Еуропа парламенті Қытайдағы қазақтар тағдырын бақылауға алмақшы

77398
Adyrna.kz Telegram

Еуропа парламенті Қытай қазақтарының жағдайын талқыламақшы Германия үкіметі де бұл мәселені жақын арада күн тәртібіне алады деп күтілуде деп хабарлайды "Замана".

Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында сөз алған Германия қазағы Өмірхан Алтын елбасы Нұрсұлтан Назарба­евқа Қытай қазақтарының құқықтары тапталып, қатты саяси қысым мен қудалауға тап болып жатқанын тікелей жеткізген еді.

Енді, Еуропа парламенті Өмірханның арызы бойынша алдағы мамыр айында бұл мәселені қолға алмақ.

Еуропа парламентінің адам құқықтары жөніндегі комитеті бастығының орынбасары Варбара Лочвихлер ханым Өмірхан Алтынға жазған хатында оған Шығыс Түркістандағы жағдай туралы берген мәліметтері үшін алғысын білдіре отырып, өзінің ол жақта адам құқықтарының өрескел түрде тапталуына қатты алаңдауда екенін айтты.

Сонымен бірге Өмірхан Алтын жақын арада Германия парламентінің (Бундестаг) депутаты және адам құқықтары комитетінің белсенді мүшесі Маргарете Баусе ханыммен кездесіп, Қытайда қазақтар тап болып келе жатқан зұлымдықтар, ассимиляциялау саясаты туралы егжей-тегжейлі түсіндірген.

«Қытайлардың қазақтармен қатар ұйғыр сынды басқа да мұсылмандарға бағытталған адам сенгісіз сан түрлі қысым, қудалау тәсілдерін, кәрі-жас демей жүз мыңдаған адамдардың жазықсыз түрмелерге қамалуын, екіге бөлінген отбасылардың аянышты тұрмыс жағдайларын естігенде неміс депутаты Ваусе ханымның көзіне жас келді», – дейді Өмірхан Алтын.

Германия парламентінің депутаты Баусе ханым алдағы күндерде Германия үкіметінің бұл мәселені жоғары деңгейде қолға алуына күш жұмсайтынын айтты.

Сонымен Еуропа парламентімен қатар Германия үкіметі де Қытайдағы қазақтардың жағдайын алдағы күндерде қолға алуы мүмкін.

________________________________________________________________________________________________________________________

Nur.kz

Пікірлер