Ұлт табынар рухты ер

733

Болашақ мамандарды тәрбиелеудің қайнар көзі қазақ ағартушыларының бай рухани мұрасынан бастау алады. Осы орайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу ісі бөлімі тарапынан бакалавриаттың соңғы жылын оқып жатқан болашақ әдебиетші ретінде Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-Құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеге бардық. Ұлтымыздың әр салада рухани өрлеуі, әлемдік өркениет биігіне қосылуы үшін өміршең пайымдауларымен жастардың ұлттық сана-сезімі дамуының негізі болған ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығын зерттеу – әрқайсысымыз үшін зор мәртебе. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақтың саяси, әлеуметтік, рухани өмірінде өзіндік ерекше орны бар тұлға. Бір басына сан саланың қабілеті жиылған, армандары мен мақсаттары ел мүддесіне қызмет еткен осынау ұлы адам қазақ тарихындағы айрықша құбылыс, заманынан оза туып, өзі өмір сүрген кезеңнің ағын да, қарасын да саралап, азапқа толы ғұмырында түнекте қалған қайран елін жарық болашаққа сүйреуден басқа бақыт жоқ деп білген азамат.

Қара бастың, жеке адам азаттығының жоқтаушысы ғана емес, бүтін ел азаттығының көсемі бола білген, тұтас жұрт санасын оятуды, қазақты өркениеті дамыған ұлттардың қатарына қосуды жалау еткен рухты тұлғалардың көрнектісі – осы Ахмет.

А.Байтұрсынұлы өзінің өмір жолы туралы 1929 жылы орыс тілінде екі өмірбаяндық дерек жазған. Өмірбаянда ол 1872 жылдың қыркүйегінің 5 жұлдызында Торғай уезінің Тосын болысындағы 5-ауылда туып, 1986-1891 жылдары Торғай орыс-қазақ училищесін, 1891-1895 жылдары Орынбор орыс-қазақ мұғалімдер мектебін бітірген. Кейін 1895 жылдан бастап Торғайдың әр жерінде, әр түрлі ауылдық мектептерде ұстаздық қызмет атқарған. А.Байтұрсынұлының 1909 жылы «Қырық мысал», 1910 жылы «Маса» жинақтары жарық көрді. Бұл жинақтардың негізгі идеясы – елді қауіп-қатерден сақтандыру, оқуға-білімге шақыру болды.Сонымен қатар оның «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне жарияланған мақалалары бүгінге дейін өз құнын жоймаған.

Ахметтің арғы атасы Арғынның атақты батырлары, беделді адамдары, әкесі – Байтұрсын елге сыйлы, дәулетті, ержүрек кісі болыпты. Ал анасы – Күңіш ақындығы бар, дана әйел болса керек. Сонымен қатар, Ахметтің өмірін айтқанда сүйген жары, қиын-қыстау күндерде жан аяспас серігі болған Бадрисафа Мұхамедсадыққызын атамасқа болмас. Қаншама қиындыққа қарамай, еріне қолдау білдіріп, тағдыр тауқыметіне бірге төзген, соңғы демі қалғанша «төрем» деп арқа сүйеген ардақты жарынсыз Ахметтің өмірін толық елестету мүмкін емес.

Қай жағынан алып қарасақ та, А.Байтұрсынұлы мәнді өмірінде мәңгі өнеге болатын мұра қалдырып, елі үшін жан аямаған, ғұмыры үлгі боларлық алып адам. Оның кемеңгер болмысын танып-білу әр қазақтың парызы.

Гүлжанар МЕҢДІБАЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

4-курс студенті

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket