• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Жеті қазына » Бүркіт – киелі құс

    Бүркіт – киелі құс

    Өмірі мен тарихы әріден келе жатқан, сүрлеу-соқпағы ықылым заманнан арнасын  тартқан  қазақ халқын көзге қалай елестетуге болады. Оған берер жауап дайын. Біз әрдайым қарапайым,  еңбекқор, қажырлы, та­банды халқымызды қыран құсы, ұшқыр та­зысы мен жүйрік аты және  үкілі домбырасы ар­­қылы  танып білеміз. Ата-бабамыз осы дүние­лер­ді қастерлеп ұстаған, серігі еткен. Қара­пайым қазақ тірліктегі  нәсібін де  осылардан  тауып, азық еткені мәлім. Халқымыз­дың ежелгі сал­тында қыран баптап, аңға шығу дәстүрі қалып­тасса, мұны спорттың бір саласы, саламатты өмір салтын ұстану десе де болады. Таза ауада уақыт өткізудің өзі бір ғанибет екенін бастан өткерген жанмын.

    Менің арғы аталарым, әкем  қыран құс, бүркіт ұстаумен  айналысты. Бұл жақсы үрдіс маған бала  кезімнен таныс болды десем артық айтпаймын. Әкемнен көргенім, әрдайым айтып, көзбен көрсетіп үйреткені бар, кейін азамат болып ат жалын тартып мінгеннен кейін  бүр­кіт­пен өзім де  шындап, беріле айналыса бас­тадым. «Тұйғын», «Алғыр» секілді бүркіт­терім­мен аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орынды иелендім. Кейін Көкшетауда  өткен республикалық  жарыста жүлделі 2-орыннан көріндік.

    Бүркіт – киелі,  қастерлі құс.  Қыран құстың жадағайын қазақ төріне  іліп қоятын. Бүркітті  ежелден «қасиетті құс» деп  қастерлеп, «дала  сермеңдесі», «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қа­наттылар ханы» деп  құрмет тұтты.  Елімізде бүркіт көбінесе Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау таулары мен орман алқаптарында  кездеседі. Бүркіт – жыртқыш құс. Бүркітті ақиық,  мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт,  су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп атайды.

    Бүркіттің түсі қоңыр. Салмағы 4 кило­граммға дейін барады. Дене  тұрқы – 95 сантиметрге дейін  болса,  жайған қанаты  2 метрге  дейін  жетеді. Қанатының  шеткі  қауырсын­дарын  шалғысы  деп атайды. Ал құйрығының  ортасындағы екі қабат әлді қауырсынын «көбесі» деп, қалғандарын «жебесі» деп атайды.

    Аяғы 4 саусақты, оның артқысын  «тегеуріні», ішкісін «жем басар», ортаңғысын «сы­ғымы», шеткісін «шеңгелі» деп атайды. Бүркіт суыр, қоян, түлкі, борсық аулайды.  Тұяқты  жануарлардан  ақбөкен, елік, таутеке, қара құйрық секілді  аңдардың  төлін жейді.

    Ол таудың  биік қияларына  сексеуіл, то­раңғы, тағы басқа ірі бұта, ағаш басына  наурыз-сәуір айларында жұмыртқа салып, 45 күнде балапан басып шығарады. Мен көбінесе балапанын ұядан емес, жаңадан  ұшыра бас­таған  кезінде қолға тү­сі­ріп, бағып жүрмін.  Қара қанат болған  кезінде бақ­қан дұрыс.

    Қазақ бүркітті  ерте ке­зден  ұстаған. Аңшы­лық­қа  үйреткен. Алғашында  қолынан жем жеуге  дағ­дыландырған. Содан кейін  құсты алыста  тұрып  ша­қырып,  өздігінен келіп жем  жеуге  баулыған. Мұнан кейін  ат үстінде  тұрып жем­ді  көрсетіп,  шақы­рып,  қолына келіп қонуды үйретеді. Содан соң  құсқа жемді  аң терісін үстіне  қою арқылы  алғызып үй­ретеді. Бүркіт аңға үш тәсілмен – шаншыла, сы­пыра және іліп түсу арқылы  түседі.

    Бүркітті қолға  үйре­тіп,  аңға салу үшін  қа­жетті  бұйымдар:  тома­ға, тамақ бау, балақ бау, балдақ болады. Әрқайсының  өз қызметі бар.

    Үйімнің жанындағы  арнайы  жасалған торда  бүркітімді  бағып отырмын.  Уақтылы таза еттен тамағын беремін.  Бүркіті бар үйде  жын-шайтан болмайды деген ұғым бар. Бүркіт – ердің  серігі. Құстың алдынан  қыз-келіншек, бозбала­ларды өткізбейді. Айналып өтуі талап етіледі.  Бүркіт бір сілкінгенде  үйден бір пәле  кетеді деп  ырымдайды. Жақсы қыран құсы қаза болғанда  құс иесі қатты қайғырып, аза тұтады. Құстың  денесін  ақ шүберекке орап,  тау-тас  жақпары­на, құс ұясына жақын жерге жерлейді. Бүркіт­тің  қанат, құйрық қауырсынын, бас терісін,  тұя­ғын, аяғын алып үйдің төріне түс киізге, жас баланың  бесігінің басына  іліп қояды. Мұның себебі,  қасиетті  құс адамды  пәле-жаладан, көз-сұқтан, қатерден сақтайды, баланы  шошынудан  қорғайды дейді.  Бұл – шындық. Дәлелденген дүние.  Құсбегі  бір үйге  құсымен кірсе,  кетерінде  бүркітінің  иығына шоқ үкі тағып шығарады. Шошынған  адамның  басына  бүркітті  қонды­рып жатады. Толғақты  жеңілдету үшін де  үйге  бүркіт  әкеліп, әйелге  көрсететін  ырым бар.

    Қазір бүркіт қазақ саятшыларының  қолына ұстар, аңға салар  алғыр  қыраны, қызықты спорт өнері.


    Бағашар НАУРЫЗБЕКОВ, бүркітші,

    Алматы облысы,

    Райымбек ауданы.

    «Егемен Қазақстан» газеті.

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей

    «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, бабамыз жеті қазынаның бірі ретінде құрметпен қараған тазыны кейбір аталарымыз итке ...