• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » ТҮРКИЯДАҒЫ ТРОЯ МУЗЕЙІ

    ТҮРКИЯДАҒЫ ТРОЯ МУЗЕЙІ

    Түркияның Чанаккале қаласында Еуропа мен Азия мәдениетінің 5 мың жылдық тарихы бар мұрағаттарын көпшілік назарына ұсынатын Троя музейі ашылады.

    2018 жыл — Троя жылы

    Ежелгі қала – Трояның UNESCO Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгеніне 20 жыл толуына орай, Түркия мемлекетінің Мәдениет және туризм министрлігі 2018 жылды «Троя жылы» деп жариялады. Министрліктің Түркия мен шет мемлекеттерде ұйымдастырған түрлі мәдени, тарихи және өнер саласына қатысты шараларының нәтижесінде, «Троя жылы» аталған 2018 жылдың алғашқы 5 айында Чанаккале қаласына Жер шарының назары ауды.  Ежелгі дәуірдің аңыздары суреттелген Троя музейі қос құрлықтың өткеніне тиесілі тарихынан сыр шертеді. Түркия мен әлемдік қауымдастық үшін маңызы зор өркениеттің қалай дамығанын тарихи мұралармен сөйлетеді.

    Археологиялық қазбалардың маңына тұрғызылған Троя музейінің ашық кеңістіктегі жалпы көлемі – 37 250 шаршы метр. Ал негізгі бөлігі – 12 765 шаршы метр. Ғимараттың ұзындығы антикалық қала – Трояның қазба жұмыстары басталмай тұрғандағы ұзындығымен бірдей. Архитектуралық дизайны 150 жобаның ішінен таңдалған. Әлемдегі ең маңызды археологиялық музей саналатын бұл нысанның салтанатты ашылуы жуырда, яғни, 2018 жылдың шілдесінде болады. Оған халықаралық қауымдастықтың мәдениет, тарих, туризм, спорт пен баспасөз салаларындағы саңлақтар шақырылады.

    Мыңжылдықтар сөйлейді

    Троя музейінің жалпы көлемі 3 мың шаршы метрге тең залына Троя мен Троада қалаларының қазба жұмыстарынан табылған 2 мыңнан астам скульптуралар, жазбалар, альтарлар, металл ыдыстар, алтын, монеталар, саркофагтар т.б. жәдігерлері қойылады. Адамзаттың даму тарихына куә болған бұл мұралар арасында бір кездері Троядағы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылып, кейін ұрланған, анығы, Америка асқан бірнеше құнды жәдігерлер бар. Олар Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің күш салуымен, 2012 жылы түріктер еліне қайтарылған екен.

    Ұйымдастырушылардың айтуынша, Троя музейінде «Троаданың археологиялық аймағы», «Трояның қола ғасыры», «Илиада мен Троя маңындағы шайқас туралы аңыз», «Ежелдегі Троада мен Илион», «Шығыс Рим империясы және Осман кезеңі», «Археология тарихы», «Троя іздері» деген негізгі 7 тақырып бар.

    Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі Мәдениет және ақпарат істері жөніндегі кеңесшісі Нури Шимшеклер мырза: «Ежелгі қала – Трояның UNESCO Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгеніне 20 жыл толуына орай, Түркия мемлекетінің Мәдениет және туризм министрлігі 2018 жылды «Троя жылы» деп жариялады. Біздің болжамымыз бойынша, 2018 жылы Түркияға 50 миллион турист келеді. Ал ежелгі Троя қаласы мен Троя музейі орналасқан Чанаккалеге ат басын бұратын туристердің саны 50 миллионнан асады», – деп мәлімдеді.

    Троя қаласы

    Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларында суреттелген Троя қаласы түріктердің қазіргі Чанаккале қаласының маңында орналасқан. Оны археологтар 1871 жылы тапқан. Үш мың жылдық тарихы бар ежелгі қала 9 негізгі мәдени даму кезеңін өткерген. Эгей мен Балқан теңіздерінің жағалауына созылған Троя ежелгі мәдениеттерді қабыстырады. Чанаккаледегі Троя музейі сол мәдениеттердің ұшқынын адамзаттың бүгінгі ұрпағына сыйлайды.

    Нәзия ЖОЯМЕРГЕН

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Шыңғыс хан моңғол емес

    Жаңа ғасырда Шыңғыс ханға қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді Ол туралы түрлі тілде жазылған кітаптар мен ...