• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Жеті қазына » Жеті қазынаның бірі болған маңғаз бітім

    Жеті қазынаның бірі болған маңғаз бітім

     

    АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – «Бүгінгі күнде Қазақстанда таза қанды төбеттер аз қалды. Егер де еліміздегі тасқа қашалып салынған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, онда бұл иттердің осы өлкеде өмір сүргеніне төрт мың жылдай уақыт өткенін айтуға болады. Яғни төбет қазақ халқы бастан өткізген барлық дәуірдің куәгері. Оның жеті қазынаның біріне жатқызылуы да тегін болмаса керек. Қазақтың отырықшылық кезеңіне дейінгі тұрмыс-тіршілігін баяндайтын әдебиеттерде қазақы ит тұқымдары жайында көбірек айтылғанымен, оның соңғы жүзжылдықтағы жағдайы беймәлім күйде қалып отыр. Қасқырды алып жығар бітімі бар арлан төбеттер қазіргі заманда сиреп бара жатқаны, олардың тұқымы генетикалық жағынан өзгеріске ұшырай бастағаны байқалады.Сондықтан олардың жер бетінен мүлдем жойылып кетпеуіне жол бермей, сақтап қалу – біздің борышымыз», – дейді «Төбет – қазақы ит» атты шаруашылық бастығы Данияр Дәукей.

    Аталмыш шаруашылық төбет тұқымын қайта жаңғыртумен айналысатын еліміздегі бірден-бір орталықтар қатарына жатады. Осы орайда шаруашылықты басқарып отырған Д. Дәукеймен қазақы ит тұқымына қатысты мәселелер жайында әңгіме өрбіткен болатынбыз.

    – Алдымен шаруашылықтың іс-қызметі жайында тоқталып өтсеңіз?

    – Біздің орталықтың негізгі жұмысы – қазақ төбеттерді асырау және оларды көбейту. Отармен айдалада да, тауда да жұмыс істеу сияқты иттің бірегей жұмыс қабілеттерін дамыту шаруашылықтың міндеті болып келеді. Бізде тұқымды қайта жаңғыртумен байланысты істер атқарылады, осы орайда осы тектің тарихи бейнесіне сай болуын басты назарда ұстаймыз. Біздің селекционерлер жануарлардың мінез-қүлқына да үлкен көңіл бөледі. Ол кез келген жағдайда, әсіресе адамға байланысты, тұрақты болу керек. Қазірде орталықта жүз шақты ит бар. Бұлардың бәрі таза тұқымды, жоғарыда айтып өткен жойылып бара жатқан төбеттер.

    – Бүгінде осы ит тұқымдары қай аймақтарда сақталған?

    – Жалпы біздің ізденістеріміздің аясы Қазақстан аумағымен ғана шектелмегіндігін айтып өткім келеді. Кезінде шетел асып кеткен төбеттерден тараған ұрпақтарды қайтарып алу мақсатымен, Ресей, Балтық жағалауы елдеріне дейін іздеу салдық. Ал елімізде Семей, Алматы секілді өңірлерде әлі күнге дейін таза тұқымды сақтап қалған ауыл адамдары кездеседі. Солардың арқасында қазақы иттің асыл қасиеттерін әрі қарай жетілдіріп, олардың санын көбейте түсуге мүмкіндік бар. Көшпенділер дәстүрі тоқтап, ұмытыла бастауымен бірге төбет те ұмыт қалып, халық назарынан тыс қалды. Қазірде оның ұмытыла бастаған аты мен затын ел есіне салуды көздеген тұлғалар баршылық. Алайда оның асылдығын пайда табу көзіне айналдырып жүргендері де жетерлік. Ең өкініштісі сол, қасқыр иісімен малданбаған, өзге қанмен араласқан, құр ірі денесі бар итті «төбет» деп көрсетіп жарнамалап жатады. Бұл таза қанды тұқымның жойылуына ғана емес, қанмен берілетін қасиеттердің жоғалуына да әкеліп соғары сөзсіз…

    – Осы орайда төбеттің өзіне ғана тән қасиеттері мен мінез-құлықтарын айтып өтсеңіз?

    – Көпшілігі төбетті бірнеше түрге бөліп жатады. Бұл қате пікір. Өткен ғасырдың соңында тұқымдарды топтастырып жүйелеу салдарынан мамандар төбетті «ортаазиялық овчаркалар» тобына жатқызып жіберді. Аталған тұқым мен түрікмен алабайлары түптеп келгенде қоспа қанды төбеттер болып табылады. Шын мәнінде нағыз төбет бір отар қойды жалғыз өзі баға алады, қасқырмен бетпе-бет келуден тайынбайды. Қазақы ит бір көргеннен-ақ адам есінде көпке дейін сақталып қаларлық қайталанбас бейнесімен, алып мүсінімен ерекшеленеді. Иттің орташа тұрқы 72-75 см, кейде 80 см-ге дейін барады. Салмағы 50-60 кг шамасында болады. Иттің температуралық өзгерістерге бейімділігі бар. Бас сүйегі арқа жонына нығыз орналасады, қабағы дөңесті, маңдайы жазық болып келеді. Тұмсық бітімі бас сүйегінен кішілеу, ұшы жалпақ, қара түсті болып келеді. Үстіңгі ерні қалың, астыңғы иегі жалпақ, жақ сүйектері күшті, бедері айқын. Басын еңкейткенде бас терісінде қатпарлар пайда болады. Құлақтары ұшбұрыштанып, төмен орналасады. Көздері терең орналасып, әдеттегіден кішірек болады. Тістері ірі, табиғатынан ақ түсті. Иттің аяқтары ұзын емес, белі жалпақ, бұлшықты сауыры шығыңқы біткен. Қарны кеуде тұсымен деңгейлес. Тері асты торларының өзегі бүкіл денесінде жақсы дамыған. Бұндай жаратылыс қатаң табиғат жағдайына сай дамыған құбылыс деп есептеймін, алайда кинолог мамандар оны қасқыр тісінен қорғаныс көзі деп көрсетіп жүр. Төбеттің жүні қатты, қылтанақ жүнінің ұзындығы 10 см. болады. Төбеттер түсі жағынан алуан түрлі болмайды – оларға қара, қоңыр, сұр, сарғыш, қызғылт түстер тән. Көпшілігінде көз астында ақтаңдаң және көз айналасында көзілдірік тәрізді белгілер бар. Адамдармен қарым-қатынаста төбеттер еркін, адал, пайымдылығымен ерекшеленеді. Ол өзін адаммен тең дәрежеде ұстай біледі. Жазықсыз жазаланып жатса, ол бұл жайтты көңіліне ауыр алып, иесімен қарым-қатынасты тоқтатуға дейін барады. Оның өзіне тән ерекшелігі – қасқыр мен қасқыр тектес иттерге, жартқыш аңдарға өштігі. Қиын жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай алады.

    – Ал бүгінгі заман үшін төбеттің қандай пайдасы тиер еді?

    – Қазіргі кезде қазақ малшылары миллиондап шығынға ұшырап жатады. Оған басты себептердің бірі – малдың ит-құсқа, түз тағыларына жем болуы. Жергілікті орындарда қасқырды ату бағасын 10-40 доллар аралығында бағалайды. Мамандар аталған әрекеттен де гөрі тиімді әдісті ұсынуда. Ол – әрине мал-жанды қорғау үшін төбет иттерді асырау. Мысалы, ертеде қазақ малшылары төбеттерді тамақтандыратын итаяқтардың ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптатады екен. Бұл иттің қасқырдың иісіне жылдам үйрене беруіне септігін тигізеді. Сондықтан да осы қасиетінің арқасында дала жыртқыштарына қарсы тұра алады. Малшыларымыз да осы жайтты қаперлеріне алып жүрсе көп пайда болар еді. Осы орайда айта кету керек, қазақы ит тұқымын кеңінен насихаттау мақсатында 2008 жылы «Төбет – қазақы ит» деген кітап шығардық. Біздің шаруашылықтың бастамасымен жарияланған басылым үш тілде – қазақша, французша, ағылшынша жазылған. Бұнда ит тегінің сипаттамасы, тарихы, қазіргі кездегі ахуалы жайында көп мәліметтер топтастырылды. Яғни кітапқа бірнеше жылдан бері осы салада біздің атқарған еңбектеріміздің, ізденістеріміздің нәтижелері жинақталған.

    – Болашаққа қандай мақсат-міндеттер қойып отырсыздар?

    – Біздің негізгі міндетіміз осы тұқымды сақтап, қайта оралту арқылы қазақстандық, әлемдік деңгейде төбеттің алар орнын айқындау болып келді және солай бола береді де. Біз бұл шаруаны пайда табу мақсатымен, коммерциялық бағытта дамыту үшін қолға алған емеспіз. Шынымен де патриоттық адал ниетпен жолға қойылған іс. Бұл қазіргі қоғамның да, уақыттың да қояр талабы. Белгілі бір мемлекеттегі жан-жануар түрінің жоғалуы – ғаламдық деңгейдегі тіршіліктің бір арнасының үзілгендігі. Сондықтан да біз атқарған іс қазақтың табиғи-ұлттық мақтанышы – төбеттің жойылып кетпеуіне септігін тигізер аз да болса үлес қосса мақсаттың орындалғаны деп білемін.

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сайттың информациясын пайдаланған кезде, www.tobet.kz сайтқа сілтеме жасау міндетті
    Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
    почта:info@tobet.kz
    © 2004 – 11 Tobet.kztobet-kazaki

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей

    «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, бабамыз жеті қазынаның бірі ретінде құрметпен қараған тазыны кейбір аталарымыз итке ...