АРМАН ӘЛМЕНБЕТ: Зеленский мүлде бөлек тұлғаға айналды

3720
Adyrna.kz Telegram

Каха Бендукидзенің Украина туралы дәрісі бар. Сонда әзіл-шыны араластыра былай дейтін жері бар:
- "Ескі өсиетте" не "Жаңа өсиетте" Украина мәңгілік ел боп тұрады деген сөз бар ма? Жоқ. Онда неге сенімдісіңдер? Украинаның болашағы бұлдыр.

Бұл қателеспесем 2014 не 2015 жылы айтқаны. Кейін Гордонға келіп сұхбат берген өзі украинадан шықса да қазір америкада тұратын еврей де Украина әлі бірнеше бөлікке бөлінеді, Польша мен Түркия керегін алады дегенді айтты. Біздің Өскеменнен шыққан Альберт Кох Донбас пен Луанскіден бас тарта салыңдар деді. Расында да ең дұрыс шешім сол болуы мүмкін бе еді. Бірақ оған Украина халқы өмірі келіспес еді. Майдан ұйымдастырып, төңкеріп тастаймыз деп отырып алды. Бүгінгі соғыс Украина халқының өз таңдауы деген сөз.

Зеленский еврей қаны бар отбасынан шыққан бала еді. Әкесі мықты ғалым. Өзі де бала күнінен алғыр боп, Израильде оқуға жолдама алған. Бірақ әкесі жібермей қойған. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепте оқыған, ауыр атлетикамен шұғылданған.

Жас күнінен КВН-ге қатысып, буыны бекіген соң "95-квартал" командасын құрған. Онысы кейін үлкен студияға айналды. Жүздеген адам жұмыс істейтін, ТМД көлемінде өте табысты компания болды. 2014-те Ресей мен Украина арасы бұзылғанда өз елінің позициясын қолдап, Ресеймен арасын үзді. Еріксіз саясатқа араласқаны сол кез еді.

2019-да өткен сайлауға қатысып, Президент болды. Елі одан көп үміт күтті. Бірақ Саакашвили секілді реформа жасай алған жоқ. Донбас пен Луганскідегі жағдайды да реттей алмады. Админстрация басшысын екі рет, премьер министрі 3-4 рет ауыстырды-ау дейм. Өзі құрған "Слуга народа" партиясы өзі қолдайтын заңдарды өткізбей, қанын ішті. Өзін о баста қолдаған адамдар кейін қарсы сөйлей бастады.

Өстіп жүргенде соғыс оты тұтанды.

Қалай болғанда да Зеленский Путинге сатылмағаны анық болды. Осы соғыстан Украина елдігін сақтап шықса екен. Зеленский мүлде басқа деңгейдегі Президент болып шығарына сенімдімін.

О баста президенттіктен кеткен соң "95-кварталға" қайтып ораламын деген. Осыдан жарты жылдай бұрын бұрынғы әріптесі енді Зеленский келеді дегенге сенбеймін, ол басқа деңгейге шығып кетті деген. Енді тіпті басқа деңгейдегі тұлғаға айналады.

Әгәраки осы соғыстан жеңіп шықса, өз елінің диктаторына айналып шыға келуі де ғажап емес. Бірақ тағы бір кезеңді ғана өткізіп, заң бойынша кете қойса, Украинаның әкесіне айналады. Бірақ ол үшін жеңу керек.

Жеңіліп қалса, оны да көрер. Ер ретінде соңына дейін тұрса болды. Тұрады деп ойлаймын. Мықты жігіт екен әкесінің аузы..

Пікірлер