С.Бүкіров – өңірімізде музей ісінің негізін салушы

4160
Adyrna.kz Telegram

 

             Өлкеміздің тарихы пен мәдениет құндылықтарының табылуына, сақталуына, зерттелуіне мол үлес қосқан өлкетанушы, аймағымызда музей жұмысының негізін салушы азамат Сүтемген Тақабайұлының еңбегі зор.

Археолог, этнограф, аймағымызда  музей ісінің негізін қалаушы және қазіргі Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің тұнғыш директоры – Сүтемген Бүкіровтің өмірлік бағыт-бағдарын академик Қаныш Сәтбаев және Қазақстан археология ғылымының негізін қалаушысы академик Әлкей Марғұлан анықтап берді деуге болады. 1969 жылы аймағымызда алғашқы музейлердің бірі Қаныш Сәтпаев атындағы Ленин орденді Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік музейін ұйымдастыру жөніндегі ұсыныс кенші, металлургтер, инженер-техниктер қауымы арасында қолдауға ие болды. Осы музейге директорлыққа таңдау Сүтемген Тақабайұлына түсті.

Сүтемген ағай алғашқы күннен бастап қызу жұмысқа кірісті. Мәскеу, Ленинград, Ростов-на Дону, Алматы, Қарағанды, Шымкент т.б. қалаларының айтулы музейлерінде болып, олардың тәжірибесімен танысты, жарайтындарын іске пайдаланды. Директорға жұмыстың барлық саласына араласуға тура келді. Ғылыми тұжырымдама жасау, қор жинау,  экспозицияны жасақтау сияқты жұмыстар істеп, музей қызметінің негізгі бағыттары – ғылыми зерттеу, жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстарын жүргізіп, музейтану ісінің негізін салды. Мамандығы тарихшы болмаса да, кенді өлкенің тарихи шежіресін жасап, тарихи тұлғалардың жарқын келбетін музей экспозицияларында көрсету аймағымызда мұражайтану жұмысының жандануына барынша ат салысты. 1970 жылы 22 сәуірде Лениннің 100-жылдық мерейтойы күні көрермендерге есігін айқара ашты. 1981 жылы 12 сәуірде Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 20-жылдығы аясында қаламызда ашылды. Бұл музей тарихи-өндірістік музейдің филиалы ретінде Сүтемген ағайдың және авиация маршалы Александр Ефимов пен КСРО ұшқыш-ғарышкері, қаланың Құрметті азаматы Алексей Леоновтың идеясымен, КСРО ұшқыш-ғарышкері, қаланың Құрметті азаматы, КСРО Ғарышкерлер федерациясының төрағасы Николай Рукавишниковтың қолдауымен ИЛ-18 ұшағының бортында ұйымдастырылды. Жезқазған қалалық партия және атқару комитетінің шешімінен соң Мәскеу қаласында музейдің жоспары бекітілді. Қорына 1500-нан астам жәдігер жинақталып, жылына 12-14 мың адам тамашалайтын, республикада тұңғыш рет ашылған ғарышкерлер музейі қаламыздың мәдени өмірінде ерекше орын алды. 1982 жылы Сүтемген Тақабайұлы ғарышкерлер отаны– Калугаға К.Циолковскийдің 125 –жылдық мерейтойына және ғылыми-конференцияға шақырылды. Циолковский атындағы КСРО ғарыш музейі және Мәскеу қаласындағы ғарыш тақырыбындағы музейлерде болып, өзінің музейтану ісіндегі тәжірибесін толықтырды. Сөйтіп, Сүтемген ағай музейтану жұмысының негізгі бағыттарының бірі ғылыми-зерттеу жұмысын жолға қойды.

1978 жылы музейлердің Халықаралық Кеңесінің /ИКОМ/ XII Бас Ассамблеясы 18 мамырды Халықаралық музейлер күні деп белгілеген еді. Міне сол уақыттан бері осы мереке жылда атап өтілуде. Бір қызығы, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының тарихы да осы  кезеңнен,  яғни, 1978 жылы 10 мамырда ЖТМК мұражайы негізінде құрылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан бастау алады. Бұл оқиға жаңадан ашылған Жезқазған облысы өмірінде елеулі оқиға болды. Сүтемген ағай өз басшылығымен тарихи-өндірістік мұражайында жинақталған мыңнан астам құнды жәдігерді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорына өткізуі өңірімізде жаңа тарихи-мәдени ошақтың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етті.

Музей қорының табиғат бөліміне Қызыл кітапқа енген жануарлардың Өскемендегі зоокомбинатта жасалған тұлыптар алынса, нумизматикалық және этнографиялық жәдігерлердің алғашқы заттары да қор бөлімін толықтырды. Қазақ КСР Зоология институтының директоры Балдырған Сералықызы Қожамқұлова және Академик- археолог Әлкей Марғұланмен тығыз байланыс орнату музей жұмысының жинақтау бағытының дамуына әсер етті.Музей қоры Сүтемген Бүкіровтың директорлық қызметі кезінен, 1979 жылдан бастап кешенді түрде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары мен көлемді экспедициялар барысында археологиялық, палеонтологиялық және геологиялық коллекциялармен, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, қолөнерін айғақтайтын құнды жәдігерлермен, сонымен қатар кенді өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек, соғыс ардагерлерінің, кеншілер мен ауылшаруашылық қызметкерлерінің, білім, денсаулық және мәдениет  өкілдерінің жеке құжаттары мен заттарымен толықты.

1974 жылы 30 қыркүйекте Әлкей Марғұланның Сүтемген Тақабайұлына жазған хатында өлкетанушыдан кішкене мүсін тастың негативін салып жіберуін өтіне келе, хат соңында «Ұлытаудың Едіге шыңының басында тұрған едіге обасын қазып көрсек жақсы болар еді. Онда Самарқандтағы Темірдің жазуы сияқты көп жазулар жату керек. Әзірше күш –қуат бар кезінде істелсе дұрыс болар еді». Міне бұл хатта ғұлама ғалым Ұлытаудың әр тасы тұнып тұрған тарих екенін меңзейді, әрі бұл жерлердің әлі де болса зерттеуді қажет ететіндігін баса айтып, болашаққа бағыт-бағдар береді. Сүтемген ағай мен Әлкей Марғұланның  өңіріміздің ежелгі тарихын зерттеуде салып кеткен сара жолын музейдің қызметкерлері  жандандырып, жұмыс аясын мен  өресін кеңейте бастады.

1981 жылдан бастап археологиялық зерттеулерді мұражай қызметкерлері Қазақ ССР Ғылым Академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция құрамында Ақадыр ауданында қола заманының Атасу, Мыржық қоныстарында жүргізді. Жылдар өте музей өз алдына жеке зерттеулерді Жезқазған-Ұлытау өңірінің ортағасырлық ескерткіштері- Жошы Ордасы, Шотқара, Аяққамыр, Басқамыр, қола заманының Үйтас-Айдос, Қараағаш қоныстарында жүргізді. 1997 жылы Жезқазған облысының тарауына байланысты мұражайдың тарихи-археологиялық болып өзгеруі, өлкеміздің сырға толы ескерткіштерін жан-жақты зерттеу жұмыстарының жандануына себеп болды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» Бағдарламасы аясында Б.з.д. II мыңжылдықта мекен еткен кеншілердің Талдысай қонысы мен Теректі-Әулиедегі тастағы таңбаларды, қола заманының Айбас-Дарасы, сонымен қатар Қызылорда  облысындағы сақ қорғаны Шірік-Рабатты зерттеуге ҚР Ғылым Академиясының Ә.Марғұлан атындағы Археология Институтының ұйымдастырған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы құрамында мұражай археологтары да өз үлестерін қосты.

Сүтемген Тақабайұлы өмірінің соңғы кезіндегі шоқтығы биік еңбегінің бірі Ұлы  Отан соғысынан оралмай, майдан даласында қаза болғандар мен хабарсыз кеткендердің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында жарық көрген  облыстық «Боздақтар» кітабы.

Көп жылғы табысты еңбегі үшін «Құрмет Белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, республиқалық және Жезқазған облыстық мемлекеттік басқару орындары және қоғамдық ұйымдардын көптеген грамоталарымен марапатталған. 1993 жылы мамырда ғылымды, білімді және мәдениетті дамыту жөніндегі Жезқазған облыстық  «Парыз» қорының  Ә. Бөкейханов атындағы сыйлық иегері, ал 1990 жылы Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды. 1996 жылы дүниеден өткен. 1997 жылы Рыбачий поселкесіндегі Прудная көшесіне С.Бүкіровтің есімі берілді.

Сүтемген Тақабайұлының  алғашқы басшылығымен дүниеге келген облыстық тарихи-өлкетану музейі қазір тарихи-археологиялық болып аталып, қазіргі уақытта қалыптасқан дәстүрлі жұмыстармен қатар, жаңа үлгідегі қызметтерді  де енгізуде. Алашахан, Жошыхан, Домбауыл, Теректі-әулие ескерткіштеріне экскурсиялар тұрақты жүргізіледі. «Экскурсовод мектебі» және қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттайтын «Алтын арна»  жобасы дүниеге келді.


 Шолпан ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ ТӨЛЕГЕНОВА

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ардагері

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер