Аралдың арқалы ақыны туралы толғаныс
Ақындар әртүрлі... Кей ақынның өлеңін өліп-өшіп жақсы көресің. Ал кейде өзін көріп, әңгімелескеніңде көңілің толмай қалады. Кейбір шайырмен шүйіркелескен кезде едәуір әсерленесің. Бірақ өлеңінің әр жолы ұстатпай әр жаққа қашады...
Әйтсе де, өзі өлеңіне, өлеңі өзіне ұқсайтын ақындар да баршылық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – дәл осындай ақын.
Мен оны тұңғыш рет өз ауылымда көрдім. Жүз елу шақырым жердегі Аралдан артынып-тартынып жеткен бір топ өнерпаз кешке қарай Қаратереңнің жазғы клубына келіп, концерт қойды. Жалпы, теңіз беткейдің тарпаң таланттары ешкімге оңайлықпен ұпай бере қоймайды. Даңқты күйші-термеші, композитор Мұрат Сыдықов, оның жары Базар Қостаева, ақын-жыршы Әбілхан Маханов, баянды шебер тартатын Байнияз Тлепов, сырбаз күйші Қаппар Жармағамбетов, білікті дирижер Сайлау Тілепов, ақын-актер Сағынай Ешекенов, әнші Сейітқали Сейтмұратов, тағы басқалар ауыл клубының түндігін түнімен желпілдетті. Шетінен бақсыдай ойнады сол күні...
Елдің көңіл-күйі әбден көтерілген сәтте сахна төріне бір жап-жас жігіт шыға келсін. Өзі шап-шағын, шашы ұзын. Үстінде сұр костюмі бар. Тіпті қолында мыж-мыж дәптері болды-ау деймін. Кәдімгі сыртында көбейту таблицасы жазылған оқушы дәптері. Өзіміз тар клубта тығылысып, әптер-тәптеріміз шығып отырғанда дәптер қалай есімізде қалып қойған десейші. Аузы-аузына жұқпай дамылсыз сөйлейтін конферансье қыз: «Толыбай Абылаев, ақын», – деп таныстырды оны. Біздің ауылды көп жылдан бері басқарып келе жатқан дүрдей директордың және мектепте ботаникадан сабақ беретін ардақты ағайымыздың есімі Толыбай еді. Соларға әбден құлақ үйреткендіктен маған мына Аралдан келген ақынның аты Толыбай болуы жүдә біртүрлі көрініп кеткені. Бірақ оған қыңған ақын жоқ. Қою қара шашын кейін қарай сілкіп жіберіп, «Жеңешем!», – деп жұртты бір серпілтіп алып, өлеңін оқи жөнеледі. Мен ол кезде мектептің үшінші не төртінші класында оқитын беймаза баламын. Әлгі ақынның өлеңінің мағынасын терең ұғып жарытқаным шамалы. Қаратерең клубының сахнасында екі иығын жұлып жеп, екіленіп өлең оқып тұрған жігіт әлдебір жеңешесін жақсы көре ме, әлде жеңешесі бұған қарап жымың-жымың еткен бе, әйтеуір, сондай бірдеңе... Ол көк дәптерін ауық-ауық қайырып-қайырып жіберіп, тағы төрт-бес өлең оқыды да, басын жерге жеткенше иіп, аудаң-аудаң етіп, сахнаның сыртына кетіп қалды...
Мен сөйтіп, бұл ақынды әдепкіде әдеттегідей газеттен немесе журналдан емес, сахнадан көрдім. «Ассалаумағалейкум, ақын ағам, Сені көрдім ең алғаш сахнадан», – деп әзілдеудің сәті келе қоймаса да, ақиқаты сол еді.
Кейін білдік, Толыбай ақын Қаратереңнің іргесіндегі Бөгеннің баласы екен. Қарымды қаламгер Қуаныш Жиенбайдың кластасы. Болашақ арынды ақын мен парасатты прозаик бір кезде Көнебөгеннің көк шаңдағын аспанға көтеріп, бірге ойнапты деседі. Еті тірі елгезектеу Қуаныш ағам Бөгеннен бұйдасын үзіп, Алатау жаққа аттанғанда, томпиған Толыбай ағам томсырайып, ел жақта қалып қойыпты. Содан сол қалғаннан мол қалған ғой...
Сонымен баяғыда сахнада көрген ақын ағам әлі күнге дейін қазақ поэзиясының сахнасынан түскен емес. Бір жақсысы, туған жерінен тамырын үзген жоқ. Айтпақшы, ана бір жылдары әжептеуір қалалық болғысы кеп, Қызылорданы біраз уақыт кәдімгідей мекен еткені бар екен ғой. Іздегенін таппады ма, әлде ауа райы жақпады ма, білмейміз, көп ұзамай үйіріне қайта қосылды. Қазір Аралда тұрады.
Жастау кезімізде жер-көкті шулатқан Шаһизада шайыр мөлдір шықтай тұнық сезімге толы бір шумақ өлеңді қайта-қайта оқушы еді.
Қамысы Қосжар көлдің қозғалмай ма,
Қозғалса, сары алтындай сөз қалмай ма?
Көлге кеп, үңіледі қайран ару,
Тотығып төс қалтада тозғанда айна...
«Толыбайдың өлеңі ғой», – дейтін сосын Шәки ағам шиыршық атып тұрып. Үйірімен жүретін үш шайыр – Шаһизада Әбдікәрімов, Алтай Үсенов, Толыбай Абылаев үшеуі ілгеріде Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде қызмет істепті. Қызмет істегені бар болсын, кілең шайтан мінез шайырлар коммунизмнің шамшырағын жарқыратып жарытпаса да, күндіз-түні бұрқыратып жыр жазғанға ұқсайды. Жаңағы жан дүниеңді тербейтін жалқы шумақ сол кезеңнің жемісі секілді.
Сезімді қозғайтын сырлы өлеңдер сериясы – Толыбай ақын поэзиясының алтын арқауы. Ақ махаббат, пәк көңіл, әдемі әуен, тұнық ой, мөлдір мұң – кейіпкеріміздің табиғатына жақын қастерлі құндылықтар. Міне, қараңыз:
...Атыңды ақ құмшыққа жаздым жаңа,
Сонан соң сияқтанып мәзбін бала.
Жарға да… есікке де шимайланды,
Махаббат жайындағы мазмұндама.
Есіне енбейтұғын шара басқа,
Асыққан ержетуге бала қасқа.
Баяғы бәдізшілер ізіменен,
Таудағы таңбаладым қара тасқа.
Табиғаты таза Толыбай ақын махаббат лирикасын шарлаған мын-сан ақынның ізін қайта шиырламай, өз өлеңінде өзгеше өрнек салды («Жүгенсіз бала» деген жұрт та қызық, Жаулаған жүрегімді Құртқа қыз, ұқ»), жүрек түкпіріне жасырған жан сырын жалпақ жұртқа жариялап, жұмбақ арудың көркем кейпін кестелеп, қиялының кеңістігін кеңейтті («Енді мен есіміңді елге жаям, Жер түгіл, ақ мақтадай бұлтқа сызып...»).
Ал кейінгі қай өлеңіне зер салсаңыз да («Аралдан көшкен ағайын», «Теңіз түбіндегі кент», «Арал көшіп барады»), табаны құрғаған айдынның ащы тағдыры тіліне тиек болмай қалмайды. Соның бәрін ой елегінен өткізіп, жүрегіне жүк артып:
Кісәпірлер құртты, Алла-ай,
Жайсаң едім жағалы,
Жел айдаған бұлттардай,
Арал көшіп барады! –
деп күйінеді.
Бұл күйініш пен күйзеліс – Аралда тұратын арқалы ақынның жанын қозғап, жүрегін тербейтін мәңгілік элегиясы. Ауытқымайтын ағымы, сарқылмайтын сарыны. Өзіне және өлеңіне Толыбай сыншы секілді талғаммен қарайтын Толыбай ақынның таусылмайтын тақырыбы.
Біздің Аралдың жағасында шеге құм деген ғаламат құм бар. Сол құмға су жаңа киіміңмен қанша аунасаң да, үстіңе ештеңе жұқпайды. Түрегелсең болды, шеге құм жерге сусып түседі. Не сені кір шалмайды, не құм ластанбайды. Мен жұрттың бәрін бауырына басып жүретін Толыбай ағамның тап-таза табиғатын бір кезде айдынды Аралдың жағалауын жайлаған, қазір қашқан теңіздің ұлтанында жал-жал болып жатқан осы шеге құмға ұқсатам. Ақын ағам да шеге құм сияқты жан баласына залалын тигізбейді, тіпті мысықтың да мұрнын қанатпайды. Сондай-ақ тұмасы тұнық Толыбай ақынды ренжітуге де ешкімнің дәті бара қоймас...
Қазаққа қадірлі Қуаныш ағам екеуіңіз қол ұстасып отырып жетпіске кеп қалыпсыздар, Толыбай аға... Аман болыңыз! Аралдың табанындағы ақ күмістей жылтыраған шеге құмды жалпағынан басып, емін-еркін жүре беріңіз! Өмір өрісіндегі және өлең өлкесіндегі сырлы сапарыңыз ұзаққа созылсын, аға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ