұлық хан Рязань облысы, Қасымов қаласында жерленген.
Бөкей хан Нұралыұлы (туылған жылы белгісіз,–1815) – Бөкей Ордасының ханы. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын 1580 жылдан Ресей патшалығы иеленіп келген. Бөкей хан Ресей патшасы ІІ Павелден қазақтардың осы жерге қоныстануына рұқсат алды. Осылайша, Бөкей Ордасының іргесі қаланып, еліміздің батысындағы Ресеймен арадағы шекара шегенделді. Бөкей хан 1815 жылдың 21 мамырында көз жұмды. Зираты қазіргі Ресейдің Астрахан облысы Красный Яр ауданы Малый арал ауылына жақын жерде.
Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896) – қазақтың ұлы күйшісі. «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Балбырауын», «Қуаныш», «Көбік шаш­қан», «Кішкентай», сынды отызға тарта күйдің авторы. Күйшінің сүйегі Астрахан облысына қарасты Құрман­ғазы төбе деп аталатын жерге қойылған.
Әлихан Бөкейхан – Алаш қайраткері. 1866 жылы 25 наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын бо­лысының 7-ші ауылында дүниеге келген. (Қазіргі Қарағанды облысы, Ақ­тоғай ауданы, Қызыларай ауылы) Ұлт тарихында өшпес із қалдырған, Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі бар байлығы қазаққа қызмет етуін армандап өткен аса көрнекті тұлға. 1937 жылдың тамызында нақақ жаланың құрбаны болып, Мәскеуде ату жазасына кесілген. Нығмет Нұрмақов екеуі бір күнде атылған. Ұлт көсемі 1989 жылдың 14 мамырында КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен ақталды. Қарағандылық бір топ зиялы азаматтар Мәскеуге барып, арыс азаматтардың басына ескерткіш тақта орнатқан.
Серқұл Алдабергенов – Алаш қай­раткері. 1883 жылы Қызылорда облысы, Жаңа­қорған ауданы, Төменарық ауылдық округінің аумағында дүниеге келген. Әкесі Алдаберген қажылық сапарында дүние салған.
С. Алдабергенов 1904-1912 жылдары Пе­ровскіде уезд бастығының орынбасары қызметін атқарған. 1912 жылы Төменарық болысының басқарушысы. Ташкентте Мұстафа Шоқай арқылы «Кеңес» үйірме­сінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға тартылған.
1917 жылы Орынборда өткен бірінші Жалпықазақ съезіне Сырдария облысының атынан М. Шоқаймен бірге қатысқан.
1934 жылы 28 маусымда С.Ал­да­бер­­­­генов қамауға алынып, оған контр­рево­люциялық ұйымның басшысы, жер­гілікті халықты ауа көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, 1935 жылы 25 наурызда КСРО НКВД-ның айрықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз.
Бегайдар Аралбаев Жантөреұлы – Түркістан ұлттық әкімшілік элитасының көрнекті өкілі. 1896 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының қазіргі Сүттіқұдық ауылдық округіне қарасты жерде туған. 1917 жылға дейін болыстық, уездік мекемелерде түрлі қызметтер істеген. Уақытша Үкіметтің Шиелі болы­­сында милиция комиссары болып істеген. 1920 жылы Перовск уездік атқару комитеті саяси бюросы меңгерушісінің орынбасары, Сыр­дария облаткомының бөлім меңгерушісі, хатшысы болып қызмет істеген. 1922-1924 жылдары ТАКСР Ішкі істер халкомы, Түркіатком Төралқасының мүшесі, 1923 жылы Түркіатком төрағасының міндетін атқарған. 1924 жылы ТАКСР Жоғарғы Сотының төрағасы. 1924-1925 жылдары Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда қаласында өткен республика кеңестерінің V съезінде Қазақ Орталық Атқару Комитетінің хатшысы болып сайланған.
1946 жылдың наурызында босатылып, Самарқанд қаласында Жібек маталар фабрикасының директоры, кейін Ташкент облысының Шыназ ауданында ферма басқарушысы, мұрап болып қызмет істеген. 1948 жылы қайтадан қамауға алынып, жер аударылған. 1949 жылы Красноярск өлкесі, Енисей ауданы, Хохлово лагерінде қайтыс болған. Сүйегі осы жерде қалған.
Бектауыл Баубек – Кенесары – Нау­рызбай бастаған ұлт-азаттық көте­рілісіне бастан-аяқ қатысқан тарихи тұлға, батыр. 1820 жылы дүниеге келіп, 1884 жылы дүние салған. Руы – Қарауыл. Батыр Кенесары көтерілісінің рухын 16 жыл айдауда жүріп, сонау Түмен жерінде өмірінің соңына дейін жалғастырған. Батырдың асыл сүйегі Түмен облысы, Ешім қаласының жанындағы Қызылту деген жерге жерленген.
Шаймерден Әлжанов – қоғам қай­­раткері. «Үш жүз» партиясын құру­шылардың бірі. 1876 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, 1918 жылы Омбы қаласында Колчак әскерлерінің қолынан қаза тапқан. 1913 жылы революциялық істерге араласып, қазақ жастарын ұлтқа қызмет етуге шақырып, саяси танымдарын ашқан.
Сәлімгерей Жантөрин (1864-1926) – ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, меценат. Атақты «Ғалия» медресесін салуға қаржылай ық­пал еткен, «Әл-Ғалами әл-Ислами» (Мұсылман әлемі) діни-саяси газетінің құрылтайшысы һәм идеялық бағыттаушысы болған. Алаш партиясының көсемдерімен араласып, оларға қолдау көрсеткен. І Мемлекеттік Думаның мүшесі. Мемлекеттік Дума депутаттығына сайлауға қатыстыру үшін өзіне тиесілі жердің бір бөлігін Санкт-Петербург университетінің студенті Мұстафа Шоқайға берген. 1926 жылы Қазанда жұмбақ жағдайда өмірден озған Сәлімгерей Жантөрин Уфада жерленді.
Халел Ғаббасов – Алаш қозғалысының қайраткері. 1888 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. 1930 жылы «халық жауы» ретінде тұтқынға алынып, 1931 жылы ұзақ жылдарға сотталған. Кейінгі өмірі белгісіз.
Жүсіпбек Аймауытов – ХХ ғасыр басында қазақ халқының азаттығы үшін күрес­кен ұлт қайраткері. Алаш қозға­лысының өкілі, қазақ әдебиетінің классик жазушысы, ағартушы ғалым. 1889 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Қызылтау атырабында дүниеге келген. 1929 жылы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқынға алынып, 1930 жылы 31 сәуірде Алаш қайраткерлері Әуезов театрының алғашқы директоры Дінше Әділов, әдебиетші Әбдрахман Байділдин, журналист Ахмедсафа Юсупов төртеуі Лениннің туғанына 60 жыл толар қарсаңында құрбандыққа шалынған. Ресей астанасы Мәскеуде жерленген Аймауытовтың қабірін 1973 жылға дейін белгісіз біреулер тазалап, күтіп тұрған. Кейін зират үсті тегістеліп кеткен.
Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – Алаш қай­раткері. ХХ ғасыр басында қазақ поэ­зиясының көгінде жарқырай жанған жұлдыз. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген алашшыл, азатшыл ақын қызыл саясаттың құрбаны болған. Ақынның қайда өлгені туралы нақты дерек жоқ. Зерттеушілер Мағжанның сүйегі Ресейдің Магадан облысы, Сусуман ауданы, Берелех поселкесінің жанындағы зиратта жатыр деседі. Ресми дерек бойынша ақын Жаңалықта жерленген.
Ахмет Баржақсин – қоғам және мем­лекет қайраткері. 1894 жылы Ақмола облы­сында дүниеге келіп, 1935 жылы Омбы қаласында қайтыс болған. 1915 жылы «Мың бір мақал» кітабы, қазақ, орыс тілдерінде шыққан.
Сұлтан Сегізбаев – 1889 жылы Таш­кент уезі, Жағалбайлы аулында (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы) дүниеге келген. Мемлекет және партия қайраткері. 1939 жылы 25 ақпанда Мәскеу қаласында қайтыс болған. Репрессия құрбаны.
1916 жылы Орта Азиядағы көтеріліске, 1921 жылғы Кронштад бүлігін басуға қатынасқан. Орта Азиядағы басмашыларға күресті ұйымдастырушылардың бірі. 1923 жылы Ферғана облыстық партия комитетінің хатшысы, «Ферғана» газетінің редакторы, Түркістан Орталық партия комитеті үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. 1928-1930 жылдары Қызыл профессура институтын бітіріп, осы оқу орнында декан болып істеген. 1932 -1936 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызметтер атқарған. 1937 жылы КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты. 1937 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Өзбек ССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болған. 1938 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланған. 1938 жылы 12 қаңтарда қамауға алынып, атылған. Ақталған.
Мұхаммед-Мақсұт Бекметов – қоғам қайраткері, публицист. 1883 жылы Семей облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келіп, 1912 жылы Орынбор қаласында қайтыс болған.
Мырзағазы Есполов – Алаш қозға­лысының қайраткері, журналист. 1896 жылы Қостанай облысында дүниеге келіп, 1936 жылы Соловецк лагерінде азаппен қайтыс болған.
Дәулетше Күсепқалиев – Алаш қайрат­кері, дәрігер. 1870 жылы дүниеге келіп, 1944 жылы Екатеринослав уезі, Старосербск қаласында белгісіз жағдайда қаза тапқан.
Айдархан Тұрлыбаев – Алаш қозға­лысының қайраткері. 1877 жылы Ақмола облысы, Көкшетау уезінде дүниеге келіп, 1937 жылы Омбы қаласында саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болған.
Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова (1903-1971 ж.ж) – Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың қызы, даңқты қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың жары. Дәрігер-терапевт, медицина ғылы­мының докторы. ІІ Дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанған. 1971 жылы Мәскеу қаласында ауыр науқастан қайтыс болған.
Мәриям Сейдалина – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі, белгілі заңгер Жансұлтан Сейдалиннің қызы, ұлт қайраткері Сейілбек Жанайдаровтың зайыбы. І дүниежүзілік соғыстағы қазақтарға көмек көрсету үшін жарымен бірге майданға аттанып, сонда қайтыс болған. Невель қаласында жерленген.
Нығмет Нұрмақов (1895-1937 ж.ж) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламгер-публицист. 1895 жылы 25 сәуірде Қарқаралы уезіне қарасты Қу болы­сында дүниеге келген. «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журна­лының редакторы болған. Республика Жоғарғы Трибуналының төрағасы. Әділет комиссары, сот төрағасы қызметтерін атқарған. 1937 жылы 3 маусымда Мәскеуде тұтқындалып, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановпен бір күнде, бір статьямен Мәскеуде атылған.
Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) – мем­лекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Кеңес өкіметінің ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрған тұлғалардың бірі. Астананы Орынбордан Қызылордаға көшіруде, бұрмаланып келген «киргиз» деген атты «қазақ» деп түзетуде ерен қайрат көрсетті. 1938 жылы ату жазасына кесілген тұлға 1957 жылы ақталды.
Нәзір Төреқұлов (1892-1937) – мем­лекет және қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дипломаттардың бірі. КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дәреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат 1937 жылы ату жазасына кесілген. Нәзірдің атылғанына наразылық ретінде Сауд Арабиясы Кеңес Одағымен 39 жыл бойы қарым-қатынас жасаудан бас тартқан. Қазір Сауд Арабиясында Нәзір Төреқұлов атындағы орталық пен көше бар.
Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – мем­­лекет және қоғам қайраткері. 1894 жы­лы бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Талғар болысында дүниеге келген. Түркістан АКСР-інің Денсаулық сақтау халық комиссары болған. Кеңестер Одағының Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілген. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынған. 1938 жылы 10 ақпанда Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болған. Осында жерленген.
Ғани Мұратбаев (1902-1925) – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. 1902 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленген. Ғанидың өмір жолын суреттейтін «Біздің Ғани», «Осындай қысқа ғұмыр» атты фильмдер түсірілген.
Ахмет Бірімжанов (1871-1927) – Алаш жұртының азаттығы үшін күрескен тұлға. Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ленинградта қайтыс болған Ахметті ақтық сапарға Ә.Бөкейханов, Ә.Сейдалин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, ұлы Батырбек және татар зиялылары шығарып салған. Сүйегі Ленинградтағы Волков зиратында жатыр.
Қайырболат Майданов (1956-2000) – Ауғанстандағы соғыста Кеңес Ода­ғы­ның батыры атанған жалғыз қазақ. Ау­ған жерінде барлығы 1250 тапсырманы орындап, 1100 сағат уақытын әуеде өткізген. Қарулас достары «летчик от Бога» деп бағалаған. 2000 жылы Шешенстандағы соғыста ерлікпен қаза тапқаннан кейін Ресей Федерациясының батыры атағы берілді. Қазақтың қыран қанатты қаһарман ұлы Санкт-Петербургте жерленген.
Әбен Атамқұлов – туған, өлген мерзімі белгісіз. Алаш қайраткері, ақын. Ресейдің Ярославль облысы, Рыбинск қаласының маңындағы «Вол­галаг» түрмесінде отырған. Осы жерде азаппен қайтыс болып, осында жерленген.
Физули Ақатұлы – ақын Шәкәрімнің немересі, Ақаттың баласы. Туған, қайтыс болған кезі белгісіз. Ростов облысында әскери міндетін өтеп жүрген кезінде оқыстан қаза тапқан, осы қалада жерленген.
Майнұр Шоқабаева – 1907 жылы 6 қа­рашада дүниеге келген. Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың жұбайы. 1964 жылы Мәскеу қаласында дүние сал­ған. Сүйегі Рижск вокзалы жанына таяу орналасқан Пятницкий қорымына қойылған. Қорым –5 участок.
Ерік Құрманғалиев (1959-2007) – әйгілі опера әншісі, актер. Кейбір деректер бойынша, КСРО-дағы тұңғыш контратенор (операдағы ерлер дауысының ең жоғарғы диапазоны). 1988 жылы Бостонда өткен музыка фестивалінен кейін америкалық БАҚ-тар оны бірауыздан «Феномен» деп бағалады. 1992 жылы «Мадам Баттерфляй» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресейде «жылдың үздік актері» атанған. Аса сирек кездесетін дауыстың иесі 2007 жылы көз жұмып, Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленген.
Қамбар Медетов (1901-1938) – атақты күйші, өнер қайраткері. Күйшілік өнерімен Сталиннің өзін таңғалдырған. 1937 жылы репрессияға ұшырап, жер аударылған күйші Солтүстік Қиыр Шығыста қайтыс болған. Қайда жерленгені белгісіз.
Арынғазы хан Әбілғазизұлы – (1758-1833) көрнекті мемлекет қайраткері, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі, дәулескер күйші. Халқына жағымды болғаны үшін ел аузында «Тыным хан» атанған. 1823 жылы патшалық Ресей үкіметі оны қапыда алдап қолға түсіріп, Калугаға жер аударған. Арынғазы хан айдауда жүріп, белгісіз жағдайда қайтыс болған.
Қазыбай Қараев – 1770 жылы дүниеге келген. Шоқынып, өзіне Николай Черныш деген есім алған. Әлім руынан. 1812 жылғы Отан соғысында полк командирі болған. Ерлігі үшін Әулие Анна орденімен марапатталған. Қандасымыз тарихта «халықтар шайқасы» аталып кеткен Польшада, Германияда, Францияда болған шайқастарға қатысқан. 1814 жылы Франция астанасы Парижге өз полкімен кіріп, Сенат төбесіне ту тіккен. Мәскеу қаласында белгісіз жағдайда қаза тапқан.
Әкім Болатов – ұлты қазақ. Жастайынан жетім қалып, Орск (Жаманқала) казактарының тәрбиесінде болған. Шоқынды, өзіне Аким атын алып, фамилиясын Болатов деп қалдырған. Әкесі Пугачев әскерінде болған. Әскери атағы – полковник. Атты әскер корпусының командирі. Әкім Болатов 1792 жылы Прага үшін болған соғысқа қатысқан. Мәскеуді азат ету кезінде жау қолынан қаза тапқан.
Ахмет Сафа Юсупов – ағартушы, қайраткер. «Еңбекші қазақ» газетінде қыз­мет істеп жүргенде, 1929 жылы 29 қаңтарда тұтқындалған. 1930 жылғы 31 сәуірде Алаш күрескерлері Әуезов театрының ал­ғаш­қы директоры Дінше Әділов, әде­биетші Әбдрахман Байділдин, жазушы Жүсіпбек Аймауытов төртеуі Лениннің туғанына 60 жыл толуы қарсаңында құрбандыққа шалынған. Денесі Мәскеуде Ваганьков қорымына жерленген.
Ділмұхамед (Дінше) Әділов – Алаш қайраткері, ағартушы. 1900 жылы бұрынғы Сырдария облысы, Сарысу уезінде дүниеге келген. Ташкент университетінде оқыған. 1928 жылы желтоқсан айында Қызылордада ұлттық театр директоры қызметін атқарып жүргенде қамалған. 1930 жылы 4 сәуірде ОГПУ-дің қаулысымен Алаш күрескерлері жазушы Жүсіпбек Аймауытов, журналист Ахмедсафа Юсупов, әдебиетші Әбдрахман Байділдин төртеуі Лениннің туғанына 60 жыл толуы қарсаңында құрбандыққа шалынған. Ату жазасы туралы шешім Бутырка түрмесінде 21 сәуірде орындалған.
Асыл азамат 1988 жылы 4 қарашада ақталған. Денесі Мәскеуде Ваганьков қорымына қойылған.
Әбдірахман Байділдин – қазақ оқы­ғаны, әдебиетші-ғалым. 1930 жылы 31 сәуірде Әуезов театрының алғашқы директоры Дінше Әділов, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, журналист Ахмедсафа Юсупов төртеуі Лениннің туғанына 60 жыл толуы қарсаңында тұтқынға алынып, ОГПУ-дің қаулысымен ату жазасына кесілген. Есіл ер 1989 жылы 16 қаңтарда ақталған. Сүйегі Мәскеуде, Ваганьков қорымына қойылған.
Зияда Әбенұлы Әбенов – қазақ зиялысы, ғалым. 1938 жылы 10 маусымда КСРО Әскери алқа ұйғарымымен ату жазасына кесілген. Осы жылғы 27 қыркүйекте атылған. 1958 жылы ақталған. Денесі Мәс­кеу облысы, Ленин ауданы, Бутово поселкесіндегі қорымға қойылған.
Ғазымбек Бірімжанов – ұлт қай­раткері. 1896 жылы Ақтөбе облысы, Тор­ғай уезінде дүниеге келген. Берлин уни­верситетін бітірген. Беломор каналы құрылысын салуға қатысқан. Карель АСС-інде тұрған. 1937 жылы 9 қазанда тұтқындалып, 1938 жылы 19 наурызда атылған. 1989 жылы ақталған. Сүйегі Мәс­кеу облысы, Ленин ауданы, Бутово поселкесіндегі қорымға қойылған.
Әлікбай Қосаев – Кеңес Одағының батыры. 1905 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, 1941 жылы Волоколамск ауданы, Дубосекова селосында ерлікпен қаза тапқан.
Ыбырайым Сүлейменов – Екінші дү­ниежүзілік соғыстың қаһарманы. 1911 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Невель қаласы үшін болған соғыста ерлікпен қаза тапқан. Денесі осында жерленген.
Төлеген Тоқтаров – Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, 1942 жылы Мәскеу облысы Бородино селосы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
Тұрсынбай Балта Керей – батыр, қолбасшы. 1707 жылы Есіл маңында дү­ниеге келіп, Челябинск облысы, Итиль ауданында жоңғарлармен болған ұрыста қаза тапқан.
Қожахмет Тышқанбаев – Кеңес Одағының батыры. 1916 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Керчь түбегінің Геровское кентінде ерлікпен қаза тапқан.
Ораз Исаев – партия және мемлекет қайраткері. 1899 жылы бұрынғы Орал облысы, Ілбішін уезі, Қарасу болысында дүниеге келген. Қазақстан Өлкелік бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы, Халком төрағасы қызметтерін атқарған. 1938 жылы 31 мамырда тұтқындалып, сол жылғы 29 тамызда атылған. 1956 жылы 19 мамырда ақталған. Денесі Мәскеу облысы, Ленин ауданы, Бутова поселкесіндегі ортақ қорымға жерленген.
Мұхамбет Машимов – техника ғылым­дарының докторы, профессор, Ресей әскери инженерлік академиясының академигі, Ресей Федерациясының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, полковник.
КСРО Қорғаныс министрлігі Ғылыми зерттеу институты бастығының орынбасары Мұхамбет Машимов Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында 1930 жылы дүниеге келген.
Декарт сыйлығының лауреаты. 2001 жылы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында дүние салып, осында жерленген.
Ақжібек Мұқашева – КСРО Бас штабы Бас барлау басқармасының шифровальшигі. Құпия есімі – Алена. «Қызыл капелла» құпия ұйымының ең белсенді агенті, Еуропаның көптеген қалаларындағы Кеңес барлаушыларының сенімді байланысшысы болған. Қиыр Шығыстағы Кеңес барлаушысы Рихард Зоргенің сенімді өкілі ретінде одан ақпараттар алып отырған.
Ақжібек Темірғалиқызы 1942 жылы желтоқсан айында Брюссельдегі кеңес барлаушылары ісінің ашылып қалуы салдарынан қамауға алынып, РСФСР қылмыстық кодексінің 58-бабы бойынша 25 жылға сотталып, соңынан ату жазасына кесілген. Жерленген жері белгісіз.
Мұрат Байғарин – «Курск» суасты атом кемесінің ІІІ рангалы капитаны. 2001 жылы Солтүстік теңізде «Курск» суасты кемесі апатқа ұшырап, 115 адам қаза тапты. Оның ішінде біздің жерлесіміз ІІІ рангалы капитан Мұрат Бақтиярұлы Байғарин де болды.
Мұраттың денесі Санкт-Петербург қаласында жерленді.
Талант Әмитжанұлы Бөрқұлақов – Сыр бойының тумасы. 1947 жылы дүниеге келген. Сүңгуір кемелер құрамасының саяси-тәрбие жұмыстары бөлімінің бастығы, І рангалы капитан.
1989 жылы Норвегияның Медвежий аралында КСРО-ның №1 атом-сүңгуір кемесінде болған апатта ерлікпен қаза тапқан.
Денесі Горький қаласында жерленген.
Смағұл Сәдуақасов – мемлекет қай­раткері. Мәскеу көлік инженерлері институтын бітірген. «Кедей сөзі» газетінің редакторы. 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, 1933 жылы Мәс­кеуде қайтыс болған. Бірнеше прозалық шығар­малардың авторы. Арыс азаматтың асыл сүйегінің күлі салынған қобдиша Қарағандылық бір топ азаматтың бастамасымен ел ордамыз Астана қаласына әкелініп, арулап жер қойнына берілді.
Қанай Боранбаев – Алаш қайраткері. 1896 жылы Жетісу губерниясы, Алматы уезіндегі Қастек болысының 2 ауылында дүниеге келген. Варшава университетінің заң факультетінде білім алған. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан. ҚАССР Әділет халық комиссары, Республика Бас прокуроры қызметтерін атқарған. 1933 жылы халық жауы ретінде қамауға алынады. 1938 жылы үштіктің шешімімен өлім жазасына кесіліп, Магаданда атылады. Сүйегі осы жерде қалады.
Жанша Сейдалин – қоғам қайраткері, заңгер. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. 1877 жылы Қос­танай облысында туып, 1923 жылы Орынбор қаласында қайтыс болған.
Асылбек Сейітов – Алаш қозғалысының қайраткері. 1894 жылы дүниеге келіп, 1937 жылы контрреволюциялық қозғалысқа қатысты деген айыппен тұтқындалып, Омбы қаласында ату жазасына кесілген. Томск университетінің дәрігерлік факуль­тетін бітірген.
Темірболат Телжанов – қоғам қай­раткері. 1898 жылы дүниеге келіп, 1938 жылы Ленинград қаласында атылған. Қазақ оқығаны, Ленинград Политехникалық институтын бітірген.
Көлбай Төгісов – қоғам қайраткері, журналист. Омбыда «Үш жүз» партиясын құрған. 1879 жылы Семей облысында дүниеге келіп, 1919 жылы Омбыда қаза тапқан.
Қошке Кемеңгеров – Алаш қайраткері. 1896 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, 1937 жылы Омбы қаласында атылған. Проза, драматургия саласында бірнеше еңбегі бар.
Шәймерден Қосшығұлов – мемлекет қайраткері. ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған. 1869 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, 1932 жылы Омбыда саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған.
Ахмет Мәметов – Алашорда қай­раткері, дәрігер, ағартушы, ақын, журналист. 1895 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, 1938 жылы Астрахань губерниясында үштік шешімімен атылған.
Сейдәзім Қадырбаев – Алашорда қозғалысының қайраткері. 1885 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Мемлекеттік істерде құқық саласында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 1938 жылы қамауға алынып, 1938 жылы Воронеж қаласында атылған.
Қопа Қобландин – мемлекет және қоғам қайраткері. Қарақалпақстан АКСР-інің Орталық Атқару комитетінің мүшесі. Қазақстанда облыстық, аудандық атқару комитеттерінің төрағасы болған. 1896 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1937 жылы Тәжікстанның ІІХК (НКВД) шешімімен Магаданға жер аударылып, осында атылған.
Серқұл Алдаберген – Алаш қозға­лысының қайраткері. 1883 жылы Қызыл­орда облысында дүниеге келіп, 1935 жылы Красноярск өлкесіне жер аударылып, белгісіз жағдайда қайтыс болған.
Бегайдар Аралбаев – мемлекет қай­раткері. 1896 жылы Қызылорда облы­сын­да дүниеге келіп, 1949 жылы Красноярск өлкесі, Енисей ауданында қайтыс болған.
Әбдірахман Байділдин – қоғам қай­раткері. 1891 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, 1931 жылы Мәс­кеу қаласында қайтыс болған. «Жаңа әліппе», «Оқу қызметкерлеріне жолбас­шы», «Оқытушылар мен кәсіпшілер қоз­ғалысы» еңбектерінің авторы.
Болатбек Жетпісбаев – генерал-лейтенант (КНБ-ФСБ). Өмірінің соңғы жылдары Ресей Федеральдық қауіпсіздік қызметінде кеңесшілік қызмет атқарған. 2013 жылы 20 сәуірде Мәскеуде жерленген.
Оразақ Ақбауов – Кеңес Одағының батыры. 1985 жылы Орынбор облысынын, Новоорск ауданында қайтыс болып, осы жерде жерленген.
Аман Байбатырұлы – ақын, 1812 жылғы орыс-француз соғысына қатысушы. Наполеон соғысында ұлы ерлік көрсеткен.
Аман Байбатырұлы Париж қаласына басып кірген алғашқы жауынгердің бірі. Ресейге қайтып оралып, осында қайтыс болған.
Нарынбай Жанжігітов – Наполеон соғысына қатысушы. 1814 жылы Кутузов армиясының құрамында Парижге атты әскермен кірген. Белгісіз жағдайда Ресейде қаза тапқан.
Нұркен Әбдіров – Кеңес Одағының батыры. 1919 жылы Қарағанды облысында дүниеге келіп, 1942 жылы Ростов облысы, Боковский ауданында қаза тапқан.
Денесі осы ауданның Коньков селосында жерленген.
Сұлтан Баймағамбетов – Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы Қостанай облысында туылып, 1943 жылы Ленинград облысы, Киров ауданы, Синявина селосында ерлікпен қаза тапқан. Денесі «Синявина шоқысы» әскери мемориалындағы бауырластар зиратына жерленген.
Әбілқайыр Баймолдин – әскери қайраткер, Невель қаласының тұңғыш әскери коменданты. 1909 жылы Павлодар облысы, Лебяжье ауданында туылып, 1944 жылы Невель қаласында ерлікпен қазақ тапқан. Денесі осында жерленген.
Бақсары Райжанұлы – қазақ батыры. 1680 жылы дүниеге келіп, 1779 жылы Қорған облысы, Монушин ауданында қайтыс болған. Сүйегі осы жерде жерленген.
Бармақ Мұхаммедқалиұлы – батыр, қолбасы. 1703 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туылып, 1760 жылдары Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданында қаза тапқан. Денесі осы жерге қойылған.
Көшім хан – 1510-1520 жылдар ара­лығында Арал теңізі жағалауының Сол­түстік бөлігінде Алты ауыл ұлысында дүниеге келген. 80 жасында өмірден өткен. Өмір бойы Сібір үшін күресіп, Түмен, Тар, Тобольск бекіністерін орнат­қан. Орыс отарлаушыларының қазақ даласына басып кіруін бір ғасыр бойы тежеген. Денесі Сібір өлкесінде қалған.
Сүзге ханым – Көшім ханның әйелі. Туған, өлген уақыты белгісіз. Ставкасы Іскер қаласында орналасқан. Қалашық Тобыл қаласының жанында үлкен төбешік болып әлі күнге дейін тұрған көрінеді. Қалашық жау әскерінің қолына түскенде, ар-намысын таптатпауды ойлаған ханша өз-өзіне қанжар салып, қаза тапқан. Сүйегі осы маңда қалған.
Сүйінбике ханым. Қолбасшы Жүсіп мырзаның қызы. Сүйінбике Арал теңізі маңында дүниеге келген қыпшақ қызы. Қазан хандығына билік жасаған. Қаланы Иван Грозныйдан қорғап, ерлік көрсеткен. Қазан кремлінде Сүйінбике ханымға үлкен ескерткіш соғылған. Алтын Орданың күйреуінен кейін, Рязань түбіндегі Қасымов қаласын билеген Шаһқалимен отасқан. Осы жерде қаза тауып, Ока теңізі бойындағы мұсылмандар зиратына қойылған.
ХV ғасырдың екінші жартысы мен ХVІ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген ірі ақын Доспамбет Азау қаласында дү­ниеге келіп, 1523 жылдың басында Астрахань түбінде қаза тапқан. Жерленген жері де осы жер делінеді.
Амантай Дәулетбеков – Кеңес Ода­ғының батыры. 1917 жылы Қарағанды облысында дүниеге келіп, Курск облысы, Поныри ауданы, Поныри кентінде ерлікпен қаза тапқан. Осында жерленген.
Рамазан Елебаев – композитор. 1910 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Ново-Сокольники қаласында ерлікпен қаза тапқан.
Нарсұтбай Есболатов – Кеңес Ода­ғының батыры. 1913 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, Мәскеу үшін болған соғыста 1941 жылы ерлікпен қаза тапқан. Дубосеково разъезінің Нелидово ауылында Бауырластар зиратында жерленген.
Саптар Естемісов – Кеңес Одағының батыры. 1920 жылы Жамбыл облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Смоленск облысының Пречистень ауданы, Коноплянка деревнясында ерлікпен қаза тапқан.
Бердіғали Игіліков – 1910 жылы дү­ниеге келген. Әскери қолбасшы, гене­рал-майор. Армия қолбасшысының көмекшісі, дивизия командирінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1980 жылдары Мәскеуде қайтыс болған.
Төлен Қабылов – Кеңес Одағының батыры. 1917 жылы дүниеге келіп, 1945 жылы Калининград облысы, Чкалов қаласында дүние салған. Осында жерленген.
Жүнісбай Қайыпов – Кеңес Одағының батыры. 1917 жылы дүниеге келіп, 1944 жылы Новгород облысы, Батецкое селосында ерлікпен қаза тапқан.
Мәншүк Мәметова – Кеңес Одағының батыры. 1922 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Псков облысы, Новель қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
Әлия Молдағұлова – Кеңес Одағының батыры. 1924 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келіп, 1944 жылы Псков облысының Новосокольники ауданы, Казачиха деревнясында ерлікпен қаза тапқан. Денесі осы деревняда жерленген.
Боран Нысанбаев – Кеңес Одағының батыры. 1918 жылы Атырау облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Орел облысы, Лески деревнясы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Денесі Покров ауданы, Дросково деревнясында жерленген. Батыр қаза тапқан жерде ескерткіш қойылған.
Ғаяз Рамаев – Кеңес Одағының батыры. 1921 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, 1943 жылы Волгоград қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
Мұсабек Сеңгірбаев – Кеңес Ода­ғының батыры. 1917 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, 1941 жылы Волоколамск ауданы, Дубосеково разъезінде ерлікпен қаза тапқан. Денесі Нелидова селосындағы «Бауырластар зиратына» қойылған.
Қалжан Қоңыратбайұлы – 1877 жылы Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Шиелі болысында дүниеге келген. ҚазЦИК мүшесі, әдебиетші. Фольклор жинақтаушы ретінде репрессияға ұшыраған. 1937 жылы 30 желтоқсанда қамалып, Хабаровск өлкесіндегі 22 ауылда Амурлагта қайтыс болған, осында жерленген.
Артур Зақашұлы Камалиденов – 1960 жылы 10 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Белгілі дипломат. Ресейдің Франциядағы елшілігінің Марсель қаласындағы бас консулы. 2000 жылы 4 қарашада Марсель қаласында трагедиялық жағдайда қаза тапқан. Мәскеудің Кунцев ауданындағы Троекуров қорымына жерленген.
Ахмеджан Мұхамедияров – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, полковник. 1907 жылы 7 қаңтарда Ақтөбе облысы, Темір қаласында дүниеге келген. 28 панфиловшылар дивизиясының саяси жетекшісі, полк комиссары.
Челябинск қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ленин, екі мәрте жауынгерлік Қызыл Ту орденінің, екі «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. 1979 жылы Челябинск қаласында қайтыс болған, осында жерленген.
ХХ-ғасырдағы қазақ даласының махаббат гимніне айналған Қорлан Сұлтанқызы Ресей Федерациясы, Алтай өлкесі, Славгород селосында жерленген.
Рамазан Махметов – соғыс ардагері, полковник. Новосибирскідегі құпия авиация зауытының бас инженері болған. 1948 жылы Новосібірде қастандық салдарынан қаза тауып, осында жерленген.
Салық Омаров – Алаш қайраткері. 1937 жылы Жетісудан Челябі жеріне 10 жылға жер аударылып, 1941 жылы осы жерде қаза тапқан.
Таймырза Төсұлы – Сыр бойындағы ұлт-азаттық күресі басшыларының бірі. Ақмырза ишанның інісі. 1905 жылы Сыр өңірінің Қазалы уезінде дүниеге келген. 1930 жылы Қызылқұм өңірінде болған шайқаста қолға түсіп, 1931 жылы 25 қыркүйекте 10 жылға сотталып, жазасын өтеуге Новосибирскінің Сібір лагеріне жіберілген. Сол жерде із-түзсіз жоғалып кеткен.
Рамазан Аманкелдиев – Аманкелді батырдың ұлы, жазушы-журналист. 1941 жылы Алматыда жасақталған 238-ші атқыштар дивизиясының құрамында Мәскеуді неміс фашистерінен қорғауға қатысып, Серпухов түбінде ерлікпен қаза тапқан. Сүйегі Серпухов қаласы түбіндегі Бауырластар зиратына қойылған.
Рамазан Әшкеев – 1913 жылы Семей облысы, Жаңасемей қаласында дүниеге келген. Қазақ ССР Халық Комиссарлары кеңесінде жауапты қызмет атқарған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, батальон комиссары қызметінде Калинин-Солтүстік-Батыс майданында ұрыстарға қатысқан. Мәскеу түбіндегі Березовка селосы үшін болған соғыста ерлікпен қаза тапқан. Рамазан Әшкеев қаза тапқаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған.
Жұмаділ Әубәкіров – 1911 жылы Талдықорған облысы, Қапал ауданында дүниеге келген. 1933 жылы әскерге шақырылып, Ашхабад қаласындағы бір жылдық полк мектебін бітіріп, лейтенант әскери атағын алған. Ташкент қаласында саяси қызметкерлер дайындайтын курста оқыған. Алматы қалалық өрт қызметі басқармасында жауапты қызметтер атқарған. 1942 жылы Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы сапында батальон комиссары болып соғысқа қатысқан. 1942 жылы ерлігі үшін жауынгердік Қызыл Ту орденімен марапатталған. 1943 жылы Великие Луки қаласы үшін болған ұрыста қаза тапқан. Өлгеннен кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Осындағы Бауырластар зиратына жерленген.
Хатжан Әлжанов – мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Сау­да комиссарының орынбасары. Екін­ші дүниежүзілік соғысқа қатысып, батальон саяси жетекшісі дәрежесінде қызмет еткен. 1942 жылы Плеханов селосы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
Шазада Әтеев – 1914 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Партия қайраткері. 1941 жылдары Жамбыл облысы, Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, дивизион партия ұйымының хатшысы дәрежесінде қызмет еткен. Әскери шені – капитан. 1943 жылы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан.

Бодыбай Қаржасбайұлы Күлтекенов – партия және қоғам қайраткері. Қызылорда облыстық партия комитетінде басшылық қызметтер атқарған. «Кеңес өкіметіне, революцияға қарсы ұлтшылдық-дұшпандық әрекеттер жасады» деген жаламен 18 жылға сотталып, жазасын Магаданда өтеген. Сол жақта 1943 жылы ауыр азаптан көз жұмған.
Елдор (Эльдар) Оразбаев – көрнекті кинорежиссер. Өнер майталманы 1940 жылы 11 қазанда Ташкент қаласында дүниеге келген. 1963 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін бітірген. Еңбек жолын Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясында атақты кинорежиссер Шәкен Аймановтың ассисенті болып бастаған. 1972 жылы Мәскеудегі сценаристер мен режиссерлер дайындайтын Жоғарғы курста білім алған. Режиссер 2011 жылы Мәскеуде қайтыс болып, осында жерленген.
Ескендір Нұртасұлы Оңдасынов – Ресей ғалымы. Көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың үлкен ұлы. Тарих ғылымының докторы, МГУ-дің профессоры. 1930 жылы дүниеге келіп, 2012 жылы Мәскеуде дүние салған. Осында жерленген.
Геннадий Нұртасұлы Оңдасынов – Ресей ғалымы. Көрнекті мемлекет қайраткері, Нұртас Оңдасыновтың екінші ұлы. Техника ғылымының кандидаты. 1933 жылы дүниеге келіп, 2015 жылы Мәскеуде дүние салып, осы қалада жерленген.
Ноян Нығметұлы Нұрмақов – Алаш арысы Нығмет Нұрмақовтың ұлы. Ұлы Отан соғысының ардагері. Әскери полковник. 1986 жылы Мәскеу қаласында қайтыс болып, осы қалада жерленген.


Ермек Жұмахметұлы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Халықаралық Ақпараттар академиясының академигі,

Мәдениет қайраткері,

«Ақиқат» журналы.

Пікірлер