Досай Кенжетай: Әлі күнге дейін кеңестік режим құрбандары ақталып біткен жоқ

3248
Adyrna.kz Telegram

ХХ ғасырдың  30-шы жылдарында мыңдаған зиялы азамат атылып, 1,5 миллион адам аштықтан қаза тапты. Қаншама адам шетке босып кетті?! Қаншама адам жазықсыздан-жазықсыз саяси-қуғын сүргін құрбаны болды…

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң» қабылданды. «Тар жол тайғақ кешкен» қасіретті кезеңдерде жазықсыз атылғандар ақтала бастады. Бүгінгі тарих ақиқат жолды таңдағандарды айғақтап отыр…

Еліміз өткен мен бүгінді тең парықтай отырып, тарихқа көз жүгіртуі қажет. Сондықтан біз Кеңес дәуірінде түрлі жаламен атылған, азапталған, айдалған «саяси қуғын сүргін құрбандары» туралы Қ.А. Яссауи атындағы Халықарлық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, дінтанушы Досай Кенжетай мырзамен сұхбат жүргіздік.

- Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылған болатын. Сол саяси құғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік коммиссия қызметі қалай жүріп жатыр? Көңіліңіз тола ма?

- Рас, Президенттің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлығы өз кезегінде өте маңызды құбылыс болды. Іле шала артынан өзекті мәселені талдау, қарастыру, салыстыру, сараптау үшін де арнайы мемлекеттік офис құрылды. Офис жетекшісі профессор Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың ұйымдастыруымен еліміздің барлық аймақтарында «аймақтық комиссия» құрылды. Әрбір облыс және қала әкім орынбасарлары осы аймақтық комиссияның жауаптылары болса, қуғын сүргін құрбандарын ақтаудың өзі бірнеше салаға бөлініп талдануда.

Ол салалар: архивтік материалдарды талдау; тарих; көтерілісшілер; депортацияға ұшырағандар; бай-құлақтар; аштық, коллективтендіру; лагерлер (Гулаг); саяси идеологиялық (Алаш партиясы); әскери тұтқындар (Түркістан легионы) және дін өкілдерін ақтау бағыты бойынша жіктелген. Осы классификацияның өзі бұл офистің қалай жұмыс атқарып жатқандығының дәлелі.


1985 жылдың сәуірінен басталған «қайта құру» заңсыз қуғын-сүргін құрбандары құпияларының пердесін ашып, тарихтың «ақ дақтары» шыға бастады. Алайда әлі күнге дейін қуғын-сүргін құрбандарының ішінен ақталмай қалғандары бар ма?

- Иә, сол кездегі «Горбачев жылымығы» ретінде тарихта қалған  сірескен кеңестік жүйенің ішкі сырын ашуға бағытталған акция басталып, бірақ нәтижесіз қалған болатын. Дегенмен, бұл әлі күнге жалғасып келеді. Оның да себептері жоқ емес. Бұл іс Қазақстанда 1989 жылы, 1993,  2000 жылдары қарқын алды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021жарлығымен қайтадан өзектілігін көрсетті. Себебі, әлі күнге сол кеңестік режим құрбандары ақталып біткен жоқ. Бұл біздің тарих алдындағы, ұрпақ алдындағы борышымыз болып қала бермек. Сондықтан бүгін де 10000-ға жуық ақталуы тиіс құрбандар тізімін жасап шықтық.

-Өзіңіз саяси қуғын-сүргін  құрбандарын дәстүрлі дін өкілдерін ақтау үшін зерделеу, қорытындылар мен ұсынымдар дайындау жұмыс тобының мүшесісіз. Бұл топ бүгінге дейін қандай нәтижеге жетті? Атқарылған жұмыстарымен бөліссеңіз.

-Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы бойынша 11 жұмыс тобы құрылып, қызметін бастап кетті.

Оның бірі – Дәстүрлі дін өкілдері - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы. Оның құрамына еліміздегі танымал ғалымдар, дінтанушы-теологтар мен философтар және тарихшылар кіреді. Ал жұмыс тобының жетекшісі – мен. Менен бөлек, бұл топта философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Юлия Шаповал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров та діни тұлғаларды анықтау, зерттеу, ақтауға ұсыну бағытында еңбектеніп келеді.

Бір айта кететін мәселе, өткен ХХ ғасырдың 20-50 жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлерінің ішінде мұсылмандармен қатар, христиан діні мен аз болса да, буддизм өкілдері де болды. Мұның себебі де түсінікті. Өйткені КСРО құрылған кезден бастап атеистік саясатты идеологиялық бағдар ретінде қолданып, кез келген діни сенімге қарсы іс-шараларын жүзеге асырды. КСРО-ның бүкіл территориясында «Құдайсыздар қоғамы», «Қосшы», «Қызыл отау» ұйымдары белсенді әрекетке көшті. «Ғылыми атеизм» жоғары оқу орындарында міндетті пәнге айналып, жер-жерде партияның тапсырмасымен осы бағытта үздіксіз дәрістер оқытылды. 

Біздің жұмыс тобымыз қазіргі кезде осы іс-шаралардың жазбаша құжаттарын, мәліметтерін архивтерден іздестіріп, тауып, қуғын-сүргінге ұшыраған, ауыр жазаға кесілген дін өкілдерін айқындап, бүгінгі күнге дейін ақталмай келген тұлғаларды ақтауға ұсынып, олардың өмір жолы мен қызметі жайлы ауызша және хатқа түскен деректерді жинастырып, ғылыми айналымға енгізу бағытында қызмет етіп келеді. Осы жұмыстар нәтижесінде 1000-ға жуық дін қайраткерлерінің есімдері анықталды. Сонымен қатар жұмыс тобының атқарған қызметі мен жұмыс жүргізу әдіснамасын жетілдіру мақсатында өткен жылы бірнеше конференциялар, ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізілді.

-

Қазір елімізде ашаршылықты және 1930-50 жылдары болған саяси қуғын-сүргін кезеңін зерттеу қарқын алды. Құпия мұрағаттармен тыңғылықты жұмыс та басталды. Ол үшін арнайы комиссия да құрылды. Демек, осы зерттеулердің арқасында алда түрлі деректер мен тарихи фактілерге көз жеткіземіз бе?

-Тарихи фактілер де деректер де көптеп шығып жатыр...

Мысалы, Кеңес өкіметінің дінге қарсы жүргізген репрессиялық шаралары негізінен үш бағытта жүзеге асты. Оның біріншісі, діни тұлғаларды, қайраткерлерді, дін ғұламаларын (молда, дамолла, ахун, ишан, муәзін, мүдәріс) т.б. қуғын-сүргінге ұшырату. Екіншісі, діни оқу орындары мен ғұрыптық кешендерді (мешіт, мектеп, медресе, кесене, мазар, қорым т.б.) қирату, шаруашылық мақсаттарды пайдалану. Үшіншісі, діни-рухани мәтіндерді, кітаптар мен қолжазбаларды тәркілеу, өртеу. Бұл үш бағытта жүргізілген жұмыстың негізгі мақсаты – халықты рухани-мәдени тамырынан айыру, дәстүрлі салт-сана мен дүниетанымды толықтай терістеп, «құдайсыздандыру» идеясын қоғам өмірінің әр саласына ендіру еді.

Бұл мақсатта 1929 жылдан 1947 жылға дейін «Жауыққан атеизм қоғамы» белсенді қызмет етті. 1947 жылдан бастап 1950 жылдың аяғына дейін «Ғылыми атеизм қоғамы» бұқаралық ерікті ғылыми-ағарту әрекетін жүргізіп, атеизмді ғылыми форматта насихаттауға басымдық берді. Дінге қарсы саясаттың ең ауыр да зардабы мол кезеңі «Жауыққан атеистер қоғамы» қызмет еткен жылдармен сәйкес келеді. Осы кезеңде әртүрлі заңнамалар, қаулылар, бұйрықтар арқылы арнайы «ишандар ісі», «сопылар операциясы» деген науқандар ұйымдастырылды. Жазалаушы органдардың мəліметтері бойынша 1923-1924 жылдары бұрынғы КСРО көлемінде 2469 діни қызметшілер тұтқындалса, 1931-1932 жылдары олардың саны 19812 адамға жеткен. Қазақстанда 900-ден астам дін өкілдері қамауға алынып, олардың ішінен 431 адам (44%) ату жазасына кесілді. Репрессияға ұшырағандардың 86,4%-ы 1930-1940 жылдары ұсталды. Саяси қуғын-сүргін көргендердің 32,8%-ын қазақ қожа-молдалары құрады. Бірақ бұл ресми тіркелгендері, кейін анықталғандары ғана. 1928 жылы мамырда Б(б)КП ОК қарамағындағы Саяси басқарма мұсылман діни мектептерін жабу туралы шешім қабылдады. 1929 ж. араб жазуының латын жазуына және 1940 ж. кириллицаға алмастырылуы да мұсылмандық білім беру жүйесіне орасан зиянын тигізді.

Орыс православтық шіркеуіне қатысты жазалау шаралары 1935 жылы басталып, 1936 жылы жалғасты. 1935-1936 жж. шамамен 10 000 храм жабылды. 1937 жылы ғана 59 епископ тұтқындалып, 60-ы атылды. Атылғандардың ішінде митр. Петр (Полянский), митр. Серафим (Чичагов), митр. Серафим (Мещеряков), митр. Константин (Дьяков), митр. Евгений (Зернов), архиеп. Серафим (Звездинский) және басқалары болды. Митр. Сергийден бөлінген архиерейлер – митр. Кирилл (Смирнов), митр. Иосиф (Петровых), архиеп. Феодор (Поздеевский), еп. Дамаскин (Цедрик) және басқалары ауыр жапа шекті. Шіркеу тарихшысы В.В. Цыпин есептеуі бойынша 1937 жылдың өзінде 8000-нан аса шіркеу жабылған.

Мұның барлығы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды зерттеу нәтижесінен пайда болды. Әлі зерттелмегені қаншама...

-Қазір бізге тарихымыздың осы қайғылы кезеңін толық әрі жан-жақты зерделеуге мүмкіндік туды. Бұл ақпаратты әр азаматқа бүкпесіз жеткізу - әрбір қазақстандық ғалымның, тарихшының міндеті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу мақсатында Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бар ма?

- Әрине, Тәуелсіздігімізді алып, өз алдымызға біртұтас ел болғаннан кейні тарихты қазып, қазынамызды жиып салуға мүмкіндігіміз көп болды. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар тікелей мемлекеттің назарындағы іс. Жоғарыда айтып өткенімдей, Мемлекеттік офис құрып, қадағалап, бақылап, методикалық бағыт бағдар беріп, оны арнайы бюджетпен қамтамасыз етіп отыр.

-Қ.А. Яссауи атындағы Халықарлық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы ретінде қуғын-сүргін құрбандары, олардың ғылыми еңбектері қаншалықты оқу орындарында қаншалықты насихатталады?

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жоғарыда айтылған Жарлығында «Саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару» міндетін қойған болатын. Демек, өткен ғасырдың 20-50 жылдары жазықсыз жазалауға ұшыраған дін қайраткерлерін ақтаудың бүгінгі күн тұрғысынан мәні өте зор. Өйткені біз кез келген құбылысты өткенінен бөліп-жарып қарастыра алмаймыз. 

Бүгінгі жас ұрпақ Қазақстан тарихында небір «ақтаңдақтар» қалғанын, ата-бабаларының мыңжылдық құндылықты, мәйекті рухани мұраларды сақтау, қорғау, жеткізу жолында қандай азап тартқанын, машақат көргенін оқу керек, зердесіне тоқу керек. Бұл бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асып, ескерусіз қалған тұлғалардың аты-жөндері түгел жарыққа шыққанда ғана тарихи тізбек пен сабақтастық қайтадан жалғанады. Бұл бір жағынан, Исламның тамырлы мәдениет ретінде жерімізде өркендеп, жеміс бергенін, ұлттық санамыздың, дүниетанымымыз бен өмір салтымыздың діннен нәр алып келгенін дәлелдеу үшін де керек. Кеңес өкіметінің атеистік саясаты салдарынан зардап шеккен діни тұлғаларды ақтау арқылы біз олардың алдындағы парызымызды, міндетімізді де орындаған боламыз.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер