• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Шыңғыс ханның жерленген жері белгілі

    Шыңғыс ханның жерленген жері белгілі

    Адамзат тарихына өз есімін өшпестей етіп жазып кеткен тұлғалардың бірі Шыңғыс хан. Ол туралы айтылған пікірлердің көптігі соншалық, бір-біріне қайшы келіп жататыны да аз емес. Дегенмен бұл тарихи тұлға туралы өз пікірін білдірушілердің ойы көбінесе Шыңғыс хан соғыс жүргізу кәсібін жете меңгергендердің алдыңғы қатарында тұр дегенге саяды.

    Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыста өзінің қайталанбас шайқас әдістерімен аты шыққан, батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы, Шыңғыс ханға былай деп баға берген: – Әскери ғылымның анықтауы бойынша, соғыс екі дәуірге бөлінеді. Біріншісін мануфактуралық дәуір дейді. Сонау алғашқы қоғамда, адамдар өзара жауласқанда, алдымен бір – біріне жұдырық жұмсады, сосын тас лақтырды, сойылдасты, найзамен шаншып, қылышпен шапты, садақпен атысты. Былайша айтқанда, қара дүрсін жолмен соғысты. Соғысты бұлай жүргізу дәуірінің ұлы қолбасшысы Шыңғыс хан. Соғыс жүргізудің екінші кезеңін машиналық кезең дейді. Бұл кезеңдегі соғыс жүргізудің ұлы қолбасшысы генералиссимус  Иосиф Виссарионович Джугашвили.

    Шыңғыс хан туралы жаңалықтарға әлі күнге дейін көпшілік тарапынан қызығушылық жеткілікті. Әсіресе оның қайда жерленгені туралы түрлі пікірлер әлем жұртшылығын жиі елеңдетуде. Оның мәнісін түсіну қиын емес, себебі бүгінгі таңда дамып жатқан техника мүмкіншіліктеріне байланысты жер астын ғарыштан бақылау арқылы Шыңғыс ханның жерленген жерін табу уақыты жақын деген жорамал  бар.

    Әрі Шыңғыс ханның жатқан жерін айқындап, атақты Троя қаласын тапқан Генрих Шлиман сияқты, айды аспанға бір шығарсам деген талапкерлер, қай елде болмасын жетіп артылады. Бұндай ізденушілердің кейбірінің осындай жаңалық ашу арқылы, өзінің елін де бүкіл әлемге танытуды мақсат еткен ұлтжандығын да түсінуге болады.

    Сонымен Шыңғыс ханның дәл қай жерге жерленгені әзірге белгісіз. Бірақ қай аймақта жатқанын айтуға болады. Бұл туралы 1999 жылы Санкт-Петербург қаласында «Амфора» баспасы шығарған «Марко Поло. Книга о разнообразии мира» атты кітаптың 91-бетінде келтірілген деректен білуге болады.

    Дүние жүзін аралаған Марко Полоның айтуы бойынша: «Всех великих государей, потомков Чингис хана, знайте, хоронят в большой горе Алтай; и где бы не помер великий государь татар, хотя бы за сто дней пути от той горы, его привозят туда хоронить». Бұл мәліметті оқыған әр адам Шыңғыс ханның ұрпақтары Алтай тауында жерленсе, демек, Шыңғыс ханның өзі де, сол жақта жерленген деген тұжырым жасауы өте қисынды. Бұл әрине бір ғана дәлел. Сондықтан тағы бір мәлімет келтірейін. 2003-жылы Мәскеу қаласында «Молодая гвардия» баспасы «Тамаша адамдар өмірі» сериясының кезекті басылымы етіп француз шығыстанушысы Рене Груссенің «ЧИНГИСХАН: покоритель вселенной» атты кітабын басып шығарды. Осы кітаптың 231 – бетінде былай деп жазылған: «Қарсылас  халықтар мен жақында ғана бағындырылған елдерге жетпесін деген оймен Шыңғыс ханның қайтыс болғаны көпшілікке хабарланған жоқ. Хан сүйегін соңғы сапарға шығарып салушы сарбаздар қаралы топтың жолында кездескен күдікті деген адамдардың бәрін өлтіріп отырған. Себебі бұл құрбан болғандардың бәрі көз жұмған адамның о дүниеде қызметшілері болады деген байырғы алтай салтымен сәйкес келетін».

    Р.Груссе бұл еңбегін жазбастан бұрын, тек жоғарыда аты аталған Марко Полоның ғана емес, басқа да жазбагерлердің еңбектерімен мұқият танысқан. Сондықтан Шыңғыс ханды жерлеу туралы айта келіп байырғы алтайлықтардың қайтыс болған адамдарды жерлеу рәсімі туралы жазуы тектен – тек емес. Демек Франция Академиясының мүшесі, «Ларусс энциклопедиясы» ғұлама шығыстанушы деген баға берген ғалымның «…құрбан болғандардың бәрі көз жұмған адамның о дүниеде қызметшілері болады деген байырғы алтай салтымен сәйкес келетін» деп жазуы Марко Полоның айтқанының шындық екенін дәлелдейді.

    Венециялық Марко Поло Шыңғыс ханның немересі Құбылай ханның қарамағында он жеті жыл жүріп, елшілік қызмет атқарған. Ханның ана тілінде сөйлеп, елінің жазуын меңгерген. Ол Шыңғыс хан туралы Құбылай ханның өз аузынан да, басқалардан да көп естігені сөзсіз. Әрі сол он жеті жыл барысында Шыңғыс ұрпақтарының бірін жерлеу рәсімінің куәсі болуы әбден мүмкін.

    Әрине Құбылай хан атасының дәл қай жерде жерленгенін білді, бірақ ол туралы қанша жақын тартса да Марко Полоға айтпады. Бүтін бір елдің тұрғындарының білуіне тыйым салынған бұл мемлекеттік құпия, шет елдің азаматына ешқашан айтылмауы заңды.

    Шыңғыс ханның ұрпақтары өздерімен бірге алып кеткен осы құпия қашан ашылады, оны кім ашады, ол жағы белгісіз. Мүмкін бұл жұмбақтың шешімін табуға ғарыштық археологияның күші жетер, мүмкін жетпес…

    Қалай болғанда да Шыңғыс ханның жатқан жері Алтай тауының бауыры.


                                                                                                   Бердалы ОСПАН,

    “АДЫРНА” ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Шыңғыс хан моңғол емес

    Жаңа ғасырда Шыңғыс ханға қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді Ол туралы түрлі тілде жазылған кітаптар мен ...