ОЛЖАС ӘБІЛ: Ресей Украинаны бағындыра алмайды

2947
Adyrna.kz Telegram

2014 жылы көктемде Путиннің Қырымды басып алып сәті еді. Луганск, Донецк қалалары да басқыншылыққа ұшырап жатқан - тын.

Киевте айғай - шу, украин саяси элитасы билікке орнығып та үлгермеген..
Янукович кеше ғана қашып шыққан тұс.
Яценюк — премьер, Турчинов — уақытша ел президенті.
Сырттан жау келді, Украина аңтарылып, қатты сасып отырған қиын заман еді ол кез.
Содан Яценюк пен Турчинов пәрмен беріп Львов пен Ивано - Франковщинадан украин қарулы күштерінің бөлімшелерінің дарбаза қақпалары сықырлай айқара ашылып, ол арадан советтің ескі танкілері ілбіп шығып амалсыз күншығысқа беталды.

Сол кездегі видеоларды бәріміз желіден бір адамдай қарадық қой. Сондағы украиндық танкілер бір жүрсе жүз тұрып сынатын советтің ескі тот басқан ТТ танкілері еді, салдырлап кетіп бара жататын.
Сол танкілерді жолай украин тұрғындары руһтана қарсы алып өз әскерін "Слава Украине!" деп жігерлендіріп жатты.
Бір видеоларда 9 - 10 жасарлық украиндық баланың "Слава Украине!" деп жасаураған жүзі есімде қалыпты.
(Сол баланың қазір қолына қару алып соғысып жүргеніне сенімдімін).

Ол кезде бұндай сюжеттерді көріп отырып украиндықтарды қатты аяйтынмын.

Сол соғысқа украин жалаңқол патриоттары да жан - жақтан ағылды. Олар Донбасқа барған бетте дереу өз қолдарымен әскери батальондарын құрып жатты. Қолдарында дұрыс қаруы да жоқ, бір винтовка екі патрон, үстерінде обмундирование де жоқ, сарбаздардың азықтарын да жерлік тұрғындар тасып жүретін.
Олардың тек "елді қорғаймыз" деген адал ниеттері ғана болатын. Басқа дәнеңелері де жоқ. Тәжірибесі де болмады.
Сол тәжірибесіз сарбаздардың көбі Иловайск, Дебальцево, Волноваха деген жерлерде оққа ұшты, мыңдап қырылды.
Сол тұста соғысқа сақадай сай ресейлік кадровый әскерилер шикіөкпе украин патриоттарын кекіліктей атқылап қырып салды, көбі шейіт кетті.
Одан соң билікке енді келген Порошенко амалсыз "Минск келісіміне" отыруға мәжбүр болды.

Қазіргі, яғни 8 жылдан соңғы мына соғыста украин әскері мүлдем өзгеріп кеткен екен.
Украина 8 жылын бекер жоғалтпаған екен.
Қазіргі украин әскері — қарсыласының айбарынан қаймықпай онымен тең дәрежеде қиян - кескі шайқастар жүргізіп отырған бір күшті әскерге айналыпты.
Халқы да бақайшағына шейін ұлтшыл, мемлекетшіл, нағыз патриот екендігін көрсетті.

Қысқасы, Ресей Украинаны бағындыра алмайды. Тіпті олар Киевті басып алса да, орыстың онысынан түк шықпайды.
Кезінде Грозныйды бағындырған соң ол арада орыс үшін соғыс бітпеген еді.
Сәуегейсігенім емес, бірақ бұл жерде де солай болады.
Егер тараптар кенет сылқ етіп қандай да бір ортақ келісімдермен тоқтамаса, Украин жағы енді қарқын ала береді.

Жаз келе жатыр.. Жер қара күн жылыда украин орманы көктегенде украин сарбаздары әр бұтаның түбінен сайтандай сап ете қалып орыс әскери колоннасын қоршап тұрып қырып салып өз соғысын жүргізе береді.
Украинада қару да жетеді, артында алар жәрдемі де көп.

"Ұялған тек тұрмас" демекші Путин Ресейде тағы мобилизация жариялауы мүмкін, Украинаға тағы әскерін төгер, бірақ меніңше одан түк шықпайды.
Әдетте кез келген соғыста шабуылдаушы әскер алғы шепке алдымен тек үздіктерін салады. Путин оларды уже салды, бір таңғаларлығы - тұтқындағы аш жалаңаш, үсті жыртық жігіттер Путиннің үздіктері екен.

Путин Украинада да өз үздіктерін алдыға салып, ол әскері суға түскен тауықтың кебін киді.
Әскери техникасының жартысы тобылғыдай түтіндеді.
Мынадай сұмдықтардан соң Путиннің кейінгі келетін жауынгерлерінің де жүні жығылып, үрпиіп - түрпиіп келіп соғысып мандыта қоймайды.
Ал бергі беттегі украин сарбаздары ол кезде нағыз жаналғыш мәшинеге айналады. Ол енді өлсе де беріспейді.

Украин әскері қазір — қан мен тердің кермек дәмін сезген, жауын соғып үйренген, орыс әскерін мыңдап тұтқындап, ұшақтарын құлатуды меңгерген тәжірибелі әскер.

Ресейдің айлар бойы, жылдар бойы соғыс жүргізетін мүмкіндігі де жоқ. Сәлден соң көп ұзатпай өзі де сыр береді.
Сол кезде талапты уже Украин жағы қояды деп ойлаймын.

Сондықтан, соғыстың алғашқы күндерінде жазғанымды тағы жазамын.
Украина жеңеді.

 

Пікірлер