Қаралы қаңтардағы жастардың қаны - мәңгүрттер мен жемқорлардың мойнында

1021

Алматы қаласына қасіретті қаңтардың салған жарасын көрдік. Жазылмас жара салды. Иә, көшеге шыққан жандардың басым көпшілігі жастар еді. Көпшілігі жұмыссыз, мемлекеттік бағдарламаларды білмейтін, естімеген, қалай оларға қатысу керектігінен бейхабар жастар болатын. Ал оларды құлағдар ету, жастармен тығыз жұмыс істеу кімнің міндеті еді? Әрине әкімдіктің. Бұрынғы жастар саясатымен жұмыс істеген команда өз міндетін мүлде атқара алмады деп санаймын өз басым.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы деген бар. Оны 2019 жылдан бері Есдаулетов Диас Рахметұлы деген азамат басқарды. Қоғамдық даму басқармасына о баста Ішкі саясат, жастар саясаты және дін кірген болатын. Кейіннен Діни басқарма бөлініп, бөлек басқарма болды да, Жастар саясаты мен Ішкі саясат басқармасы бір басқармаға болып қала берді. Әрине, Қазақстандағы жастары ең көп қалада жастар саясаты басқармасы болмауы абсурд. Бірақ ол абсурдқа көңіл бөліп, назар аударуға Диас Рахметұлының қолы тимеген сыңайлы. Осылайша жастар саясаты да бір бөлімше болып қалды. Ал ол қателіктің салдарын біз қаңтарда көрдік.

Жалпы Диас Рахметұлына деген түрлі ұйымдардың өкпесі қара қазандай. Ол басшылық қызметін атқарған жылдары жастар саясаты өлді десе де болады. Жастар ұйымдарымен мүлде дұрыс жұмыс жүргізілмеді, Алматының қызып жатқан жастар ұйымдары бірнеше жылдың ішінде өшті. Оған пандемия кінәлі дейтін боларсыз, алайда пандемиядан кейін де көптеген ұйымдар ес жия алмады. Себебі басқарма басшылығы олармен онлайн да, офлайн да жұмыс істеуді білмейтін еді.

Диас Рахметұлының әкесі Рахмет Есдаулетов Алматы облысының Ішкі саясат басқармасын басқарған сәтте, ұлы Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасын (ішіне Ішкі саясат басқармасы да кіреді) басқарып отырды. “Әкесі облыстың, ұлы қаланың ішкі саясатына жауап береді” деген әзіл-шыны аралас әңгіме де тарады. Міне, осы Диас мырза басқарған Алматы қаласы қаңтарда үлкен зардап шекті. Оның бір себебі ішкі саясатта идеология болмағаны, жастармен жұмыс істелмегені. Бәлки бұл басты себебі болар.

Диас Рахметұлы талай жастар ұйымдарының сағын сындырды. Жасалған жұмысын қабылдамау, жастармен кездеспеу, жастар саясатына көңіл бөлмеу тіпті жоғары деңгейде болды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласы әкімдігінен бейбіт митингке шыққандардың алдына шығуға бір шенеуніктің дәті жетпеді. Халықтың бетіне тура қарайтын жүзі жоқ болды-ау…

Ал Диас Рахметұлы халықтың алдына шықпақ түгіл екі адамдық кездесуде бір ауыз сөздің басын құрап дұрыс сөйлей алмайтын. Сөйтіп жүріп әкелі-балалылардың билік баспалдақтарында жолы болғыш-ақ. Әкімдікте ел алдына шыға алатын лидерлер қызмет етсе, қасіретті қаңтар қырғынан жұртты сақтап қалар ма едік, кім білсін.
Жақында Диас мырзаның жұмыстан кеткенін естіп шын қуандық. Дұрыс. “Жаңа Қазақстанға” деген үміт оянды. Ал әкесі болса, облыста қазір әлі Тілдерді дамыту басқармасын басқарады.

Бұл постты жазудағы негізгі мақсатым - Алматы қаласына жаңадан басшылыққа келген азаматтар Диастай “аузы қайсы десе, мұрынын көрсететін”, үнемі “ұйықтап” отыратындардан абай болса деген ниет.
Диас Есдәулетов сияқты орыстілді емес, елмен тығыз жұмыс істей алатын қазақтілді басшыны қызметке тарту керек деп есептеймін. Тағы да қан төгілмесін, қазақ қара жамылмасын десек…

PS: Қысқасы, қаңтардағы жастардың қаны - мәңгүрттер мен жемқорлардың мойнында…

Арман Әубәкір

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket