Таразда тұрғындар қантқа таласып, дүкен сатушыларына шабуыл жасаған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл туралы «Тараз» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады. Белгілі болғандай, оқиға Арай-2 шағын ауданындағы павильонда болған.
Әлеуметтік дүкен жұмысшылары ашулы тұрғындарға тойтарыс бере алмай, салдарынан екі сатушы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.
«Тұрғындарға қанттың таусылғанын айтқанымызда бізге сенбей айқай шығарды. Тауарды тығып қойғандай кінәлап, айыптады. Барлығы-70-тей адам жиналған болатын. Олар сөзімізге сенбей дүкенге басып кірді. Қазір қыздар мұнда жұмыс істеуге қорқады», – дейді аға сатушы-кассир Динара Шалабаева.
Анықталғандай, ашулы тұрғындар ғимаратқа кіріп, қызметкерлердің бірін итеріп, жерге құлатып жіберген. Екіншісінің қолын бұрап күш көрсеткен. Мұны көрген дүкен сатушыларының бірінің жағдайы нашарлап, жедел жәрдемге жүгініпті.
«103» пультіне қаладағы дүкендердің бірінде төбелес болып жатқаны туралы бірнеше рет қоңырау түсті. Белгілі болғандай, сатып алушылар дүкен жұмысшыларына шабуыл жасап, жұдырық ала жүгірген. Олардың қатарында жүкті әйел де бар. Барлығына шұғыл көмек көрсетілді», – дейді Жамбыл жедел жәрдем станциясының аға фельдшері Бақытжан Ережепов.
Айта кету керек, аталған оқиға бойынша полицияға өтініштер, хабарламалар және қандай да бір шағымдар түспеген. Полицейлер оқиға орнында болған тұрғындарға алдын-алу шаралары мен түсініктеме жұмыстарын жүргізді.
«Адырна» ұлттық порталы