Белгілі жазушы, драматург Сафуан Шаймерденов туып-өскен Амангелді ауылы қаңырап бос қалған. Қазір жазушының ұлы Сайын Шаймерден әкесінің аруағын риза қылу үшін ауылды баяғы деңгейіне жеткізуге тырысып жүр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы қоғам белсендісі Бурахан Дақанов өзінің фейсбук парақшасында жазды.
"Ұлы драматург, Сафуан ағамыз Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Міне, сол қасиетті ауыл, бүгін қаңырап бос тұр, мал баққан малшыдан басқа адам жоқ. Тас лақтырсаң көлге, қалың орманға тиетін бұл жер(ауылдың маңында 8 көл санадым) қара топырағы қалың, мал баққанға өте мөте ыңғайлы. Жамбыл ауданының шет жағында, Шал ақынмен шекаралас жерде орналасқан бұл ауыл, Благовещенкі елді мекенінен жеті километр жерде. Бағалары 200 мыңнан аспайтын 15 шақты үй тұруға жарамды күйінде тұр. Тек ремонт керек. Бірақ мектеп жоқ. Дегенмен адамдар жинала бастаса, Үкімет мектепті ашып берері айдан анық... Өйткені ғимараты тұр", — деп жазды ол парақшасында.
Қоғам белсендісінің айтуынша, ауыл иелігінде, яғни, ауылдың бұрынғы тұрғындары қолында 4 мың гектардан астам егістік жер бар. Қазір олар жерді фирмаларға арендаға беріп, пай алып отырған көрінеді. Бұрынғы тұрғындар елді мекенге келіп, ауылды көтерем деген ірі кәсіпкерлерге жерлерін беруге дайын.
"Маған қатты әсер еткені бұзылған үйдің төбесіндегі құстың ұясында қоныстанған екі қара торғай болды. Сайын ағаның айтуы бойынша, бұл үйдің бұзылғанына 6-7 жыл болса да осы ұяға кеп қоныстанып, жұмыртқа басады екен. Ойлап қараңызшы, құмалақтай жүрегі, құмалақтай миы бар торғайдың өзі елдің, жердің қадірін біледі. Біліп қана қоймай, жыл құсы боп қаңғырып, жүздеген, мыңдаған км жерден осы ұяға келіп қоныстанып тұр.. Ал біз ше, біздің қай жеріміз кем?", — деп жазды Бурахан Дақанов.
"Адырна" ұлттық порталы.