Өркениет жолынан таймай, алға қарай даму - біздің парызымыз — Қаныбек Жұмашев

260

Құрметті достар! 
Өткеннен сабақ алып, өркениет жолынан таймай, алға қарай даму - біздің парызымыз. Осы жолда қоғамды жеңіске жетелейтін бір ғана тура жол бар - ол Ұлттық құндылықтар негізінде жасақталған идеология.
Назарыңызға 2021 жылдың 20-қаңтарында "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген мақаламды ұсынамын.

"Цифрлық келешек және ұлттық құндылықтар"

Тарихи тағылымы мен тектілік төркіні тереңдерден тін тартатын қабырғалы қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жеткен ұлттық құндылықтарын заманауи білім жүйесінің барлық деңгейіне енгізудің мән-маңызы туралы мен бұрын да жазғанмын («Ана тілі» газеті 30.09.2020). Бұл ретте адамзат ақыл-ойының дәуірлеген бүгінгі өркениет өресінде цифрлық технологияларды тиімді пайдалана білудің айрықша маңызын ескерген жөн.
Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің цифрлық кеңістікті дамыту бағдарламасының өз мақсат-міндеттері бар, оның түпкі негізі - халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Әрине, заманауи цифрлық технологиялардың озық үлгілерінің (IT-бағдарламалар, IT-құралдар және т.с.с.) өркениетті елдерден біздің қоғамдық өмірімізге кірігуінің жылдамдығы көз ілестірмейді: кеше ғана таныстырылымы өткен туындылар - бүгін қоғам колданысында. Ал олардың бүкіл әлеуетін немесе залал-зардабын зерделеуге уақыт та, мүмкіндік те жоқ.
Цифрлану дәуірінде қоғамда туындайтын араздықтан, өшпенділік пен жалған ақпараттан сақтана білу өте маңызды, ал әлеуметтік желілер бүгінде санқилы үгіт-насихаттың тайталас алаңына айналғанын көріп отырмыз. Мысалы, қазір Еуропа елдері әлеуметтік желілердегі ақиқаттан алшақ жатқан, түрлі саяси мүдделерді көздеген жалған ақпараттарға қарсы тұрудың сындарлы стратегиясын жасақтауда.
Біз талпыныс жасап отырған ғаламдық цифрлық келешекте басқа мемлекеттің байлығына (табиғи және адами) деген қызығушылық, ягни көз сұғын қадау еш бәсеңдемейді, керісінше күшейе түседі. Ендеше, еркіндігі мен егемендігін еншілегеніне биыл бар болғаны отыз жыл ғана толғалы отырған дамушы жас мемлекетіміз әрдайым өзгелердің экономикалық, саяси немесе діни қызығушылықтарының нысанында болатыны айдан анық. Ғаламдық ақпарат айдынындағы "шабуылдардан", өз құндылықтарыңды жоғалтып алу қаупі күшейе түседі. Сондықтан локалды, әр салада қорғану бекеттерін құрғаннан гөрі, біртұтас ұлттық қорғану стратегиясын жүзеге асыру қажет. Ол стратегия Ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс.
Өзінің тілі, тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын қызғыштай қорғап, ұрпағын биік рухта тәрбиелемейтін ел өзгенің құндылықтарына бағынышты болады. Бұл қағида цифрлық даму мен цифрлык күрес дәуірінде өзекті бола түседі, сондықтан ұлттық құндылықтарды кіршіксіз сақтау жолында ұлт пен ұрпақ санасын тарбиелеу ғана келешекте ұлтты қорғайтын қалқан болып қала бермек.
Жаһанданудың бір ерекшелігі – еңбек мигранттарының мемлекеттер арасында емін-еркін қозғалуында, олардың экономикалық дамуға тікелей оң әсерін экономист-ғалымдар өткен ғасырда-ақ дәлелдеп қойған. Жылдан-жылға бұл процесс күшейетін болады, оның ішінде біздің елімізде жұмысшы/қызметші мамандарына деген тапшылық айқын сезілуде. Ал сол қоныс аударушылар өздерімен бірге өзге жұрттың, ортаның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ала келеді емес пе?! Сайып келгенде, олардың елдегі қалыптасқан ұстанымдар мен қоғамдық өмірге тезірек ассимилияциялануы (енуі, кірігуі) орынды болар еді. Өйтпегенде, мемлекет құраушы титулдық (жетекші) ұлттың салты мен дәстүрлеріне «өзіндік өзгеше көзқарасы» бар екінші жақтың қалыптасуы (отбасы құндылықтары өзгеше, біржынысты некелерді қолдаушылар және т.с.с.) қоғамда «дүниетанымдық дағдарыс» әкелуі әбден мүмкін. Мұндай үдеріс қазір Еуропа елдерінде (мысалы, Францияда) жүріп те жатыр.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», - деп, ұлттық құндылықтар – елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің бірден-бір тұғыры, ұрпақтан ұрпаққа қалатын ең асыл аманатымыз деген өрелі ойды ортаға салады.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге келсек, әр аймақ жадында қалғанын жаңғыртып, атақты тұлғаларын өзінше әспеттеп жүр. Ал ұлы Абайдың туындыларына қосымша Мәшхұр Жүсіптің, Бекет Атаның, Шәкәрімнің, Қожаберген жыраудың, Қашағанның және т.б. ұлы дала даналарының ұлағаттары мен мұралары да барша қазаққа ортақ дүниелер екенін, оларды өңірлік сипаттан ұлттық деңгейге көтерсек ұтатынымыздың көп болатынын ескермей жүрміз.
Ендеше қазақ халқының ата-бабалардан мұра болып қалған шынайы, гуманистік идеяларға толы философиясы, бірлік пен ынтымақты меңзеген, адалдықты ту еткен салты мен дәстүрлерін, бүгінгі күннің «жаһандық қабықтарынан» тазартып, таза күйінде, яғни қазақтың шынайы менталитетіне сай жерлерін, ешбір этностың мүддесін кемсітпей үгіттеуді, түсіндіруді күшейтуіміз керек деген ой келеді (Қазақ халқы деген кім? Ол тарихи қалай қалыптасты? Мінезі мен өмірлік философиясы қандай? Салт-дәстүрлерінің мәні мен мағынасы қандай? Және т.б.).
Сонымен, қазақстандық қоғам азаматының құндылықтармен сусындаған келбеті қандай?
Қазақ халқы – Алтай мен Манғыстауға, Алатау мен Қызылжарға дейінгі кең-байтақ даладағы біртұтас ұлт (тілі, діні, ділі бір) екендігі оның қалыптасқан МЕНТАЛИТЕТІНЕН көрініп тұруы тиіс. Еліміздегі бүгінгі этностар санасында да бұл шаралар нақтылықты орнатып, сыйластық пен достық сезімді күшейтіп (бәріміздің тегіміз бір, біртұтас тарихы бар бауырлас халықтармыз деген ойды тереңдете түседі), кең ақпараттық мағұлмат алу көзіне айналары сөзсіз.
Осылайша ғаламдық цифрлық келешекте (global digital future) біз өз орнымызды айшықтап, барлық этностар мемлекетқұраушы қазақ ұлтының жанына бірігеді, біртұтас ұлттың қалыптасуы жүзеге асады.
Жалпы білім беретін пәндерді оқыту бойынша мемлекеттік білім стандарттары сияқты, ұрпақ тәрбиесінде де қазақстандық ТӘРБИЕ СТАНДАРТЫНЫҢ қажеттілігі сезіледі.
Осы айтылғандардан негізгі түйін, тоқетер ой - жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген Ұлттық құндылықтарды дәріптеудің Концепциясын (Тұжырымдамасын) дайындау қажет. Айталық олар, мектепке дейінгі тәрбие сатысы, бастауыш білім деңгейі, негізгі-орта білім деңгейі және жоғарғы білім беру деңгейлерін қамтитын 4 деңгейлі дәрістерден тұрады.
Ғалымдар қазақ халқының шынайы келбеті, салты мен дәстүрі қай деңгейде оқытылуы тиіс екенін ескере отырып, 11 класты бітірген және Университетті аяқтап, мамандық иесі болып шыққан азаматтың ұлттық құндылықтармен дәріптелген, толыққан заманауи Болмысын ғылыми тұрғыдан белгілеп, осылайша дайындалған Концепцияның негізінде әр деңгей үшін қосымша курстың бағдарламасы (4 бағдарлама) жасақталады.
Нәтижесінде, оқыту тіліне қарамастан 3-21 жас аралығындағы қазақстандықтар ұлттық құндылықтар негізінен үздіксіз жүйелі дәріс алады, жаһандық дәуірдің сын-қәтерлеріне дайын жастардың қатары көбейеді.

Егілген дәннің сабағы көтеріліп, жасыл желекке айналып, шырынды жемісін беруі бірнеше жылдарды қажет етеді. Сол сияқты ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, өркениет көшінен қалмай дамудың алғышарттарын қалыптастыруды да бүгіннен бастаған абзал, бұл уақыт күттірмейтін іс.

Қазақстан Республикасының

қоғам қайраткері, Қаныбек Жұмашев

2021 жыл, 20.01.2021, «Егемен Қазақстан» газеті

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket