Гүлнәр Міржақыпқызының Қайымға жазған хаты

3782
Adyrna.kz Telegram

Алашординцы были частыми гостями в доме Мухамедхана
Сейткулова в городе Семей.
Каюм был воспитан отцом в духе Алаш. Их образы, разговоры, мысли, дела Каюм сохранил на всю жизнь. Он
посвятил свою жизнь воскрешению забытых и запрещенных имен. Сохранял фотографии алашординцев и находил новые, подписывал их имена, установил из первоистчников точные сведения, написал их научные биографии, сохранил их произведения и перевел с арабской графики на графику современного казахского языка, написал научные комментарии/пояснения к произведениям и подготовил их к печати. Этим он занимался в то время, когда все было под запретомю Одним из первых он опубликовал эти материалы, как только это стало возможным.
Дружба с потомками знаковых личностей нашей истории, разговоры и переписка с ними – это тема для отдельных исследований.
В одном из писем к Каюму Гульнар Дулатова писала о дружбе их отцов:

Қадірлі Қайым!

Салған хатыңды, «Семей таңы» басқан мақалаңды оқып қатты қуандым. Құнды деректер толы жақсы сипаттаманың оның үстіне өзім танитын, көрген білетін ағалардың бейнелерін көз алдымнан өткізіп солардың өздерін көріп тілдескендей болып үлкен әсер алып қуанышқа бөленіп, мөлдір бұлақтан нәр татқандай сусыным қанды.
Қымбатты әкелеріміз, аға-аталарымыз ақталып арамызға оралуымен сені құттықтаймын! Бәріміз қандай бақыттымыз! Күнделікті газет журналдардан бұл кісілер жайлы материалдарды оқимын, бірақ жүрекке жылылығы әлі де жеткізілмейді, толғанып тебіреніп сүйіспеншілік ниетпен жазылған дүние дей алмаймын, мүмкін оным қате де шығар, қолдарынан келгендерін аямайтын да болар, жазып жариялағандарына рахмет айтқаннан бөтен не бар? Бәрі қуаныш!

Әкем Міржақып туралы осы тұста кім қалам тартар екен деген ойлар көптен мені мазалап, ішімнен, тек өзіңді қалап жүруші едім, бұл жөнінде қателеспеппін. Жазамын деген талабыңа нұр жаусын, шын жүректен қабыл алдым іске сәт! М.Дулатовтың революциядан бұрынғысын білемін дейсің, шынында әкемнің қысқа өмірінің ішінде қалдырған мұрасының өзі сол дәуірде ғой. Бертін келе Совет заманында істеген еңбегі бар болғаны 7-8-ақ жылдар, сол жылдар аралығында газет жураналдарда шыққан мақалалары таңқаларлық сонша көп, оны өзің білесің, ал басқа атқарған қызметін саған білгенімше жеткізейін.
Біздің семьямыз бас қосып бір жерде тұрақтап көрген емес (Орынборда 1914-1918 ж). Папам болса баршаға белгілі мойнына алған міндеті ауыр, ел- жұрттың қамын ойлап жас жанын аямай дамыл таппаған кісі, өзінің сүйікті жары Ғайнижамал мен жалғыз қызы Гүлнарды достары, туысқанының қолдарына тапсырып соқа басы қызмет бабымен жүре берген. Осы күні ой елегінен өткізсем, өзім бес жасымнан ес білгелі шешем екеуіміздің тұрмаған, бармаған жеріміз аз болмапты: Орынбор, Ақтөбе, Торғай, Атбасар, Көкшетау, Семей, Омбы, Қызылорда, Жамбыл, Шымкент. 1920 жылы Атбсарадан Көкшетауға келдік Ерқосай Мұқашұлының (әкемнің бажасы) үйінде тұрақтадық, бұл кезде папам Тәшкенде «Ақ жол» газетінде қызмет істеп жүрді. Май айының 1920 ж. сонда түскен суреті бар (М.Дулатов, Ғазімбек Бірімжанов, Ақмет Сараюсупов). 1921 жылдың күзі болар әкем Ташкеннен Көкшетауға соғып, бізді Семейге әкелді.
Біз Семейде Әнияр Молдабаевтың комиссарская көшесіндегі екі этажды үйінде тұрдық, үйдің жартысында Дулатовтың, екінші жағында Әлихан Бөкейхановтың семьялары тұрғанбыз. Әкем 1921 жылы Семейдің Губсовнар судында судья болып істейді.

1922 жылы Әлихан, Міржақып екеуін Семей түрмесіне қамады, бұл жерден Орынборға әкеліп абақтыдан босатылған еді. Папам Орынборда қалып Институт Народного Образования (кино) да сабақ беріп жүрді. 1922-1926 жылға дейін, 1926 жылы Қазақстан мемлекеттік баспасына ауысып саяси редактор болды. Одан кейін 1927 жылдың январь айынан бастап ұсталарға 1928 ж дейін (декабрге) «Еңбекші қазақ» газетінің редакциясында әдеби редакторының хатшысы (помошник редактора) болды. Папамның өз қолымен толтырған членеская книжкасының көшірмесін қосып отырмын. Членский взносты декабрь 1928 жылға дейін төлеп тұрған (1927 ж. айына 4 сом 55т, ал 1928 жылы әр айына 2 сом 25т). (Бұларды өзіңе әдейі көрсетіп отырмын, табысынан (қаламақысы бар) мәлімет үшін. Профессор Бейсембай Кенжебаев ағамыз әкеммен бірге істеген «ЕҚ»-нта, маған әкем туралы жазып берген (1971ж) естелігінде: әдеби хатшы бола жүре «Ауыл тілі» газетінде 1926 ж. қызметте болды деген. Оны мен өзім де білмеймін. Елшат Ерназаров ҚазЦикнің председателі сайланғанда, Қызылорда да «Ауыл тілі» газетінің редакциясы ашылды, Елшат редактор, ал шынында газетті шығарушы Дулатов болатын.

Менде сақталған әкемнің удостоверения личности №019050 (кісілік куәлік) паспорт орнына жүретін, оның да көшірмесін беріп отырмын. Онда туған жері Майкаринская волости Тургайского уезда делінген. Ақтау қағазында ҚазССР жоғары соты, 21/XII/1988ж №11/2 НКР-19/88 әкемді уроженец Тургайского уезда, со средним образованием, работающего помощником ответсвенного секретарья редактор газеты «Еңбекші қазақ» делінген. Жер аты әрқашан өзгертіліп аталып жүретіні бар емес пе, сондай Майқара, Сарықопа селосы бәрі бір жер, әкемнің туған жері Сарықопа Қоқраулы өзенінің бойы, өзің келтіріп аларсың. Папамның дүниеден қайтқанын 1935 жылдың қазан айының соңғы күндерінде Алматыда тұрған кезімізде, НКВД өздері шешеме Сосновецтен хабар салған. Папам Сосновецте лекпом (фельшер) болып лазаретте істейтін, сол лазаретте ұзақ аурудан қайтыс болды, саған сол актыны салып отырмын.

Міне өзің білгің келген мәліметтерді документтерге сүйеніп жазып отырмын. Көшірмесін түсіруге айналайын балаң Жәнібек көмегін көрсетіп, шексіз ризамын.
Мамамның аты Ғайнижамал Баймұратқызы Досымбекова, ұлты қазақ, 1895 жылы Омбы қаласында (бұрынғы Ақмола облысы, Омского уезда и...) туған. Тұрмысқа шыққаннан бері Дулатова фамилиясын алып жүрді, жұрт, үй-іші оны Гая дейтін. Мен 1914 жылы Орынборда туыппын, әкем «Қазақ» газетінде істеген жылдары. Шешем 45 жасында Шымкентте өзімнің қолымда қайтыс болды. 1940 15|IX нағашы атам Баймұрат Досымбаев руы керей, қазақ, туған жері Қостанай облысы Қарасу ауданынан. Революциядан көп бұрын еліне келген оқуға түсетін разверстка арқылы Омбыдағы әскери-медицина училищесін бітірген кісі. Омбыдағы психиатрическая емханасында бас дәрігер қызметін атқарған. Шешем айтып отыратын: «Біздің үй іші больницаның меншікті, жеке тұрған үйінде тұрып өстік» дейтін. Әкелері оқу бітіргеннен соң, дәулеті көтермегендіктен болар, сол қаланың тұрғыны жесір келіншек Қанипаға үйленеді, бұл әкеміздің соңынан ерген қызы Ғалия (Мукучели), ұлы Омар Жұсыповтар. Омар 1884 жылы туған, Ғалия одан үлкен. Омар ағасын қарындастары Оматай дейтін. Омар 1904 жылы Омбыдағы Техническое училищесін бітіріп архитектор мамандығын алған, соңғы 1937ж ұсталарға дейін, Қызылжарда экономист қызметін атқарған. Ғайинжамалды Дулатовқа қолынан ұзатқан Омар ағасы болыпты.
Баймұрат пен Қаншадан үш қыз туған:
1) Сара 2) Ғайнижамал (Ғая) 3) Гульшакра (Гуля) ұлдары болмағандықтан Гаясын он төртке дейін ұл ретінде (еркекшора) киіндіріп өсіреді. Соның салдарынан Гая гимназияда оқытылмай Сара екеуін мұғалім жалдап үйінде оқытады, мамам сауатты зав.библиотекий болып істейтін. Гуля 1917 жылы Омбының гимназиясын бітірген кезінде «Бірлік» те қатынасқан С.Сейфуллиннің «Тар жол,тайғақ кешуінде» айтылған.
Әкелері 1911-1912 жылдары қайтыс болыпты. Әжемді ана дейтінбіз, мен көрген кісім, 1924 жылы қыс айында дүние салды, Омбыға мамамен мен Гуля тәтем барып келген. Онда біз Орынборда тұратынбыз.
Мамамның апалары Сара мен Ғалия жасы 80-90-нан асып Қарағандыда қайтыс болды. Гуля 32 жасында, Қырғызстанда 1939 жылы өлді. Оматай 1937 жылдың құрбаны, ақталған. Енді Мұхтар Әуезов ағамыз туралы айтарым көп қой, Міржақып екеуінің достығы, сыйласулары айтарлықтай ғажап бірі аға, екіншісі іні ретінде туыстай жақын жұрттың көзіне түсетін, екеуі де әдебиетші. Журналистика саласында да жоғары сатыда жүретін қалам қайраткерлері болуларынан да шығар әйтеуір бір-бірін құрметпен бағалап, сырласып, пікірлесуді жақсы көретін, оны айтып жеткізуім оңай емес. Бұл кісілердің таныстықтары өмір жолдарының ұштасулары ертеректен, сонау Семейден, Тәшкеннен, Орынбор, Қызылордадан басталып келгенін білемін. Өзім бала күнімнен 1923 жылы Мұхтар аға Тәшкеннен бізге Орынборға келгеннен бері білемін, әр уақытта біздің үйге, өзінің үйіндей көріп түсетін. Ол кезде Мұқтар ағаның қалың толқындалып келген бұйра шашы болатын, сәнді киініп, хош иісті әтірі мұрынды жаратын, (менің әкемнің де осындай сәнді киімін сүйсінетін едім). Мұхтар аға балажан. Мені күнде «Собачьи садке» ертіп баратын, мороженое жейтінбіз (мен тәтті суық дейтін ем).
Мұхтар аға келуіне арнап біздің үй қонақ шақырып үлкен мәжіліс әдеби кештер өткізетіні есімде. Арнайы шақырғандар: Ахмет Байтұрсынов атекем, Смағұл Садвакасов ағам, Елдес Омаров папамның құрдас досы, Сейдақым Қадірбаев ол кісі де құрдасы, мен Сейдақымға папа дейтінмін, Ахмедсары Юсупов (Гуляның күйеуі), Мұхтар Мурзин (ұзын Мұхтар дейтін) киноның директоры. Оларға жүгіріп жүріп қызмет атқаратындар оқушылар. Иса Байзақов, Серм Қарамқуловтар.
1926 жылы Қызылордаға Жүсіпбек Аймауытов пен Мұқтар ағаларым бізідің үйге келіп түскен еді. Екеуінің «Қаракөз», «Шернияз» пьесаларының бәйге алғандарын құттықтап әке-шешем жұртты шақырып, (оның ішінде Жұмат Шанин ағам да бар) тойлағандары да есімізде.
Қашан да екі жазушы ағаларым Мұхтар, Жүсіпбектер өздерінің баспаға даярлап әкелген шығармаларын алдымен Міржақыптың қолынан өткізіп, пікірін алатын. Жүсіпбек аға жазған ертегілерінің суреттерін өзі бояумен салып келетін, бала алдымен суретте қарайтын әдеті бар емес пе, менің есімде Жүсіпбек үлкен суретші (художник) болғанын ұмытқаным жоқ.
Әдебиет кештерінде шығармаларды нақышына келтіріп артистік шеберлік пен даусын құбылтып оқитын Абдолла Байтасов болатын. Бұл ағам өте көңілді, күлегеш мінезді адам еді. Сол жылы Томскынің институттын бітіріп келеген Қаныш Имантайұлы Сатпаев ағам да болған. Әкемнің жан жолдасы орыс мінезді, ғалым сынды Ғаббасов Халел ағам да орталарында отыратын. Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов үй-іштерімен бұндай мәжілістерден қалмайтын, ән салып, «темаға» суырып салып өлең шығарып Иса отыратын. Әміре ән салып топты қыздырып, дуылдатып өткізетін, әлі күнге дейін сол көріністер есімнен шықпайды.
Бізідің Дулатовтың үйінде қазақтың ұлы перзенттері бас қосып әңгіме-дүкен құратын орталығы десем артық болмас. Күнделікті келіп-кетіп жүретін ағайын жекжат жұрағаттарды қоспағанның өзінде бала күнімнен бастап көрген солардың орталарында жүріп өскендігім мен үшін үлкен бақыт, мектептен өту деп білемін.
Мұхтар, Жүсіпбек ағаларымның тұрмыс күйінде семьяларында болған сәтсіздіктерінде, қол ұшын берген, туыстық ретінде жанашырлық-қамқорлық көрсеткен менің сүйікті әке-шешем, екеуінің балаларын қолдарына алып, баққан Мұқаш Әуезова 1926-1927 ж, Виктор-Бектұр Аймауытов 1925-1929ж. Бұлардан ерте Семейден (Шынғыстаудан) тобықты Өміртай (жұрт Өке аға дейтін) Ақбердіұлының қызын- Әзенді (Назира) 1922-1931ж дейін асырап, менімен бірдей тәрбиелеп, оқытып, қолын дәрігерлікке дейін жеткізген қыздары, осында Алматыда тұрады.
Мұхтар аға мен М.Дулатовтың қызы болғандықтан деп білемін жақсы көріп сыйлайтын.
Отан соғысы жылдары мен Шымкентте бас дәрігер болып істеп жүргенімде, сонда туған Абай атамның ұрпақтарына (Әубәкір, Кәмешттерге) қарасып тұрғанымды естіп, Мұхтар аға шексіз ризашылығын айтты маған.
Кейінгі кезде дұрысы 1932-33 жылдары Мұхтар ағаның біздің фамилиядан қорыққаны да болды, бірақ мен өкпе –кек ұстамайтын қазақпын, бәрі болды, өтті-кетті, оған заман кінәлі.
Мұхтар-Міржақыпты бір-бірінен бөліп алшақ ұстаудың керегі жоқ, бөлмеген жөн.

Қайым! Өзің әкеңнен естігендей-екеуіміздің әкелеріміз дос болғаны ақиқат, дер кезінде бір-бірінен жандарын аямаған, қолдарынан келген көмектерін беріп, көрсетіп те тұрғаны да рас. Әкеңнің айтқанындай Міржақыпты Семей түрмесінен шығарып алу үшін ақша төлеген жайлы «Айқап» журналы былай жазады: «1911жылы М.Дулатов Қызылжардан Семей облысына саяхатқа шығады. Жолда Семей қаласында тоқтағанда, оны полиция тұтқынға алады (Бұл жайында хабар «Айқап» журналының 1911 жылғы №6 - 0-11беттер,1912 жылғы №1 - 33бет басылған).
«Идарымызға келген соңғы хабарға қарағанда Міржақып 2000 сом залог салып азат етілген екен» деген тағы бір хабар «Айқап» журналында міне екеуінің айтқаны: «біз ақша төлеп Міржақыпты түрмеден босатып алдық» деуі шындық. Оны «Айқаптан» келтіріп отырмын.

«Қозғау салу» дегеніңдей, 7|I 1989 ж. Қазкомпартиясын Орталық Комитетінің хатшысы Ө.Жәнібеков жолдастың қабылдауында болдым. Менімен бір жарым сағат әңгімелесіп отырды. Жазған өтінішімді өзіне табыс еттім. Ол кісі: «М.Дулатовтың мұрасын зерттеуді Қазақ ССР Ғылым Академиясының президентіне тапсырамыз, солардың берген қорытындысын (заключения) алған соң, ҚҚ-ның бюросында қараймыз. Сіз соны күтіңіз деді. Осыдан бері Академик жұмысқа кірісіп жатыр. Заключения жазуды Жұмағали Смагуловқа тапсырған. Ол жазып бітірдім, машинаға бердім деп хабарлады. Жан сүйсінер жай-жастар құлшынып жан-жақты зерттеу мен Мәскеу, Ленинград, Қазан, Уфаға барған Марат Әбсеметов жүрмек. Оларды бастаушы Шора Сарымбаев. Барып келгендер әкемнен көп дүниелер тауып әкеліп мені қуантуда, көпшілік үйге келіп есікті босатпайды, бәрі менен білгілері келеді.
Алдымен өзіңе өтнішім: М.Дулатов жайлы жазған мақалаңды : «СҚ-ға» басыңыз, «Семей таңы» болса да қолыңда – ғой.
Өзім мединститутты бітіргеннен 50 жыл, алтын тойға жеткен де бар, жетпегендерде бар, шүкіршілік айтамын.
Әлі жұмыстан қол үзгенім жоқ. Городская детская клиническая больница да 1982 жылдан бері консультантпын. Балаларымның үшеуі ғалым-дәрігер, ал кенжем Ерлан Сатыбалдиев жазушы. «Жалын» баспасында да жауапты қызметте. Міне қысқаша семьям осылар.
Өзің сұраған өлеңдердің, кітаптардың, мұқабаларының суретін аласың. Амандықта болсақ, міндетті түрде жолығуымыз керек, үй-ішіңе сәлем.


Достық көңілмен
Қолыңды алдым 
Гүлнара Міржақыпқызы Дулатова 
10.02.1989 ж.

Пікірлер