Жер алу үшін egov.kz арқылы кезекке тұруға болады

965
Фото: egov.kz
Фото: egov.kz

Әрбір қазақстандық алуы тиіс 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болады. Ал автоматизация арқасында бұл процеске 5 минут жеткілікті. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет.

Әрі қарай өтініш түрін таңдау керек. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:

– кезекке қою;

деректерді өзектендіру;

– кезектен шығару.

Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрсаңыз, онда өзіңіз жер алуды қалайтын аймақты таңдайсыз.

Егер сіз бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда «Өзектендіру» өтініш түрін таңдауыңыз қажет.

Кезек алғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты (талонның скан-нұсқасы, өтініштің, жеке куәліктің және т.б. көшірмелері) жүктеу қажет. Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn/ сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады.

Бұдан бұрын алған жер кезегінен бас тарту үшін «Шығару» өтініш түрін таңдау қажет.

Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елдімекенде ЖТҚ үшін бос жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды. Бос учаскелерді беру жөніндегі шешімді әкімдіктер қабылдайды. Учаскелер алаңдардың дайын болуына қарай немесе елдімекеннің бас жоспарына сәйкес, бос аумақтар болған жағдайда берілетін болады.

Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 сотыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана берілетінін, қалған өтініштердің күші жойылатынын ескеру қажет.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын қазақстандықтар ЖТҚ үшін жер учаскесін алу кезегіне тұру үшін жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге жүгінетін. Олар тек өз аймағының жерлерін таңдай алатын. Кезекте тұрғандардың тізімі де тек әкімдіктерде сақталатын.

ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін (10 сотық жер) тегін алуға құқылы.

“Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket