Бірнешеуі істі болған: жаңа сайланған әкімдердің өткені қандай?

4226
Adyrna.kz Telegram
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Биылғы жыл еліміз үшін ауыр қасіретпен басталды. «Қаңтар оқиғасы бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігімізге зор қауіп төнді" деген еді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Артынша мемлекет басшысы облыс, қала әкімдерін «жанама сайлау» арқылы ауыс-түйіс жасады. Бізге белгілі болған жаңа әкімдердің өткені қандай, немен есте қалды?

Жеңіс Қасымбек – Қарағанды облысының әкімі

Жамбыл облысы, Шу қаласының тумасы. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «Сәулетші-дизайнер» мамандығын тәмамдап, 2001 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару саласында маманданған экономист» мамандығымен аяқтаған.

2019 жылдың ақпан айынан ҚР Премьер-министріның орынбасары қызметін атқарды. Әкімдік қызметке келместен бұрын Жеңіс Махмұдұлы «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», II дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» (05.08.2015) және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Құрмет грамотасымен наградталған. (17.07.2017 ж.)

Деректерге сүйенсек облыс әкімі бұрындары жеке тұлғалардан салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті және өсімпұлды, сондай-ақ кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешекті өндіріп алу туралы азаматтық іске қатысы болған. Азаматтық іс Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотында қаралды.

 

Даниал Ахметов – ШҚО әкімі

Павлодар қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Павлодар индустриалды институтын «Құрылысшы инженер» мамандығымен аяқтаған. Велоспорттан спорт шебері. Қазіргі таңда экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі сынды атақтары бар. Шығыс Қазақстан облысына әкімдікке келмес бұрын Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметін атқарды.

2-дәрежелі «Барыс» (2004), 3-дәрежелі «Барыс» (1999), «Құрмет ордені» (1986); «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен марапатталған (2012). «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалі (01.07.2008), «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» (29.05.2019); Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған мерекелік құрмет белгісімен (20.02.2008 ж.) марапатталған.

 

Ерболат Досаев – Алматы қаласының әкімі

Алматы қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы энергетика институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары және өзге де беделді қызметтер атқарған. Әкімдікке дейін Ерболат Асқарбекұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болған.

Досаев талай қызмет ауыстырып, ел арасында «әр істің басын шалған» деген атқа қалған. 2012 жылы күзде Досаев үкіметке – Экономика министрі қызметіне қайта оралды. Министрлік бірнеше рет атауын өзгертеді, министр қайта тағайындалады. Досаев 2016 жылдың мамыр айына дейін тұрақты түрде халық шаруашылығын басқарды. Одан кейін квазимемлекеттік секторға – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы қызметіне ауысады. Ал 2017 жылдың тамызында үкіметке вице-премьер дәрежесінде келеді. 2019 жылдың ақпан айына дейін үкіметте қызмет істеп, содан кейін Ұлттық банк төрағасы болады.

 

Бердібек Сапарбаев – Жамбыл облысының экс-әкімі

Қызылорда облысын, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын тәмамдаған.

Парасат (12.2007), «Құрмет» (1999),  «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалі (01.07.2008 ж.), Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті азаматы: «Үздік әлеуметтiк әрiптес» төсбелгiсiмен (08.2019 ж.) марапатталған. Жамбыл облысын басқармас бұрын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ақтөбе облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі сынды қызметтерді атқарды.

 

Нұржан Нұржігітов – Жамбыл облысының әкімі

1991 жылы Ленинград ауыл шаруашылығы институты «Инженер-механик» мамандығымен аяқтады. 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университеті оқып бітірді. Техникалық ғылымдардың кандидаты атағы берілген. Облыс әкімі болғанға дейін сол Жамбыл облысының аудандарын, түрлі мекемелерді басқарған. Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы және Байсақ ауданының әкімі болды. Сонан соң орынбасарлық қызметтен облыс әкіміне ауысты.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер