• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алаш ұлдары » Жүсіпбек Аймауытұлы Науан Хазіретті неге сынады?

    Жүсіпбек Аймауытұлы Науан Хазіретті неге сынады?

    Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылып жүрген «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінің көрермен назарына ұсынылмағаны бір жылдан асты. Өйткен бір топ көкшетаулық зиялы қауым өкілдері аталған туынды да Науан хазірет жағымсыз сипатта көрсетілген деп Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының атына хат жолдаған болатын. Аталған хаттың салдарынан Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы «қуғын-сүргінге» ұшырап отыр. Ал шын мәнсінде Науан хазірет қандай болған? Бұл жөнінде 1914 жылы Жүсіпбек Аймауытұлы «Айқап» журналына «Көкшетауда көргендерім» атты мақала жазады. Көкшетаудағы білім беру, оқу ісінің хал-күйінен хабардар ететін мақалада Науан хазірет жайлы, оның айналадағы жасап отырған ісіне төмендегідей баға берген екен.

    «Көкшетауда көргендерім»

    Көкшетау қаласында екі мешіт бар екен, біреуінің имамы Науан Хазірет (Қазақ) мұның медрессесінде әліпбиден бастап жиырма-отыздай ескі-құсқы кітап бар. Қазақ шәкірттері жылы жерде тамақтарын асырап қана жатады екен, оларға барып амандастым.

    Медрессенің ішіндегі тәрбиесі болар-болмас болды, сыртындағы тәрбиесі шәкірттері тып-тыныш уақытта топ-топ болып құр көше кезіп жүреді екен. Шәкірттер медресседе несіне табан тоқтатып отырсын! Онда көңілге ұнарлық дәрістің жайы манағы. Көшеде жүріп көзге түспей қайтсын, бір мезгіл заманадан хабардар болып, шаттықпенен бой жасап отырарлық ол шәһәрде кітапхана, қирағатхана дегендердің исі де көрінбейді.

    Оның үстіне медресенің ішінде болсын, тысында болсын газет-журнал һәм жаңа шыққан жанды кітаптарды оқу шәкірттер үшін және харам екен, мұны айтасыңдар ма? Көкшетаудың іші түгел, тіпті бұған қараған он бір-екі болыс Атығай, Қарауыл баласына газет-журнал оқуды һәм жарқыраған жаңа мұғалималар ұстап, жандай ғазиз балаларына тезірек жарық сәуле көрсетуді мүлде харам қылып қойса керек.

    Өйткені мен үйден шығып Бейімбетск, Айыртауск, Шалқарск, Мезгілск һәм Зерендинск Көкшетауға қараған қатар бес болыс елде не бір газет- журнал, не бір жаңа шыққан кітап оқыған һәм төте оқумен балаларын төтелетіп, жарыстырып жатқан Атығай, Қарауыл бір адам, бір ауыл көре алмадым.

    Бұлардың осылайша қап-қараңғы болып тұруларына себеп Науан Хазіреттің өлеңдегі сөзімен айтқан насихаты болса керек қой. Өйткені сентябрь жұлдызының ортасында Көкшетау шәһәрінде үлкен базар болады. Ол базарда Көкшетауға қараған Атығай, Қарауыл баласы түгел жиналады. Сонда Көкшетау елінің басты адамдарының хазіретке амандаса кететін дағдылары бар. Сондай өздері иіліп келген жұрт ағасы адамдарға хазірет мынаны айтуы керек еді.

    Мына заманның дін менен күндеріңізді бірдей тарылтып, сірә, жеміріп бара жатқан жайы бар-ау. Енді мұнан былай балаларыңызды орысша, мұсылманша бірдей оқытып, діні мен күндеріне бірдей ие болғандай қылып тәрбиелей көріңіздер және құдайы қылып беретін садақыларыңыз болса, оны бір қолменен жинатып, оған мектеп-медресселер салдырып, медресселерге мұғалім алдырып һәм пақырларыңыздың балаларын оқытуға да осылай жәрдем бере көріңіздер. Мұнан былай партия қуып, құдайыңызға дұшпан болып, пақыр халқыңызға бүліншілік салмаңыздар. Жау жақындап, минут, сағаттарды көріп, жағаларыңа түкіріп алақайлап тұрған заманда өзді-өзіңіз жұлына берсеңіздер сорларыңыздың тізеден қайнайтыны анық. Және жалған ант, өтірікке куә болып имандарыңыздан айырылып, ең түбінде құдайыңыздың дидарын көре алмай жүрмеңіздер, жаным деп өзі иіліп келген жұртқа хақ уағызды қақылдап тұрып жылай-жылай айтқан болса, қара халық ұқпай, сірә, қоймас еді-ау.

    Бірақ қазақтың ашылмайтын сорына не амал бар? Манағы арлы адамдарға хазіреттің өлеңдегі сөзі қылып айтатын насихаты қашанда мынау болады:

    – Құдай сақтасын, газет-журнал һәм жаңа шыққан кітаптар болса, алып оқымақ түгіл, қолдарыңызға да ұстамаңыздар. Тіпті тілдеріңізді алатын адамдарға да алдырмаңыздар! Және құдай сақтасын, төте оқумен оқытатын мұғалімдер ұстап балаларыңызды бұзып алып жүрмеңіздер, онан қайта надан қалпы артық деп. Бұл күндегі зор шаһарларда сүйріктей болып оқып келе жатқан шәкірттерді қара халыққа орыстың миссионерлерінен де жаман көрсетіп олардан үркітеді.

    Шыныменен хазіреттің осы насихатынан кімдердің пайдасы табылып, мұндай насихаттар исламның шын дұшпаны болған миссионерлердің ғана ойлағаны табылып отыр-ау деймін. Өйткені олардың шындап тілеген тілегі біздің исламның өте надан һәм өте ынтымақсыз болушылығы. Осы айтылған үш нәрсе мұсылмандардың түгел табылған күні-ақ миссионерлердің атқаны тиіп, айтқаны келді деуге болады. Миссионерлердің неше миллион ақшаны бұрқыратып, боратып жүріп орнына жеткізе алмаған ауыр жұмысын қазақ майын аузынан ағызып тұрып оны надан молдалардың өзі дінменен бояп жеткіземін деп отырғанын сезіп, ішім түтінге толып бара жатқан соң, әшейін сыртқа шығарып отырмын.

    Көкшетаудың екінші мешітінің имамы ноғай Хамидолла молда екен. Бұл мешіттің мектебіне Хамидолла молда  биыл шала-шарпы ғана оқу жөнін кіргізе бастаған екен.

    Науан Хазіреттің мүриділері болған ноғай байларының бірсыпырасы хазіретке жағынамын деп Хамидолла молдаға қасқиып тұрып қас болып алғандай көрінеді. Көшеде көрінгенге боқ атудан басқаға жарамайтын көргенсіз ноғай балаларыменен көрінгеннің атасының аузынан түк қоймайтын бетімен тиюсыз кеткен қазақтың надан балаларының бастарын қосып оқыттырып, қолдарын балшықты боқтан, өздерін боқ ауыздан тазалаймын деген кәнісі үшін болса керек-ау деймін. Хамидолла молданы имамдығынан түсіреміз деп бастығы Қалимолла қажы болып Омбыға шауып кеткенін естідік. Қазақтың малыменен қапияда байыған Қалимолла қажының қазақ хазіретінің тілін алмайтын не шарасы бар? Көкшетаудың молда, қарасы болып халыққа былайша қарсы келулері біз үшін тап жақсы ырым емес қой. Өйткені бұл уақиғаның Көкшетауға қараған ноғай, қазақтың бақыт көздерінің әлі ашылмағанының белгісі-дағы. Болмаса осы төте оқу мектебі қазірінде онша көңілдегідей болмағанымен Көкшетау шаһараның күнбатыс жағындағы Қызылжар шаһарында бар. Күншығысындағы Омбы шаһарында бар, оңтүстігіндегі Атбасар, Қараөткелде де бар һәм Күнбатысындағы Қостанай, Тройцк шаһарларында дүрілдеп жатыр десе болғандай. Міне, шаһарлардың тап ортасындағы Көкшетаудың өзі һәм маңайындағы қазағыменен мұнша неге көмескеленіп қала бергенін басқалар қалай жорыса солай жорысын, мен өзім былай жоримын:

    Мынау бұлтарысы жоқ төте оқу, жұрт арасынан тегіс кіріп, түзу бір жол тартып алса, онда ескіше кейін тартып күн оздырғанша анау әлі бір жыл, екі жыл тағы Бақырған, Жүсіптер де бірсыпыра жылдар жүріп барып құдай оңлаған шәкірттердің ғана бұлдыр-бұлдыр қара танып, күбір-күбір ғана Құран оқулары былай қалмақ. Бұл күндегі тіріліп тұрған мынау «төте оқу» үш-төрт жылдың ішінде жаныңмен бірдей жас балаңды майыстырып тұрып жақ-жақсы жаздырады, баспа-жазбаны бірдей танытады. Құран кәрімді тәжбитпенен көркемдеп тұрып оқытады. Ғылым хал (парыз, уажип, сүннәт һәм харам, мәкірук) ғалымдардың ғамалдарында жаттатып әбден білдіреді. Көргенді мұғалімдер шәкірттерінің қылықтарын да өте жақсы түзейді.

    Осыменен «төте оқу» мектебі қазақ арасындағы үмітті шәкірттердің, сүйріктей жас мұғалімдердің көбейе бастауына себепші болады. Білімділеріміз осындай жемісті жастардың көлеңкесіменен халқымыздың көздері, сірә, ашылмас па екен, – деген зор үмітте тұрады.

    Бірақ ол замандарға келгенде бүгінгідей күллі Көкшетау халқы жалғыз Науан Хазіреттің аузына қарап аңқиып, ыңғайына қарап иіліп тұрмас. Жай тек бойыменен сәлем беріп өте шығар, неге десеңіз, пендеге иілуді құдай тіпті қоспайды. Өйткені тағызым (иілу, бүгілу) жалғыз құдай хұзырына ғана жарасады. Адамға иілумен пенде кәпір болады, бұл анық мәселе.

    Мұндай анық һәм өзі бүгіндері көрбілтеге айналып, бұлдырып жүрген мәселелердің бірсыпарасының түндігін алдыңғы буынның ақ пейіл шәкірттерінің ашатыны және анық.

    Мынау еңбектер күндердің күнінде осындай істің болатынына көзі жеткен соң, аз да болса өз тамағының қамы үшін шамасы келгенше Көкшетау маңайына «төте оқудың» соқпағын жағалатпау әдісін құрып жатқанын көресіз. Бірақ байғұстың бұл әдісін қара халыққа дін сақтау деп түсіндіреді екен-ау.

    Әй, тамағы құрғыр-ай. Пендеге не қылғызып, не айтқызамын десең де біраздан бері ықтияр сенде жүр-ау. Болмаса хазіреттің қара халықты дүлейлікке тығып қойып сақтаған мұндай дініне болса да, күніне болса да айуанның да тілектестік қылып жағасына түкіріп тұратыны  анық емес пе?!

    Өйткені ол күндегі ғылым қуатыменен иманы толған жас шәкірттер тұла бойы жезбен толған айуандарға иіліп, бөркін  алмай жай «здравствуйте» тік бойыменен өте шығады. Айуакеңнің тіпті қазақты өзіне теңгермейтіні анық көрініп тұрған соң, оған несіне иілсін?

    Және әпендеміз Сәлиалла Ғалайссаламның ғылымды жалғыз әліпбиден бастап 20-30 жыл езіп барып молда жәлалдан мыж-мыж болып шығуы да ғибрат емес. Бәлки не түрлі білім босла да көпке пайда һәм үлгі берердей болса, соны ықыласпен іздеуді шамасы келген жұрттың бәріне бірдей тегіс қылып бұйырғаны емес пе еді? Мұны бір деп білу керек.

    Екінші, білім иелеріне білімдерін қара халыққа жеңілдікпен жиіркендірмей үйретулерін өтінгендігін пайғамбарымыздың артында қалған мирасқорларымыз деп жүрген хазіреттер қалайша түсіне алмай тұрғаны екен? Не болмаса қара халықты «күл болмақ түгіл, бүл болсын» деп жұртты адастырарма екен. Иә, бұл уақиғаның түбі осылай болып жүрмесін.

    Неге десеңіз, жеңілдікпен баспа, жазбаны бірдей танытып және көркемдеп жаздыруды ең баста құран кәрімді білдіріп, соңынан «Наху», «Сәрф» тексеріп барып астынбат (терең мағыналарын теріп шығару) жобасыменен калам алланың тәпсірін білдіруді, сынды һәм рауыменен дұрыс-бұрыстығын тексеріпе барып хадис ғылымын үйретуді осы құран, хадистің қуатты дәлелдеріне сүйеніп ислам дінінің басқа діндерден асыл екенін шәкірттерінің сүйегіне сіңдіруді һәм тарих, қисап ғылымдарын білгізіп ғаламның әртүрлі терең хикметтерінен ғибраттар алып иман хақиқатында жеткізетұғын ғалымдарды хақиы ғалымдар демей не дейміз? Мұндай хақиы қарсылық қылған молдалар … аят қариғәнің мағынасын не деп береді екен?

    Осындай құдай сүйген шын ғалымдардың хақиы ғалым емес деп халықты өтірікпенен бұрмалап алдаудың түбінде обалы кімге болар екен? Оның обалы хақиқатты біліп отырып өзінің нәпсісі үшін жасырып қойған молдекелерде болады-дағы.


    Дайындаған Серғали АСЛАНБЕК, 

    “Адырна” ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Жұмат Шаниннің немересі: Атама “Сталинді атып кетпек болдыңдар” деген жала жабылды

    Ⓒqamshy.kz 3 қыркүйек күні Академияда Қазақтың тұңғыш халық әртісі, кәсіби режиссері, драматург Жұмат Шаниннің немересі ...