• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Шоқан Уәлиханов және «Тарихи Рашиди»

    Шоқан Уәлиханов және «Тарихи Рашиди»

    Осы күндері егеменді Қазақстан жағдайында Мұхамед Хайдар Дуғлатиді білмейтіндер гуманитар ғылымын зерттеушілер арасында жоқ болар деп есептейміз. М.Дуғлати ХVІ ғасырдың бірінші жартысында өткен түркі халықтарынан шыққан ірі тарихшы  және  шығыстану ғылымының ірі өкілі. Соңғы жылдары Қазақстанда  ол туралы аз жазылған жоқ, көптеген ғылыми-практикалық конференциялардың тақырыбы болды. Сондықтан осынау ұлы тарихшының өмір жолы мен оның еңбектеріне (мысалы, «Тарихи Рашидиге») тоқталмас бұрын негізгі тақырыбымызды бастағанымыз жөн болар.
    Қазақстан тарихы библиография­сында «Тарихи Рашиди» атты М.Дуғлатидың кітабын зерттеу Ш.Уәлихановтан басталған еді. Шоқан бастаған игілікті істен соң Қазақстан тарихшылары «Тарихи Рашидидің» қазақ елі тарихына қатысты бөліктеріне ХХ ғасырдың басында көңіл бөле бастады. Мысалы, сонау 30-жылдары Қазақстан тарихын жан-жақты жазуға алғаш рет құлшына кіріскен профессор Санжар Асфендия­­ров бұл кітапқа көп көңіл бөлген еді. Сонымен қатар, 40-жылдары В.Вяткин өзінің зерттеулерінде «Тарихи Рашиди» атты кітапты кеңінен пайдаланған.
    60-жылдары жарқырап шыққан шығыста­нушы, ирантанушы С.Ибрагимов бастаған игілікті істерді бұл күнде мақтанышпен еске аламыз. С.Ибрагимовтың басшылығымен бұл күндегі әйгілі шығыстанушы тарихшыларымыз Н.Мингулов, К.Пищулина және басқалары МИКХ-ны дүниеге келтірді. Міне, осы кітаптағы Мұхамед Хайдардың Қазақ тарихына қатысты бөлімдерінің бәрі белгілі тарихшыларымыз Н.Мингулов пен К.Пищулинаның аудармасы бойынша жарық көруі шын мәнінде Қазақстан тарихшыларының үлкен табысы болатын. Санкт-Петербургтегі жерлесіміз Т.Сұлтанов өзінің аса құнды зерттеулерінде М.Хайдар Дуғлатидың еңбектерін жан-жақты пайдаланды…

    Қорыта айтқанда, тарих зерттеушілері үшін осы ұлы тарихшының әйгілі кітабы «Тарихи Рашиди» жаңалық емес. Алайда көпшілік қауымға әлі жете қойған жоқ. Әрине, бұған таңдануға болмайды…  Ол түгілі Ш.Уәлихановтың еңбектері де көпшілік оқырманға әлі күнге дейін толық жете қоймады.
    Алайда 1996 жылы Ташкенттегі Өзбекстан Ғылым Академиясының «Фан» баспасы осы «Тарихи Рашиди» кітабының толық нұсқасын жарыққа шығарғанда біздің елде көпшілік елең еткендей болды. Бұл кітапты біздің республикамызда неге шығармайды?»  деген секілді наразылық білдірген әртүрлі әңгімелер де айты­лып жатты. Әрине, жағдай болса барлық республикаларда ондай құнды кітаптардың шығып жатқаны артық болмас еді. Біздің айтарымыз, тарих зерттеушілері үшін Қазақстанға тікелей қатысты қажетті бөлімдері әлдеқашан жарық көргендігі. Сол Ташкентте жарық көрген нұсқаны 1999 жылы Алматыда «Санат» баспасы біраз толықтырып қайта басып шығарып, Қазақстан жұртшылығын үлкен қуанышқа бөледі.
    Ташкентте жарық көрген М.Х.Дуғлатидың кітабына арнап жазылған алғы сөзде: «Русских востоковедов сочинения «Тарихи Рашиди» Мирзы Хайдара привлекло еще задолго до появ­ления его английского издания. Впервые как основной и ценный источник его использовал в своем труде В.В.Веляминов-Зернов» деп жазып, оның 1864 жылы шыққан «Исследования о Касымовских царях и царевичах» атты кітабына сілтеме беріліпті.
    Осындай сөйлемдер біздің санымызды мық­тап соқтырды. Себебі Ресейде М.Х.Дуғлати еңбектерімен алғаш айналысқан Веляминов-Зернов емес, қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов екенін сол кездегі және қазіргі Петербургтегі ғылыми орталықтар өте жақсы біледі. Ал «анг­лийского издания» туралы айтылғаны нақты емес. Себебі Эрскинндтың «Индия тарихы» туралы кітабында (1854 ж.) М.Хайдарға соқпай өткен жоқ еді.
    Мұндай қисыны келмейтін «Впервые как ос­новной и ценной…» деген сөз тіркестерін Ташкент ғалымдары қолдануына Петербургтегі белгілі қазақ ғалымы Тұрсын Сұлтановтың: «Изу­чение сочинения Мирзы Хайдара отечественными востоковедами блестяще открывает широко известная работа В.В.Веляминова-Зернова «Исследование о касымовских царях и царевичах» (1864) деген атүсті ойы мұрындық болған сияқты. Біз бұл жерде Т.Сұлтанов сынды майталман тарихшыны мұқатқымыз келіп отырған жоқ. Се­бебі оның М.Хайдар еңбектерін зерттеп, Қазақ­стан тарихына  сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қысқаша айтқанда, Т.Сұлтанов бұл күнде Ресей Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы. Оның үстіне Мұхамед Хайдар еңбектерінің осы замандағы үлкен білгірлерінің бірі белгілі ирантанушы екенін біз мақтанышпен айтамыз.
    Ол сондай-ақ осынау ұлы тарихшы М.Хай­дар кітабының құндылығын қанша көр­­­сет­се, кемшіліктерін де сонша көрсетіп дә­лел­деген ғалым… Мысалы, М.Хайдар Қасым хан тұсында, яғни ХVІ ғасырдың 1-ширегінде Қазақ хандығының аса күшейіп, халқының саны мил­лионға жеткенін айтса, 1537-1538 жылдырдан соң осынау күшті мемлекеттен дым қалмай ыдырап кеткенін айтып тарихқа кереғар келетін мәлімет береді… Осындай қате мәліметті Т.Сұлтанов былай түсіндіреді: «Мирза Хайдар Дуглат заблуждался. У каждого заблуждения своя причина. Причина заблуждения автора «Тарихи Рашиди» легко устанавливается. Судьба Мирзы Хайдара сложилась таким образом, что в 1533 г. он вынужденно покинул родину и переселился в Кашмир, где и написал свою знаменитую историю. Так что автор наблюдал события в Средней Азии и Казахстане после 1533 года издали, часто пользуясь информацией из вторых и третьих рук, а подчас и просто передавал непроверенные слухи» деп ұлы тарихшының кітабындағы кейбір нақты емес жағдайларды анықтайды.
    Ташкент басылымы туралы бір айта кететін жайт, «Тарихи Рашиди» кітабының авторын «Мирза Мухамед Хайдар» деп қысқаша жазғандығы. Бұған дейін дүниежүзінде қанша рет басылым көрсе де, оның авторын «Мирза Мухамед Дуғлат» деп толық, яғни оның шыққан елінің аты барлық жерде жазылған болатын. Мысалы, Батыс Еуропа ғалымдары В.Эрскин, Ш.Уәлиханов, В.В.Веляминов-Зернов, Е.Д.Росс, В.В.Бартольд және оның шәкірті Заки Уәлиди Тоған, яғни барлық зерттеушілер оның руының атымен берілген фамилиясын қалдырған жоқ еді. Ал Ташкент басылымында тек бірақ жерде (7-бетте) «Мирза Мухамед Хайдар дуғлати» деп кіші әріппен жазылған. Әрине, бұл жағдай да көптеген тарихшыларға ұнамай қалғаны рас. Бұл жерде З.Тоған туралы айта кететін бір тарихи жағдай, «Жаханнаме» атты түрік тілінде өлеңмен жазылған географиялық құнды шығарманы ол М.Хайдар Дуғлатидікі деп дәлелдеген еді.
    Жоғарыда атап айтқанымыздай, ХVІ ғасыр­дың 1-жартысына дейін өмір сүрген ұлы тарихшы Мұхамед Хайдар Дуғлатидың еңбектерін алғаш рет Ресей ғылымында зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов еді. Оның әйгілі ғылыми еңбегі «Очерки Джунгарии» Петербургтегі ЗРГО-ның (Записки Русс­кого Географического Общества) 1861 жылы 1-кітабында 184-200 беттерде, 2-кітабында 35-58 беттерде басылып шыққан еді.
    Міне, осындай аса құнды ғылыми басы­лым­ның 2-3 беті М.Хайдардың «Тарихи Рашиди» кітабына арналған болатын. Онда Ш.Уәлиханов осындай құнды тарихи кітаптың сол уақытқа дейін Ресей ғылымында белгісіз болып келгенін айтады. Сол кезде Ғылым Академиясының мұра­жайында оның түрікше аудармасы, ал Петербург университетінде түпнұсқасы, яғни парсы тіліндегі нұсқасының сақтаулы екенін көрсетеді де: «К сожалению, академический экземпляр не полон, а университетский изобилует ошибками и очевидно, скопирован человеком не знавшего персидского языка» деп сол қолжазбалардың кемшіліктерінің көп екенін атап айтады. Осындай жағдайлар қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов Петербургтегі М.Хайдар кітабының нұсқасымен өте жақсы таныс болғанын және жан-жақты зерт­тегенін көрсетеді.
    Одан әрі қарай қазақ ғалымы «Тарихи Рашиди» кітабын қысқаша талдап, оның екі бө­лім­нен тұратынын, бірінші бөлім Қашғар хандығы Тоғылық Темірден, яғни 1362 жылы  Шыңғыс хан ұрпағынан Рашид ханға дейінгі (1554 ж.) тарихты қамтитынын, ал екінші бөлім мемуар түрінде автор естеліктерінен тұратынын көрсетеді. М.Хайдар өз басындағы қиын-қыстау жағдайларды жаза отырып, оған қоса аса қажетті географиялық (Тянь-Шань, Болор, Тибет, Куэн-Лун, т.б. жерлер туралы) және тарихи мәліметтер бергенін Ш.Уәлиханов тебірене жазыпты. Ал автордың өзі туралы: «Сам автор принадлежал к знаменитой фамилии Дуглат, предки его под именем улусбеков играли в Могул-улуса такую же роль, как мажордомы при Меринговых франков» деп М.Хайдардың хан тұқымына жатпайтын дулат руының адамы болса да, әкесінің Моғолстан мемлекетінде шешуші рөл атқарған тарихи тұлға екенін көрсетіп, оларды V-VІІ ғасырлардағы Францияда шексіз билікке ие болған Мировингтермен салыстырады.
    1554 жылға дейін Орталық Азия тарихынан көп  мәлімет беретін осынау аса құнды кітап Еуропада тек аты ғана белгілі екенін айта келіп, Санкт-Петербургтегі оның қолжазбаларының әлі күнге дейін игерілмегенін қынжыла жазыпты.
    Біз жоғарыда тек Ш.Уәлихановтың 1861 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «­Очер­ки Джунгарии» атты әйгілі еңбектеріндегі М.Хайдардың «Тарихи Рашиди» кітабына берілген қысқаша шолуын ғана қарадық. Енді оның «Из Тарихи Рашиди» деп аталатын аса құнды зерттеуіне тоқталайық. Аталған зерттеу Шоқан қолымен жазылған 22 беттен тұрады. Мұнда «Тарихи  Рашиди» кітабының қысқаша мазмұны мен Қашғардан өзі алып келген кітаптардың авторлары туралы мәліметтер берілген. Сол Шоқан жазған  қолжазба 1860 жылдан бері талай ғалымдардың қолынан өткен екен. Бірақ дәл осы күйінде жарыққа шықпай қалған. Оған негізгі себеп, біріншіден, Шоқанның 1865 жылы қайтыс болуы; екіншіден, К.К.Гутковскийдің 1867 жылы қайтыс болғаны.
    Мұндағы мәліметтердің негізі 1864 жылы шыққан В.В.Веляминов-Зернов кітабында айтыл­ған. Сондықтан Ш.Уәлиханов еңбекте­рімен то­лық таныспаған адамдар үшін «Веляминов ал­ғашқы зерттеуші болып» жүр.
    Жалпы, Ш.Уәлихановпен Санкт-Петер­бургте талай ғалымдар ғылыми байланыста болды. Әрине, соның бірі В.В.Веляминов-Зернов. Мысалы, қазақ ғалымы өзінің алғаш рет «Тарихи Рашиди» туралы қысқаша жазған «Очерки Джунгарии» атты көлемді зерттеуінде Қашғардан әкелген кітаптарына қоса аса құнды ғылыми заттар әкелгенін айтады: «…сверх поименованных приобретения, я собрал во время путешествия небольшую нумизматическую коллекцию, кото­рая уже описана в «Бюллетенах» Академии Наук (см.Melenges asiatiques, IV, librasion) коллекцию горных пород, встречавшихся на пути, также куски нефрита, добываемого в горах  Мирджей, около Яркенда и в реке Кара-Каш, болорские яшмы, мрамор, хрусталь, песочные золото из реки Керия; я привез с собою также произведения туземных мануфактур и образчики английских товаров, встречающихся на кашгарском рынке» деп осылай әкелген құнды заттардың тізімін келтіреді. Міне, оның сол жинаған нумизматикалық коллекция­сын Академия журналына 1861 жылы француз тілінде шығарған В.В.Веляминов-Зернов еді. Осы тарихи жағдайлар қазақ ғалымымен оның қандай ғылыми қатынаста болғанын білдіреді.
    Ш.Уәлиханов «Тарихи Рашиди» тура­лы зерт­теулерін 1860 жылы жазған болса, В.В.Веля­минов-Зернов 1864 жылы жарыққа шығар­ған «Исследование о касымовских царях и царевичах» атты кітабында ол Шоқанның зерттеуі «Извлечение из Тарихи Рашиди» үзінділер берген.
    «Тарихи Рашиди» материалдары бойынша Ш.Уәлиханов «Тоғылық Темір хан Жүніс хан шежірелерін жасаумен қатар аса құнды ХVІ ғасыр карталарын жасапты. М.Хайдар кітабының материалдары Ш.Уәлиханов жасаған «Моғолстан картасы» және Моғолстанның батыс бөлігінің картасы аса бағалы дүниелер болғандықтан, Санкт-Петербург ғалымдары, соның ішінде Орыс Географиялық Қоғамы және өзі қызмет ат­қарған Азия Департаментінде жоғары дәрежеде бағаланды.
    Ш.Уәлихановтың 1860 жылғы Санкт-Пе­тербургтегі қыруар және аса құнды әрі жемісті қызметтері туралы Н.М.Ядринцев: «…В Петербурге я встретил Чокана Валиханова офицером как раз в ту пору его славы, он только что совершил путешествие в Кашгар, ориенталисты с ним заво­дили знакомство и я его заставал с разными восточными манускриптами и картами…» деп тебірене еске алған еді. Міне, сол кезде ол «Тарихи Рашиди» мен Қашғардан алып келген 5 кітаптың үстінде зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан. Оның «Очерки Джунгарии» (1861) атты зерттеуінде қысқаша баяндалды. Ал «Тарихи Рашиди» туралы зерттеулері  ең болмағанда Н.И.Веселовскийдің (Петербург университетінің проректоры) қолына түскенде, 1904 жылғы жинағына кіретін еді.
    Қалай айтсақ та, бұл күнде М.Хайдар еңбек­терін алғаш зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов екені бұл күнде баршаға аян. Бұл күндегі қазақ елі Мұхамед Хайдар Дуғлати еңбектерінің энциклопедиясын асыға күтіп жүр.


    Самат  ӨТЕНИЯЗОВ,
    Қазақ-американ және Мадрид университеттерінің профессоры,

    «Ана тілі» 

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Шыңғыс хан моңғол емес

    Жаңа ғасырда Шыңғыс ханға қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді Ол туралы түрлі тілде жазылған кітаптар мен ...