• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Тарихы көне, тамыры терең » Үш патшалықпен соғыс. Жанқожа батыр

    Үш патшалықпен соғыс. Жанқожа батыр

    Үш патшалықпен бір мезгілде қатар соғысқан, үшеуімен де жаралы көкжалдай арпалысқан ұлттық күрестің нағыз халықтық майданы – Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы ұйымдастырған соғыстар  Ресей империясы Қазақиядағы хандық басқаруды жойып, өздерінің әкімшілік билігін орнатқан тұста, осы іске қарсылық көрсетушілер болды. Мысалы, 1789 жылы Сырым батыр Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс 17 жылға созылды. Одан кейін 1836-37 жылдардағы Исатай-Махамбет көтерілісі, 1837-1847 жылдары өріс алған Кенесары бастаған қозғалыс, 1856-1857 жылдары Жанқожа батыр, 1855-1858 жылдары Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістер, ең соңғысы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысты бәріміз білеміз.  Осы аталған көтерілістердің ішінде үш патшалықпен бір мезгілде қатар соғысқан, үшеуімен де жаралы көкжалдай арпалысқан ұлттық күрестің нағыз халықтық майданы – Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлының әскери қайраткерлігінің арқасында ұйымдастырылған соғыстар.  Жанқожа батыр туралы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында «Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1795-1859) – қазақтың даңқты батыры, қолбасшы. Сыр бойы қазақтарының үш патшалықтың езгісіне, отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық күрестердің басшысы» деп жазылған.  «Былай барсаң, Қоқан бар…»  Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары өктемдігі ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде қатты тиді. Малын бағып, түтінін түзу ұшырып отырған бейқам елге жасаған қысым шектен шықты: мал барымталанып, жан талауға түсті. Қоқан бектерінің есіргені сонша, өздері заң жасап, жергілікті жерде әкімшілік құрып, бейбіт елге ойына келгенін жасап бақты. Мұндай әділетсіздіктерді көріп жапа шеккен қазақтар 17 жасында Кіші жүз құрамындағы әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіріп аймаққа аты шыққан Жанқожаның төңірегіне топтаса бастайды. Жанқожаның әділдігі сонда, аталған жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханға да қол жұмсайды.  Бұл кездерде Жанқожа ауылы жаз Қарақұмды жайлап, қыс Ырғызды қыстаған. Энциклопедияда келтірілген деректерде «Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болды. И.В. Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қаласының бектері Отыншы, Cушымен бірігіп Сарман биді өлтіреді. Созақта тұратын Құрман би араша түсуді өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Желек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады».  1830 жылдың күзінде көтерілісшілер Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді.zhan-ozha-2 Одан соң Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алды. Есесіне Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтіргені үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды. Хиуа хандығы Аллақұл ханның тұсында, 1835 жылы Қуандарияның батысындағы Құртөбе деген жерге бекініс салып, онда 200 әскер ұстайды. Жанқожаға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін түрікмен Аймұхамед палуанды жасақтарымен жіберді. 1836 жылы Ақирек деген жерде елге тізесі қатты батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырды. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырады.  Кенесары мен Жанқожа  Жанқожа Қоқан хандығының Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған және Қосқорған сияқты әскери бекіністеріне де шабуыл жасады. Ол Қазақ Ордасының соңғы ханы әрі хандық билікті сақтау үшін атқа қонған Кенесары Қасымұлының әскери жасақтарымен белсенді байланыс жасап тұрды.  1845 жылы Жанқожа батыр Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ әскери бекінісін басып алуға қатысты. Қоқан хандығының өз ішінде басталған билік үшін саяси текетірес кезінде қоқандықтар басып алған Сыр бойындағы бекіністерді Кенесары ханның да кері қайтару жоспарлары болды. Бекіністерге шабуыл жасауға қазақтардың өзі ұсыныс жасады. 1845 жылы орыс әскеріне қолға түскен Кішкенбай Бекбасаров Сыр бойындағы қазақтарға қатысты «Қоқан ықпалынан қысым көрген қазақтар Кенесарыдан көмек сұраған. Олардың өтініштеріне орай, Кенесары 4000 адам жинап, Қоқан хандығына аттанды. Ол төрт бекініске шабуыл жасады: Жөлек, Жаңақорған, Бабайқорған, Тұрсынбайқорған. Сонымен бірге Ақмешітті төрт күн қоршап тұрды» деп хабарлады. Бекіністе тараған ауруға байланысты, қоршауды тастап, Сарысуға оралуға мәжбүр болды. Шабуыл кезінде Кенесарының бірнеше адамы ауруға шалдығып, қайтыс болды» деген деректерді айтады [ҚРОММ, 4-қор,1-тізбек, 3447-іс, 33 п].  Алайда 1845 жылы желтоқсанда Түркістаннан Ақмешітке дейінгі аймақта және Кенесары ауылдарында тырысқақ індеті тарап, Ақмешітті қоршау кезінде Кенесарының баласы Жапар сұлтан да ауруға шалдыққан. Ақмешіт бекінісіне жасалған шабуылдан кейін Кенесары қосынында басталған тырысқақ індетіне байланысты күнде бір жылқы құрбандыққа шалынған.  Кенесары мен Жанқожа батырдың арман-мақсаты бір болды: екеуі де халыққа зәбір-жапа шектірген көршілес елдермен соғыса отырып, иліктіру. Бірақ Кенесары сарбаздарының арасында аты жаман ауру тарап, соғыс көліктері көптеп қырылған соң, олар шегінуге мәжбүр болған. Ал Жанқожа батырдың Қоқан хандығымен көп жылға созылған тартысты оқиғалары күйшейе түседі. Қоқандықтар 1851 жылы қазақтардың көп малын күшпен айдап алып кеткеннен соң, Жанқожа батыр Ақмешітке дейін жорық жасады, қоқандықтардың әскери жасағын талқандады, нәтижесінде Қосқорған бекініс-қамалын басып алды. Осылайша жергілікті қазақтар Қоқан езгісінен азат етілді.  Дүниенің қиюын қашырған Хиуа  Хиуа хандығы 1845 жылдың көктемінде Сыр бойындағы қираған бекіністерді қалпына келтіруге 200 жасақ жөнелтеді. Жанқожаның жігіттерінің ұрыс салуымен олар кері қайтады.zhan-ozha-3 Ал 1847 жылы Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты өңірлерін жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400 үйді ойрандап, ашықтан ашық тонайды. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастап, оларға ілескен сатқын сұлтандар Жанғазы Шерғазиев пен Елікей (Ермұхамед) Қасымов қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады.  Озбырлыққа ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700 сарбазымен тағы көтеріледі. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне келіп шоғырланып бекінеді. Екі патшалықпен қатар соғысып, барымталау мен тонаудан көз ашпай, әбден қалжыраған Сыр бойы жауынгер қазақтары Ресей өкіметінен шын мәнінде көмек күтті. Бұл туралы энциклопедия «Жанқожа батыр орыс әскерлерінің келуін алғашында үлкен үміт, достық сезіммен қарсы алды. 1847 жылы Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпеді. Сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В. Обручевпен жолығып сөйлескен Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына келіседі» деген дерек келтіреді.  Алғашқы жәрдем ретінде Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофив бастаған отряд көмекке келіп хиуалықтарды бірге талқандайды. 1847 жылдың тамыз айында біріккен орыс-қазақ жасақтары Сырдың сол жағасында салынған Хиуа қамалы Жанақаланы қиратады. Осы соғыста жауды өкшелей қуып, ерлік көрсеткен Жанқожа сарбаздары жалпы саны 3 мың түйе, 500 жылқы, 2 мың ірі қара, 50 мың қойды қайтарып, тұтқындарды босатады. zhan-ozha-4 Ресей империясының реакциялық саясаты  Алайда бұл достық пейіл ұзаққа созылмады. Патшалық Ресей бір жағынан көмектескен болып, екінші қолымен отарлау саясатын батыл жүргізіп отырды. Ең әуелі қазақтар қоныстанған көрікті, құнарлы жерлерді тартып алып, оған Орынбор әскерінің орыс-казактарын орналастыру жоспарлы әрі тиянақты түрде жүргізілді. Онымен қоймай, 1837 жылы Ресей өкіметі тарапынан бағынышты ел ретінде қазақтардан әр шаңырақтан 1 сом 50 тиындық жаңа салықты төлеуді күштеп енгізді. Ал 1849 жылы Райым бекінісіне Орынбор казак-орыстарының алғашқы жиырма алты отбасы қоныстандырылды. Отарлау саясатының «жемісіне» насаттанған олар бірте-бірте қазақтарды отырған жерлерінен ығыстырып шығарып, Сырдария жағасындағы шұрайлы және жақсы суландырылатын жерлерді басы бүтін иемденді. Осындай кемсітулердің салдарынан Сырдарияның егінші қазақтары пайдаланылмай жатқан құнарсыз жерлерге көшуге мәжбүр болды, тіпті кейбіреулері қоныс аударушылар мен шенеуніктердің қожалықтарында жалданып жұмыс істеді. Орыс-казактардың қатігез жасақтарының басқыншылық әрекеттерін әрдайым қолпаштаған патша шенеуіктері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И. Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелінетін тілмаш Мұхамедхасан Ахмеров пара жинауға шабармандарын Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді.  Арзан атаққа, жалған мансаптарға малданбаған…  Патша шенеуніктері ел арасында зор беделге ие Жанқожа батырды өз жағына тартып, оның хиуалықтарға қарсы қойып, пайдаланып көрмек болды. Ол үшін қолбасшыға Қарақұм мен Сырдария жағасындағы Борсыққұм қазақтарының басқарушысы деген мансап ұсынылды, жоғары үкімет тарапынан жыл сайын 200 сом мөлшерінде жалақы төлеп тұру міндеттелді. Тіпті жеке басына жасауыл деген атақ та бермекші болды. Алайда туған халқымен бірге не көрсе де бекінген халық батыры Жанқожа барлық атақ, жалақы, қымбат бағалы сыйлықтардан да біржолата үзілді-кесілді бас тартты. Мұның өзі патшалық империя жендеттерімен іргені аулақ салуға жетіп жатқан факт болатын.  Енді Жанқожа батыр 1856 жылы желтоқсанда Сыр бойы қазақтарының Ресейге қарсы қарулы көтеріліс бастады. Бұған түрткі болған себеп ресейлік солдаттардың жергілікті үш қазақты кірпіш зауытының пешіне тірідей жағып жіберуі еді. Бар қару-жарағы жер өңдейтін кетпен мен ұзын сапты шот, сойыл, садақ, найзалардан тұратын көтерілісшілер алғашында бұрынғы хан ордасы орналасқан Жаңақалаға лап қойып, шығынға ұшыратты, 1856 жылғы желтоқсан айының аяқ кезінде Қазалы қамалы қоршауға алынды.  Бұл кездерде жатырдың сапына қосылып жатқан сарбаз саны көбейе түсті: көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетті. Көтерілісшілердің қаулап өсіп бара жаьқаны Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовскийді қатты алаңдатқаны сонша, ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, 250 гусарь әскерімен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз казак жасағы бар жазалау отрядын аттандырады.  «Жазалаушы әскер мен көтерілісшілер арасындағы шешуші шайқас 1857 жылғы 9 қаңтарда Арықбалық шатқалында өтті. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Бірақ батырдың нашар қаруланған жасағы от шашқаң зеңбіректің снарядына және мылтықтың калың оғына төтеп бере алмады. Жазалаушы отряд көтерілісшілерді ығыстырып, жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратты» деп халық көтерілісінің аяусыз басып-жаншылғанын жазады. Көтеріліс жеңілген соң, шегінген Жанқожа жасақтары төңіректен одақтастар табу әрекетінен түк өндіре алмады. Алайда бұл соғыстарға қатысқан қарапайым тұрғындар шектен тыс жауыздықтарды көрді. Малынан тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып әкетті, адам айтқысыз айуандықтар бейбіт адамдарға жасалды. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Қазақтардың Жанқожа Нұрмұхамедұлы қолбасшылық еткен көтерілісі осылай аяқталды.  Батыр келбеті  Жанқожа батырдың суреті бәрімізге белгілі болғандай, өткір сұсты, қалың қабақты, ірі денелі, аппақ сақалы кеудесін жапқан, нағыз дала баырларының бейнесін сипаттайды. Ресейдің отарлық езгісіне қарсы 1856-1857 жылдардағы көтерілісі кезінде батырдың мыңбасы болған Сырлыбай Шабақұлының шөбересі, Орақ Жанұзақұлының 1930 жылы қойған: «Жанқожа атамыз қандай адам болған?» деген сұрағына «Ұялы» ауылдық кеңесіне қарасты «Биіктау» елді мекенінде өмір сүрген Бижан Жалмырзаұлы: «Жанқожа өте сұсты, көздері жалын атып тұратын, қабағы қалың, назарын сәл төмен салса қою, бұйра қастары жанарларын жартылай жауып кететін адам болған. Ашу қысқанда екі көзі қанталап, үнемі білегіне іліп жүретін айбалтасын шыр айналдырып, ысқырады екен. Бірақ, соншалықты айбатты батырдың бойы ұзын болмаған. Орта бойлыдан сәл-пәл ғана жоғары, екі иығына екі адам еркін сыятындай қақпақ жауырынды, кең кеуделі, жуан мойын, мұрыны үлкен, төртпақ адам болған» деген жауап қайтарған екен.  Жанқожа жігіт ағасы болған шағынан бастап, ұзын сақалын қыздың бұрымындай етіп өріп қоятын болған. Бұл батырдың «ат үстінде және ұрыс кезінде желдің екпінімен кедергі болмасын» деген ұқыптылығынан туса керек. Армандаған өлім және ақырғы айқас  Ел аузынан жеткен аңыз бойынша батыр майдан үстінде шейіт кетуді армандап өткен. zhan-ozha-5Алайда, бұған ағайын-туыстары жол бермегенге ұқсайды. Мәселен, алғашқыда Арықбалық маңындағы орыс әскерімен соғыста аты да, өзі де жараланып, ақырғы демі біткенше айқасып, ата жаудың қолынан өлмекші болған Жанқожаны Құлбарақ батыр сияқты етжақын туыс, қарулас достары ажал аузынан әрең алып шығады. «Қан майданда өлмедім» деп тілейтін батырлар жолы Жанқожаны айналып өтпеген.  1860 жылы жазалаушы әскер Қызылқұмның ішіндегі Жанқара көлінің басында отырған Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алды. Қанды шайқастың барысында 86-дан асқан Жанқожа батыр жазалаушылардың оғынан қаза тапты. Батырдың өмірден өтер кездегі соңғы сәтін Л. Мейер былай деп суреттейді: «Қарт батыр оқ өтпейтін сауытын киіп, қару-жарағын асынып, үйінен шығып үлгерді. Бірақ аты жоқ екен. Ажалымның жеткен жері осы екен деп, ол бір төмпешіктің үстіне аспай-саспай шығып алды да, өз иманын өзі үйіріп, дұға оқи бастады… зулаған оқтар… көпке дейін оның сауытынан өтпей, тайқып ұшып, кері түсіп жатты. Ақырында бір оқ оның мойнына дәл тиіп, қарт батырдың өмірін қиып кетті».  Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды өлтіріп кетеді. Осылайша «Өлсем өз жерімде дұшпаныммен бір ұстасып өлейін» деп Қызылқұмнан шығып елге беттеген есіл ерді өздерімен өмір бойы соғысып келген, алайда ала алмай көп жылдар қытығына тиген, жауыз басқыншы орыс-казактар дегеніне жеткізбей, ажал оғына байлап берген.

    Заңғар КӘРІМХА
    history.kz

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Шыңғыс хан моңғол емес

    Жаңа ғасырда Шыңғыс ханға қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді Ол туралы түрлі тілде жазылған кітаптар мен ...