Мейірхан мен Мейіржан осындай қара пиғылмен ақша тапты дегенге сенбеймін - Марат Оралғазин

3489
Adyrna.kz Telegram

Соңғы күндері жекеде “осы жайлы не айтасың, достарың емес пе” тәрізді хабарламалар толып кетті.  Ендеше өз пікірім осы. Мейіржан мен Мейірханды он бес жылға жуық уақыт танимын. Он жылдай бірге талай жобаларды бірге жүзеге асырдық. Дос, бауыр, әріптес ретінде айтарым көп.

Мейірхан да, Мейіржан да досқа адал, пейілі кең, еш арам ойы жоқ көңілі ашық жайдары жігіттер. Екеуі де үлкен отбасылы, көпбалалы әкелер. Қаржы-қаражатқа мұқтаж жандар да емес. Шығармашылықпен айналысып-ақ шаруашылығын домалатып отырған жігіттер. Неге бұлай болып қалғаны менің де миыма кіріп шықпайды. Әттең осындай жағдайға душар болып қалды.

Бәлкім өздері де алданып қалды ма екен? Қаншама жыл аралас-құралас, дос, әріптес ретінде Мейірхан мен Мейіржан осындай қара пиғылмен дүние тапты дегенге сене алмаймын. Бұл іске бір эксперттік баға беруден немесе біреуді айыптаудан аулақпын. Себебі бұл істің егжей-тегжейі көп. Сондықтан ғайбаттауға, сырттан тон піше салуға сіздер де асықпаңыз, достар. Тергеу болған соң, сырт көзге белгілі ақпарат пен істің бізге әлі белгісіз тұстары да бары анық. Сондықтан соттың әділ өтуіне үмітіміз мол. Бар айтарым, мен білетін Мейірхан мен Мейіржан мұндай олқылыққа бармас еді. Еш сенбеймін! Сене алмаймын.

Сондықтан бір қателік орын алған болар деп ойлаймын. Мен заңгер емеспін. Көп детальдерін білмейтін де шығармын. Дегенмен соттың әділ болуын қалаймын. Бұл іс барлық тараптар үшін оң шешіліп жақсылықпен бітеді деп үміттенемін. Барлығы жақсы болады!

Марат ОРАЛҒАЗИН

Пікірлер