• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Жеті қазына » Ителгiнiң қызығына түссең…

    Ителгiнiң қызығына түссең…

    Әуесқой аңшылар дабыл қағуда.  Солардың бірі – Совет Сейітовты  тыңдасақ, елімізді мекен еткен өте сирек құстардың бірі – ителгі құрып кетудің аз-ақ алдында. Оның өзінде де табиғат қорғаушылардың өздері мен аңшылардың «арқасында». 

    Онсыз да «Қызыл кітапқа» енгізілген жыртқыш құстың ұясы жиі бұзылады екен. Өйткен себебі аңшылар ителгіні қолдан өсіретіндерге жұмыртқасын сатып, нәпақа табады деседі. Ал олар өз кезегінде ителгіні шетелге, атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктеріне сатып, пайдаға шаш етектен кенеліп отыр деген пікір қалыптасқан.

    «ҚАСҚЫРҒА ҚОЙ БАҚТЫРҒАН…»

    Ел аузынан есіткеніміз – арабтар бір ителгі үшін 3-5 мың долларын аямай шаша салатын көрінеді. Бірақ олардың көз құрты қолда өскеніне емес, сайын даланы мекен еткен нағыз жыртқышына түседі екен. Өйткені олар құсты сән үшін емес, аңға салу үшін баптайды. Әмірліктерде ителгі аса қасиетті құс саналады. Тіпті суреті мемлекеттік туында бейнеленгені де тектен-текке емес-ау, шамасы. Арабтардың еңбектеген сәбиі мен еңкейген кәрісіне дейін ителгі баптауды сәнге айналдырыпты. Ол жақта біздегідей дүние-мүлікке, үй-жай мен көлікке деген қызығушылық жоқ екен. Мақтанатын байлығы – осы ителгі. Ұлдар атқа қонатын жасқа жетісімен, оларға әкесі ителгі сатып алып береді деседі. Тіпті белгілі бір күні алқа-қотан отырып, таңды таңға ұрып, әркім өз ителгісін мақтап, сипаттауды да дәстүрге айналдырыпты. Сондықтан ителгінің қандай болуы керек екенін арабтардан артық ешкім білмесе керек.
    Бұл жыртқыш құс Әмірліктерде де бар. Бірақ жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында онда ителгі саудасы қызады. Жан-жақтан әкелінген ителгінің неше түрін араб­тар шекесінен шертіп жүріп таңдап алады. Арасында Қазақстаннан апарылғандары да бар. Бірақ арабтар қолдан өсірілген ителгіге көз қиығын да салмайтын көрінеді. «Өйткені қамауда, тәлімбақта өскені аңға шығу түгіл, өзі аң-құсқа жем болуы әбден мүмкін екен. Жабайы табиғатта мүлдем күнін көре алмауы да ғажап емес. Инкубатордан шыққан 100 ителгінің біреуі табиғатқа жіберілгеннен кейін тірі қалса, соның өзі жақсы. Сондықтан ителгіні қолдан өсірудің табиғатқа келтірер еш пайдасы жоқ»,  – дейді әуесқой аңшы Совет Сейітов. Оның ұсынысы – осы ителгі мәселесін мемлекет өз қарауына алуы керек. «Түрікмендер ақалтекені қалай мемлекет деңгейінде құрметтесе, қазақтар ителгіні де сол дәрежеге жеткізуі керек. Біреу-міреу құстың бекзатын сыртқа шығарып сататын болса, мемлекет қазынасына қыруар қаржы құюға тиіс», – дейді ол. Оның айтуынша, қамауда өскен ителгінің  тіпті жұмыртқалауы да некен-саяқ. Совет Сауытұлы бүгінгі ителгі мәселесін кезіндегі сайғақ мәселесімен салыстырып, бір қатарға қояды. «Сайғақтың мүйізі аса қымбат болғандықтан, бір кездері оған ерінбегеннің бәрі шүйлігіп, тұқымын құртып жібере жаздады. Сол кезде мемлекет бұған тосқауыл қойды. Қазір ителгіні сатуға да тыйым салу керек», – дейді ол.

    «ЖАМАНАТТЫ БОЛАР ЖАЙЫМ ЖОҚ»

    Бұдан соң іле-шала ителгіні қолдан өсіретіндерді іздестірдік. Мұндай шаруамен айналысатын жалғыз кәсіпорын  Алматыдағы «Сұңқар» орталығы екен. Ол 1989 жылы жыртқыш құстарды қалпына келтіру мақсатында ашылған. Оған Германияның  жыртқыш құс өсіруде жоғары технологияны меңгерген кәсіпорындары да атсалысты. Бастапқыда Алматының хайуанат бағынан 13 ителгі сатылып алынған. Кейін солар көбейтілген. Осы жылдар ішінде тәлімбақта 1300-ден астам құс өсіріліп, оның 471-і табиғатқа жіберілген. Тәлімбақ,  негізінен, ителгі өсірумен айналысады. О баста ителгіні шетелге сату туралы ой да болмаған. Өйткені Қазақстан тәуелсіздік алған соң «СИТЕС» Конвенциясына (сирек құстар мен өсімдіктер саудасы жөніндегі конвенция) енбей қалған. Сондықтан тәлімбақ бес жыл бойы құстарды шетелге шығара алмапты. Орталықтың қазіргі директоры Ашот Анзоров бұл жерде 15 жылдан бері жұмыс істейді екен. «Бұл – Қазақстандағы осындай жалғыз орталық. Біз ешкімнен ителгінің өзін де, жұмыртқасын да қабылдамаймыз. Рас, әкелушілер болған. Бірақ біз өз атымызға кір келтіріп қайтеміз? Оның үстіне, бізге айына 2-3 рет арнайы комиссия келіп тексереді. Әр жұмыртқа тіркеліп, қатталады. Әр жұмыртқаның, әр құстың өз құжаты бар. Ол қағазсыз ителгіні шетелге шығару мүмкін емес. Оның үстіне, 15 күндік балапанның аяғына сақина саламыз. Соның негізінде мемлекеттік мекеме арнайы төлқұжат береді. Сақинада нөмір жазылған. Сол арқылы арқылы құс туралы барлық ақпаратты білуге болады, ол  орталықта сақталған.  Құс есейгеннен кейін оның аяғына мұндай сақина кигізу мүмкін емес қой. Сондықтан біздің тәлімбақта тек өзіміз өсіріп шығарған құстар ғана бар. Олардың бәрі де осындағы ителгілердің жұмыртқасынан басып шығарылған. Тіпті біздің кейбір құстарымыз жабайысынан да артық деп батыл түрде айта аламын. Өйткені, мысалы, мен өз басым осы бағытта тынымсыз жұмыс жүргізіп келемін. Ителгінің түр-түрін бір-бірімен будандастыру арқылы бүгінде арабтар қатты бағалайтын ең асылтұқымын жасап шығардық деп айта аламын. Түр-түсі осындай керемет, сымбатты, сұлу құстар табиғатта да кездеспейтін шығар. Егер дәл осындайын біреу әкеліп берсе, жүз ителгімді айырбастар едім. Әйтпесе  аңшылар ұстап әкелген кез келген құсты қабылдай беріп, жаманатты болар жайым жоқ», – дейді Ашот Амиранұлы.
    Оның үстіне, ителгіні асыраудың өзі де арзан кәсіп емес екен. Бұл орталық оларға жем ретінде егеуқұйрық өсіреді. Соларға күніне 400 келі ет, 240 келі сұлы береді екен. 2-3 күн сайын астындағы ағаш үгінді төсенішін ауыстырады. Егеуқұйрықтар үшін арнайы чех құрал-жабдығын сатып алыпты. Оның өзі – қып-қызыл ақша. Сондай-ақ күніне тауықтың бір тәуліктік 2 мың балапанын сатып алады. Бұл да ителгіге тамақ. «Өз ителгімізді тойдырып алайық. Бөтені керек емес», – деп әзілдейді директор. 
    Құстың бекзатын Біріккен Араб Әмірліктеріне апарып сататынын жасырып отырған жоқ. Сондай-ақ Германия, Жапония, Ресей мен Австрияға да шығарады екен. Бірақ қазір ителгі саудасы бұрынғыдай қызу емес көрінеді. Ителгі саудасының бәсеңсігенін Ашот Анзоров бірнеше себеппен байланыстырады. Ең алдымен, арабтар аңға шығатын аумақтың тарылғаны.  Екіншісі, араб елінің ителгі десе ішкен асын жерге қоятын бұрынғы басшысы дүниеден өткені себеп. Әр елдің басшысы қай нәрсеге құмар болса, халқы да соған құштар. Мысалы, бізде Елбасы шаңғы теуіп еді, бәрі жаппай Шымбұлаққа жамырады. Гольф ойнап еді, бәрі осы шарға құмартты. Басқа елдерде де дәл осылай. «Әмірліктің бұрынғы президенті ителгіге, аңшылыққа әуес еді. Сондықтан халқы да мұндай кәсіпке ынтызар болатын. Ал қазір жағдай басқаша. Сондықтан да болар, әмірліктерде бұрынғыдай сауда жоқ», – дейді А.Анзоров.
    Бұл орталық өздері өсірген ителгіні үш топқа бөледі екен. Бірі – арабтарға сатылатын құстар. Екінші тобы 15-20 шақтысы ұя басу үшін орталыққа қалдырылады. Ал 40-50 ителгі жыл сайын табиғат қорғаушылардың бақылауымен Алатауды бөктерлеп, қанат қағып кетеді. 20 жыл ішінде 600-ден астам құс табиғатқа жіберілген. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке тәрбиеленеді екен. Мысалы, арабтар бұлшық еті дамымаған, яғни ұзаққа ұшпайтын, бапталмаған құсты сатып алмайды. Сондықтан  орталық мамандары сатуға даярланатын құстарды аңға жиі салады. «Бірақ тәлімбақта өскен ителгіге олардың аса қызықпайтыны рас. Біздің құстардың кейбіреуі жабайы ителгілерден де артық болса да,  араб­тарды «тәлімбақта өсті» деген сөздің өзі үркітеді», – дейді Ашот. Ал ұшырылған құстардың кейінгі тіршілігін бақылау мүмкін емес екен. Ол үшін арқасына өте қымбат аппарат орнатып, оған тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінен рұқсат алу керек көрінеді. Сондықтан орталық мамандары өздері ұшырған құстардың кейінгі тағдырынан бейхабар.

    СЫРТ КӨЗ

    «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтен осы мәселеге қатысты пікірін сұраған едік. Өз ісінің маманы табиғатта өскен ителгінің басқаша болатынын, яғни нағыз қыран екенін, ал тәлімбақтан шыққаны шынымен де біреуге жем болатынын мойындады. Бірақ ол жабайы ителгінің жұмыртқасы біреулерден сатып алынып, басып шығарылып, шетелге саудаланады деген пікірді теріске шығарды: «Сұңқар»    орталығының мамандары өздері өсіріп шығарады, үйретеді, тәрбиелейді. Шетелге шығарып сатуға да хақысы бар. Біздің Үкімет осы тәлімбақтан сатып алып, табиғатқа ұшырса, көмек болар еді.  Ал табиғаттан ұрлап шетелге сатып  жатқандарды, әрине, соттау керек»,  – деді М. Елеусізов.
    P.S. Әуесқой аңшы С.Сейітовті елімізде ителгі өсірумен бір ғана орталық айналысатыны да толғандырады екен. «Осы шаруаға бейімі, қабілеті барлардың бәріне неге айналыспасқа? Жалпы, бұл шаруаны неліктен мемлекет бақылауына және қамқорлығына алмасқа?» – дейді ол. Біз осы мәселеге қатысы барлардың пікірін газет бетінде жариялауға әзірміз.  


    Роза ШӘКЕЕВА, 

    “Жас қазақ” газеті

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей

    «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, бабамыз жеті қазынаның бірі ретінде құрметпен қараған тазыны кейбір аталарымыз итке ...