• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Жеті қазына » Жаяудың аты – шарық, күші – азық

    Жаяудың аты – шарық, күші – азық

     Аттың өз әбзелі ер-тұрманның жылқы терісі­нен жасалатынын білеміз. Жалы мен құйрығы көшпенді тұрмысқа аса қажетті арқан-жіптен бастап, киіз үйдің бау-шуына дейін пайдаланылады. Бұдан бөлек жылқы терісі қазақтың қандай кәдесіне жараған екен?

    Құлын мен тайдың терісінен қазақтың ең бағалы, асыл киімдері – жарғақ пен тайжақы тігілген. Х.Арғынбаев жарғақтарды екіге бөледі: тақыр жарғақ және құлын жар­ғақ. Жарғақ тай терісінен иленіп, сырты кесте­леніп тігіледі. Құлын жарғақтар жүні сыр­тына қаратылып, көбінесе қара түсті құлын терілерінен, жаны жонына келтіріліп, астына астар салынып тігіледі. Орыс құжаттарында бұл киімдердің қалай жасалып, тігілетіні және бағасы нақты берілген: «Иленген құлын терісінің жүні ешқашан сыдырылмайды, терілер тек қана қазақтардың өздері киетін тоны – жарғаққа пайдаланылады. Бір айдан төрт айға дейінгі теріні «құлын жарғақ» деп, одан жоғары жеті айға дейінгісі «жабағы терісі» немесе «тай терісі» деп аталады. Құлын жарғақ тай жарғақтан неге жоғары бағаланады? Құлын жарғақ терісінің жеңілдігі мен жұмсақтығы, жүнінің біркелкілігі және жарқырап, құлпырып тұрғанына байланыс­ты тай жар­ғақ­қа қарағанда екі есе қымбат, әсіреқара түстілері: 25-30 руб., ал бір тері 2-3 руб. тұрады. Ал тай жарғақ болса 10-15 руб. тұрады, оның жүндері ұзын, жалбыраған, құлын жүніндей ұяң емес және жарқыра­майды, терісі қалыңдау. Тай жарғақтың желтоқсан-қаңтар айларындағы жүні жақсы, сондықтан жүнін сыртына қарата киеді. Ақпан, наурыз айларында терілерінің өңі өзгеріп, күңгірттене бас­тайды, олар арзан болады және жүнін ішіне қаратып тігеді…».
    Ірі жылқының терісінен – тулақ, құлын терісінен түгін сыртына қаратып, арасына қойдың жүнін салып, кездемемен тыстап, төсеніш көрпе жасайды, мұны «бөстек» немесе «тайкөрпе» дейді. Бөстекті (тайкөрпе) екі тайдың терісінен жасайды, әрі жамылғы, әрі төсеніш болады. Тайжақыны (тайтері) жабағы жүні тығыз алты тайдың терісінен тізені жауып тұратын­дай қылып тігеді. Әбден иленіп, иі қанған құлын терісінен жарғақ шалбар тігеді.

    Көшпенділердің әлем өркениетіне қосқан үлесі – етік пен шалбарды ойлап табуы, екеуі де атқа салт міну қажеттілігінен туған. Көшпенділердің көне кебіс-мәсі мен саптама етік үлгілері қазақтарда әлі күнге дейін сақталған. Кебіс-мәсі – әйелдердің аяқкиімі, саптама – ерлердікі. Мәсі жұқа былғарыдан тігіледі, әйел адамның аяғына киілетін былғары байпақ деуге болады. Кебіс – жылқының «көк сауыр» деп аталатын көн терісінен тігіледі, өкшесі биік, өкшеге күміс тіреме – батқы қағылады, әшекейлеп безендіріледі. Кебісті мәсінің сыртынан киеді. Енді «бір аяққа неге екі аяқкиім киіледі» деген сұраққа келсек, әйел адам алғаш атқа мінгенде балтырын қажамас үшін жұқа былғарыдан мәсіні ойлап тапқан. Ал үзеңгі пайда болғанда аяқты ауыртпай, нық ұстау үшін мәсінің басына қатты аяқ киім – кебіс ойлап табылды.

    Ерлер жортуылға шығып, аң ау­лап, әс­ке­­ри жорық­тарға қатысу үшін жұмсақ аяқ­киім­­дер – мәсі мен кебіс біріктіріліп тігіліп, саптама етік­ке айналды. Сонымен, VI-VII ғасыр­лар­да үзеңгілі ер-тұрманның өмірге келуі өкшесі бар, қалың табанды мәсінің, кейін саптама­ның пайда болуына септігін тигізді. Саптама – қос ұл­тарақ салып, қос байпақ киіп, шұлғау орап, шал­бар­дың балағын қонышына салып кие­тін, коны­шы тізеден асып, балтырға жететін басы үлкен, жайтабан етік. Саптаманың қонышы – жылқы терісінен, ұлтаны сиыр терісі­нен тігіледі. Саптаманың ең басты артықшы­­лы­ғы – оңы мен солы жоқ, оң етікті – сол аяққа, сол етікті оң аяққа ауыстырып кие береді.
    Жылқының бас терісінен түгі өкшесіне қарайтындай етіп пішіп, ағаш қалыпқа салып, шеттерін бүгіп, қайыстан бау тағып, аяқкиім жасайды. Оны «шарық» деп атайды. Шарық – қойшылардың арнаулы киімі, бір жылға малшыға екі шарық берілетін. «Жаяудың аты – шарық, күші – азық» деген мақал содан қалған.
    Талыс – жылқының бітеу сойылған бас терісінен және жон терісінен жасалатын дорба, құрал-сайман салуға арналды. Талысқа етікшілер, зергерлер, қолөнершілер шеберлік аспаптарын салған. Талыс өте сирек кездеседі.
    Шынықап – көшкенде шыны, кеселерді алып жүруге арналған қап. Жылқының көн терісінен жасалады, екі жағы екі жарты шар сияқты, жабылғанда бастырмамен өрнек салады, формасына қарай бүйірінен – үш жерінен, жылқының құйрық қылынан немесе екі шардың ортасынан екі шашақ қойылады. Керегенің көзіне, қабырғаға іліп қойғанда әдемі көрінеді.
    Дәріқалта – бие құлындағанда құлын алда-жалда шығын болса, терісін сойып алып, құлын жарғаққа пайдаланады. Ал бас терісін бітеу сойып, екі құлағын алып тас­тап, мұрны, көзі, ауыз қуыстарын ішіне жымдастырып тігіп, аударып, түгін сыртына қаратады. Аузының екі жағына қатты кепкен арша, тобылғыдан өрнек сала отырып, ұзындығы – 10-15 см, ені 1-1,5 см ернеу орнатады, сонда аузы ағаш қалта пайда болады. Үш жерден тесіп, қайыс бау өткізеді, бауды тартқанда ағаш ернеулер бір-біріне қабысып, қалта жабылып қалады. Қалтаның алдыңғы жағында құлынның кескіні анық көрінеді. Мұны «дәріқалта» атап, ішіне сирек кездесетін адамға керекті дәрілерді (аюдың кепкен өті, сынап, күкірт, тағы басқа) сақтап қояды.
    Шайтұлып – Баян Өлгий (МХР), Алтай аймағы (ҚХР) қазақтарының бұрынғы кезде үлкен тақта шайларды салуға арнап жылқы, кейде серке терісінен жүнін сыртына қаратып тіккен дорбасы. Шайтұлып өте қарапайым, ұзындығы – 30-40 см, көлденеңі – 20-25 см, екі жағынан қайыс бауы бар, аузы тұтастай ашық, жай сөзбен айтсақ, теріден тігілген дорба сияқты. Киіз үйлердің тамақ қоятын бөлігіне бауынан керегенің көгіне іліп қояды. Шайтұлыпқа су, дымқыл өтпейді, тез тозбайды.

    Қазақ қыс бойы соғымға сойылған мал сүйектерін тастамай жинап отырған. Қыс аяқталып, ел көктемге көшерде шеберлер қыс­тау-қыстауды аралап жүріп, иелерімен келісе отырып, жылқы мен түйенің қабырға, жақ, жауырын сүйектерін жинаған. Шеберлер сүйектерді қайнатып, майынан арылтқан соң піспек, кір оқтау, асадал, адалбақан, сандық, кебеже сияқты үй жиһаз­дарын әшекей­леу­ге пайдалан­ған. Сүйекті тесік қазанға салып, астына от жағып күйдіру нәтижесінде ағызып алынған иісі бар қара майды арбаның дөңгелегін майлаған, не күлмен қосып қайнатып, сабын жасаған.

    Жауырын сүйегінен жасалған, өте сирек кездесетін көне заттардың бірі – қож немесе қалақ. Қожды жауырынның орта­сындағы қыр сүйекті ізін де қалдырмай шауып тастап, бас жағынан қайыстан бау тағып жасаған. Мәлімет берушінің айтуы бойынша, Іле өзенінің жағасындағы қазақтар жылқының қос жауырынын бір білеу ағаштың екі басына бекітіп, ескек ретінде қолданған. Ертеде Жайық, Атырау қазақтары су үстіне мұз ойып, қармақ, ау салғанда шананың үстіне жылқының үрген қарнын байлап қоятын. Аяқ астынан мұз жарылып кеткен жағдайда, үрген қарын шананы суға батырмайды.
    Сойшаңғы – жылқының сүйегін екіге бөліп жасаған коньки. Сойшаңғыны жасау үшін жіліншік сүйекті арамен кесіп, екі басын қайқайтып егейді. Алдыңғы жағынан тесік тесіп, оған қайыстан бау тағады, оны «мұрындық» дейді. Артқы тесікке тығылған бауды «өкшелік» дейді. Сойшаңғыны балалар киізден басылған аяқкиім – шәркейдің сыртынан байлап, таяққа тіреніп, мұзда сырғанаған.
    Тұяқтақа – аяқ киімге байлап алатын таулы-тасты, лайсаң сазды жерде жүруге арналған, жылқының тұяғынан жасалатын тақа. Жаңа сойылған жылқының төрт аяғын кесіп алып, ішіндегі шеміршек мүйіздерінен аршиды да, алдыңғы аяқтың тұяғы мен артқы аяқтың тұяқтарын бірнеше жерінен тесіп, тесіктерінен қайысты сірестіре байлап тас­тайды. Төңкерілген тұяқтардың екі жақ жандарынан көлденең тесік тесіп, қайыстан бау өткізеді. Тұяқтақаны аяқкиімнің сыртынан киіп, екі жағындағы екі бауды айқастырып, ағаш тиекпен тиектейді. Тұяқтақаны таулы жерлерде қойшылар киген.


    Ахмет ТОХТАБАЙ,
    тарих ғылымдарының докторы
    (2010 жылы «Алматыкітап» баспасынан
    жарық көрген «Қазақ жылқысының
    тарихы» кітабынан алынды)

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей

    «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, бабамыз жеті қазынаның бірі ретінде құрметпен қараған тазыны кейбір аталарымыз итке ...