• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Жеті қазына » Ер қанаты – ат

    Ер қанаты – ат

    Әр жылға бір жануардың атын беріп отырған қазақ ер халық. «Ер қанаты – ат, ол сенің басыңа қонған бақ, астыңдағы алтын тақ деп бағалайды», бұл дауысы бірнеше шақырымға жететін атақты әнші Жүсіпбек Елебек ағамыздың үйіндегі Хабиба жеңгеміздің айтуы.

    Қала балалары жылқыны тек теледидар экранынан көретін қазіргі уақытта, жас ұрпақ түгілі жасы үлкендер де ғасырлар бойы адамның жан жолдасы болып келген осы жануар туралы не біледі екен? Басқаларды қайдам, өз басым қашан атқа мінгенім еміс-еміс есімде. Бала кезде әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының анасы, әжем Алтынның белінен құшақтап темір жолдың бойымен Бадам елді-мекеніне жай жүріп барғанымыз жадымда қалыпты. Жылқы малы туралы тағы бір айшықты есімде қалғаны Мұхтар Әуезұлының «Абай жолын» оқығандағым: «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққанды. …Күнұзын аттан түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған.  Кей-кейде Көкүйірім мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты  қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы  жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады».

    Қазақтың атқа құмар екенін нағашым Жамалханның өмір бойы темір тұлпар-машина айдап, жүргізуші болып жұмыс істей жүріп, қорасында көкпарға шығатын аты болғанын көріп өстім. Атты жақсы көру қазақтың қанына сіңген қасиет. Оны Шымкентте дүниеге келген ұлымды бірде ауылға апарғанда білдім. Мектеп жасына жетпеген бала ат үстіне кәдімгідей мініп кете барды. Ол атқа мінгеніне қуанды, ал мен қайтер екен деп уайымдап тұрдым. Бекер олай ойлаппын.

    Сонымен, жылқы мінездес халықтың өкілдері болып табылатын біраз таныстарыммен сөйлесіп, осы бір киелі пырақ туралы білетіндері шамалы екенін байқадым. Бұл мақала осылай жазылды. Иә, жылқы малы туралы не білесіз?

    Қазақтың өмірінде жылқы малы ең басты орын алатыны дүниеге нәресте келгендегі тілектерде де көрініс тапқан. Қыз бала туса «мыңжылқы» деп бойжетіп ұзатылып, той қызығы туралы қуанса. Ұлбала туралы «Ат байлар, ат ұстар» деп қуанған. Ұлы жазушы Сәбит Мұқанұлы өзінің ұлы туғаны туралы «Өмір мектебі» кітабында былай деп жазған: «Жас баланың даусы шар ете түсті… «Ақ түйенің қарны жарылды!» деп шу ете қалды үйдегі қатындар. «Ұл!.. Ат-ұстар!..» деп айғайлап қалды біреулер». Кішкентай балаларды ашамай ерге отырғызу қазақтың тұрмыс мерекелерінің бірі.

    Кімге болса да ат қойғыш қазақ, жылқы малына да дұрыс атау беруде алдына жан салмаған халық болар сірә! Дөңасар, Көкбикеш, Торқасқа, Желтимес, тағысын тағылар. Тарихта солардың қаншамасы сақталып қалғанына тәубе деу керек.

    Ұлы ғалым Шоқанның атасы Уәли ханның аты – Көксырғанақ, ал батыр Исатай Тайманұлының аты – Ақтабанды Махамбет өлеңіне қосқан. Сегіз серінің, Мұхаммед-Ханафия Баһрамұлының аты – Бозшұбар. «Жекейторы – Кенесарының батыры Нысанның аты. Бұл деректі Нысанның інісі Сәрібай Қайып Айнабекұлына айтқан»; «Ілиястың (І.Жансүгірұлы – Б.О.) Керқұласы да әлгі Сәкеннің (С.Сейфуллин – Б.О.) Керкөжегімен туыстас, не нағашысы, не жиені болар». Соңғы екі мәлімет жазушы Сәйділ Талжановтың «Өткен күндер сөйлейді» кітабында келтірілген.

    Атқа есім таңдау қазақ сөз өнерінің небір қызық жақтарынан табылады. Кенен атамыздың Көкшолағын кім білмейді?! Ақын атамыз қызы Төрткен апамызға аты туралы былай әңгімелеп берген екен:

    • Әкем Әзірбай өзінің бірнеше жылғы тапқан-таянғанын жинап,

    нағыз қолдың қысқалығымен жүріп-жүріп елі іргелес қырғыздардың Тоқпақ қаласының базарынан бір күні құйрығы да, жалы да жоқ, ыңыршағы айналған арық ат сатып әкеледі. Атты көрген мен: «Ата-ау, мынаның құйрығы да, жалы да жоқ, нағыз көкшолақтың өзі ғой», – деп күлдім. Сол күннен бастап ат Көкшолақ атанып кетті. Келесі күні-ақ мен оны қойға мініп шыға келдім. Көкшолағыма мінгеннен-ақ көңілім кәдімгідей көтеріліп, шабыттанып, өз атыма өзім өлең шығарып:

    Сатып алдық базардан Көкшолақты,

    Құйрығы жоқ, жалы жоқ шоп-шолақты.

    Өзі сәурік, көктемде байтал қуып,

    Бір жағынан азынап құдай атты.

    Әкем бойдақ, мен бойдақ, ат та бойдақ,

    Қайда барып бағамыз үш бойдақты, – деп, өзім де күліп,

    өзгені деп күлдіріп жүрдім. Кенен ата  тарихынан хабары бар қазақтың баласы, байдың қызы Шәлипамен айтысқанда қайырмасында «Арам қатқыр Көкшолақ» деп айтылатын ойнақы сөздері бар елге кең тараған әннің басты кейіпкеріне ат осылай таңдалған екен.

    Атқа міну қазақ тұрмысының сәні де мәні де болған. Атқа дұрыс міну өзінше бір жеке өнер десе де болады. Халқымыздың бетке ұстар жазушысы «Мұхтар Әуезұлы туралы естеліктер» кітабында былай деп жазылған: «Ерке Қараның қадірі – оның үнемі оқыс сөйлеп, оқыс іс істеп, ойда жоқ жерде қауымды күлдіріп, қызыққа батыруында. Оның жолбастауы да, жүрісі де ерекше. Ол көлікті әсте желдіртпейді, суыт аяңдатып отырады. Енді бірде сәтте «Қоңыр төре жалпылдақ» деп шоқырақ шабысқа түседі. Шоқырақ шабысқа төселе алмай, шаба жөнелген жігітті, қамшымен қайырып, жиынға қайта айдап келеді. Оның мінген аты, мейлінше аяңшыл болады, ол қай атқа мінсе, сол ат аяңдай жөнеледі». Дәл осыны бүгінгі қазақ шын ынта-шынтасымен түйсінсе де дәл бұрынғы қазақтай сезіне алар ма екен?!

    Мақаламның басында Жамалхан нағашымның атын еске алдым ғой. Ол кісінің аты колхоздағы үйдің қорасында тұратын. Ол Кеңес өкіметі тұсында ғой. Ал енді жеке бір атқа бір киіз үй тігу де қазақтан шыққан мырзалық. Қазақта не көп әдет-ғұрып көп. Солардың біршамасы жылқы малына байланысты: «Асқа келген бәйге аттың бас-басына бір-бір үйді оңаша беретін елдің ежелгі ережесі. Үй кісінің санына қарап берілмейді, бәйгі атқа беріледі. Алтай-Тоқада осындай әдет бар.» Бұл да Сәйділ аға кітабында айтылған дүние.

    Бәйге атына ерекше көзқарас болғанын әнші Жүсіпбек Елебековтің бала кезін еске алғанынан да білуге болады: «Енді ауылдың сыртындағы тұмсықтан ары қарай шаңдата шауып бара жатқан бір топ адамдарға қарадым. Бұлар ертеңгі болатын үлкен жарыстың алдында атының терін алу үшін қаражарыспен кетіп бара жатқандар екен. Енді кейбіреулер бәйгеге қосатын атының көзінен басқасының бәрін жабумен  жауып, күннің қызуынан, адамның көзінен қорқатындай бүркеп, маңына ешкімді жуытпайды; Ел арасы шалғай болса да кімде қандай жүйрік ат барын біліп отырады. Ол кезде жүйрік ат бүкіл бір тайпа елдің атын әйгілі етеді. Осындай үлкен астарда алдымен келген атты ел жүздеген жыл бойы бас қосқан жерде «пәлен жылы пәленшенің асында, бәйгіден келіпті» деп айтып жүреді».

    Әрі балажан, әрі қонақшыл, әрі құдасын құдайындай сыйлайтын қазақтың жақсы мінездерін айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Қазақ үшін сыйлықтың ең үлкені ат. Құрметті оқырман, әрине «Абай» энциклопедиясын оқыған боларсыз. Оқымасаңыз да бір аударғаныңызға сенімім мол. Осы басылымда ат сыйлаудың үлгі аларлық мысалы бар: «Ақынның ұлы Әбдірахман Верныйда (Алматының орыстар қойған аты – Б.О.) қаласындағы ауруханада жатқан кезінде оны күтуге кенже баласы Мағауияны жібереді. Мағауия Верныйдың базарында ұлы жүздің Дәт деген адамына кездесіп танысады. Мағауияның Абай баласы екенін білген соң, ол ақынға дұғай сәлем айтып, Торжорға атын сыйға тартады».

    Елдің тентектерінің қылықтарын жылы-жауып қоя салу да қазақтың дарқан мінезі. Осындай бір тарихи оқиға да атқа байланысты. Бұл туралы ақын Жамбылдың хатшысы болған Ғали Ормановтың күнделігінен білдім. «20 июнь, 1939 жыл. Қопабай және бір-екі туысы келді. Қопабайға айтты Жамбыл: «Екеуміз ертеде Арысқа, Түркістанға барғанымыз есіңде ме? Майлықожа, Құлыншақ ақындардан «Шора батыр», «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық» қиссаларын тыңдап, қайтарда атымызды ұрлатып жаяу қалғанбыз, ел болып ат мінгізіп қайтарып еді. Ой, ол да қызық күндер екен ғой», – деп жас кезін еске алды». Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлының Абайдың замандасы, қазақтың ұлы ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылығын зерттеуге ден қойып, ғылыми жолға түсуіне әсер еткен Жамбылдың өлеңіндегі: «Майлықожа, Құлыншақ пірім еді бас ұрған» деген бір ауыз сөзі де тек оңтүстіктің ақындарынан үйренгеніне ғана емес, ел адамдарының аттарын ұрлатып алған ақын мен оның досына ат мінгізген дарқандығына берілген баға болса керек.

    Ат үстінде өмірі өткен қазақ халқы деп айтуға тұрар елдің жылқы малы туралы білетіні де көп. Керек кезінде мәпелеп, баласындай бағалап қараған. Егер алда-жалда бір дертке ұшырап қалса атты емдей алған да қазақ халқы. Қазақ сахнасының белді шеберлерінің бірі Қапан Бадырұлы «Өткендер мен өткелдер» атты өмірбаяндық кітабындағы мынадай естелік келтірген: «Атам марқұм оташы әрі емші еді. Ерте кезде елге шеттен оташы келмеген. Ерекше қасиетті неше түрлі дәрі-дәрмекті, өзіне керек шөпті, өсімдіктің дәнін жинап, тамырын қазып жаз бойы жиятын да, керек мезгілінде кепкен шөп тамырларының үгінділерімен қоса қайнатып бірді-бірге араластырып, дәрі жасап ауру малдарды жазатын. Күні бүгінге дейін әлі есімде, Ахмағамбеттің қызыл күрең атын көз алдымызда жазды. Делбе ауруымен ауырған мал от оттап, су ішпей айналып бір орнында жүре береді екен. Әкем сол аттың құлағының артқы түп шекесінен қашаумен қашап, оймақ аузындай сүйегін алды да, өз дәрісін беріп, терісін қайта тігіп жіберіп атты жазғанын көзім көрді». Жылқы малын емдеудің шеберлері қазақ даласында аз болмаған. Халық Қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының да әкесі бұл кәсіпті жақсы меңгерген кісі болғаны белгілі.

    Бұның бәрін тәптіштеп жазып отырған себебім, жылқы малын қазақтай жақсы көретін, жақсы білетін халық жоқ па деп қаламын. Қазақта не көп сөз көп. Бұл жылқы малына да байланысты. Ал санай беріңіз: Айғыр, Арғымақ, Арда емген, Арқалық, Ат жабу, Ауыздық, Әуке, Байтал, Бедеу бие, Бесті, Боз ат, Делбе, Дөнен, Жабағы, Жабы, Жал, Жан қайыс, Жарғақ, Жорға, Жортақ, Жүген, Жылқышы, Кекіл, Кер ат, Күйсіз күлік, Қазанат, Қамыт бау, Қанжыға, Қаңтару, Қасаба, Қулық, Құла, Құлын, Құнажын, Құнан, Қыл, Қысыр, Қысырақ, Мама бие, Мәстек, Наз бедеу, Неук,  Ноқта, Өмілдірік, Парыл, Саба бие, Саңлақ, Саяқ жылқы, Сәйгүлік, Сәурік, Табын, Тай, Тақым, Таң асыру, Таралғы, Тарпаң, Тартпа айыл, Текірек, Терлік, Торы, Тумыш, Тұғыр, Тұлпар, Тұяқ, Үйір, Ұма, Ұрық, Шабдар, Шап айыл, Шаужай, Шаша, Шідер, Шоқтық, Шылбыр. Бұл тізім қаланың баласы менің аз уақытта әр жерден жинағаным. Ал ауыл адамының не білетінін еш ғалым ешқашан жинап тауыса алмас. Кім біледі, мүмкін енді кеш те болар.  Барлық жерді темір тұлпарлар жаулап жатқан заман ғой…

    Әпкем Шәрбану бала кезінде атамыз Оспан Қосымбетұлына, ата радиодан Құрманғазының «Қайран шешем» атты күйін беріп жатыр, тыңдайсыз ба, депті. Сонда атам жәй дауысымен, е, шырағым, оның бәрі бізден қалған ғой, деп жауап беріпті. Менің атам туған жері Көмешбұлақтан көп ары жерлерге аты шыққан мықты көкпаршы, жақсы домбырашы болған кісі. Ғұмырының көп жылын Шымкент Қорғасын зауытында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Уақыты келген соң бабалары жолына түсіп, намазын құрғатпаған адам еді. Сол кісі айтқандай, атқа мініп кімді де болса таң қалдырар мініс-шабыстар да қазақтан қалған ба деп қаламын.

    «Онда мен баламын ғой, шаршап ұйықтап қалыппын, өз арбамның қорабында жатыр екенмін, айқай-дүбірден ояна кетсем күн жайнап келеді, тойлы жұрт ауыл алдындағы жазыққа қарай жапа-тармағай жүгіріп барады, мен де зымырап бердім. Қарасам алаңқайда албырт жігіт ақбозбен шыр айналып, ойнақ салып жүр. Құйындай жосыған ақбоз аттың үстінде бұл жігіт қаңбақтай дөңгелейді, әп-сәтте аттың жалына жармаса қалса, кенет ұшып тік тұрып шапшаң аттың үстінде тұрып ән шырқайды, аттан жылдам жерге сырғып түсіп, көз ілескенше қайта қарғып, ат үстінде теріс мінеді де, жұртқа қарап қол шапалақтайды… Ақбозды жігіт атының басын тамашалаған жиынға бұрды, қайран қалғаным-ай, топ алдына келді де, ақбоз аттан Иса ақын ыршып түсті. Бұл өнерге риза мәз-мәйрам болған жұрт Исекеңе алғыс жаудырып, ақбоз аттың шылбырынан ұстаған Рамазан:

    • Иса аға, сізге лайық жануар екен, сізге мүлде басымен сыйладым…

    серігіңіз болсын – деп ақынның қолын қысты… Жұр қошеметпен қол соғып жатыр». Бұл қыран қаламды ақын Қалижан Бекқожин ағамыздың бала кезін есіне алып толғанған әңгімесінің бір үзігі.

    Құрметті көзі ашық, көкірегі ояу оқырман, бір жеке ердің ғана емес, аумағына бес Франция сиып кететіндей ұлан-ғайыр жері бар, бүкіл бір халықтың, сіздер мен біздердің жылқы малының алдында берешегіміз көп. Оған әлі талай-талай әуезді әндер арнап, көз тартар ескерткіштер орнатуымыз парыз.

    Бердалы ОСПАН,

    “АДЫРНА” ұлттық порталы.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Жеті қазынаның бірі болған маңғаз бітім

      АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – «Бүгінгі күнде Қазақстанда таза қанды төбеттер аз ...