• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Саясат » Олжас Әбіл: Орыстілді қандастар өте қиын жағдайда қалып отыр

    Олжас Әбіл: Орыстілді қандастар өте қиын жағдайда қалып отыр

    Бұрын орыстілді тарихи топтарда посттар жазып жүргенімде ол жерде біраз оқырмандарым ол посттарды жапатармағай талап алып кетіп жататын. Мен ол топтарда қазақ тарихындағы көптеген ел білмейтін деректерді салып талдап отыратынмын. Соны оқып әлгі оқырмандарым кәдімгідей әжептәуір марқайып, руһтанып қалатын. Қазекеңнің асқақ тарихынан сыр шертсек, сол жандарына майдай жағатын еді. Сол кезде біршама достар таптым. 
    Кейін мен толық қазақ тіліне көшіп, бергі бетке ауып кеткесін, олар менің қазақшамды түсініңкіремей көмескіленіп қала берді. Олардың жандары қазақ болғанымен тілдері бөтен болғасын оларға рас қиын екен, соны түсіндім, тіл деген үлкен руһани шекара екен жалпы, оны да түсіндім.
    Жалпы, біздің орыстілді қандастарымыз қазір өте қиын жағдайда қалып отыр. Оны бұлардың біразы паңданып мойындағысы келмейді, бірақ саналылары бұны түсінді. Өздерінің я орыс я қазақ емес екендігін олардың көбі іштей біледі және оның үстіне біз де “тіл”, “тіл” деп талапты күшейтіп төпелеп әкетіп барамыз. Соңғы кезде арамыз қатты ашылып кетті. Біздің екі түрлі халық екеніміз айдай анық бола бастады. Мен тіпті осы әлеуметтік желіде екі жақтан қатты жауыққан сөздер оқимын.
    Меніңше, осы жерде мемлекетіміздің діңгегі – қазақтілді қазақтар қатты ойлануы керек. Олардың алдында “біз осы өзгетілді бауырларымызға қол созып оларды бауырға басамыз ба, әлде кеудесінен итеріп кері қуамыз ба” деген таңдау тұр және бұл таңдаудың тағдырын “камера ұстаған тіл жанашырлары” емес қазақтың өзі шешкенін қалар едім.
    Бұл мәселеге стратегиялық тұрғыдан қарасақ айналамыз толған дұшпан, қытай – орысы сайда , арапқа елтігендер де өз ішімізде ырғын, басқа да идеялық адасқан қазақ көп. Енді осылардың сапына тағы да бір жау легін қосамыз ба, осы қалай болады?
    Баяғыда американдық қаранәсілді халықтың ұлы ойшылы ағартушысы Букер Ти Вашингтон өз қара халқын ағартамын деп жүріп шашы ағарып былай деген екен “шіркін, біздің қара халыққа ақ түсті бауырлар көмек қолын созса бұл қандай игілік болар еді, ақнәсілділердің алдында бізге қарасты тек екі ғана таңдау тұр, оның бірі – ақ білектің бізге жәрдемші боп созылуы, немесе бізді кері құзға итермелеуі” деген екен. Американдықтар ұлы халық қой, олар өз қателерін түсініп ақыр аяғы қаратабан афроамерикандықты бауырына басу үшін көп іс тындырды, тындырып та келеді, олардан президент те қойды. Бұлар түбі осы беттерімен бір халық болады, оған күмәнім жоқ.
    Ал біздің қазекең өзгетілді бауырының тағдырын осылай парасатына салып шеше ала ма екен, бұның ақыры қалай болады, біз түбі екі жарты бір бүтін бір халық боп қалыптаса аламыз ба, аналардан біз түбі толыққанды қазақ жасай аламыз ба әлде біздің ағайындар жүйкесі сыр беріп күндердің күнінде “орысыңа кет” деп тоңқ ете қалып өре түрегеле ме? Бұндай шалт қимылдың арты ешқандай жақсылықпен аяқталмайтыны да белгілі.
    Тағы бір қосарым, Жазира арап елдерінде, араптар исламның шиға тармағын ұстанатын шейіт араптарды өздерінің идеологиялық, ұлттық, мәдени салаларындағы жауапты орындарға, күллі араптың тағдырын шешетін жауапты істерге жолатпайды екен, бұл араптар, анау қаны арап болғанымен сенімі бөлек бауырларына іштей сенбейтін болар….
    Сіздерге қайдам, ал маған араптың осы мысалы ұнайды. Бауырдың аты бауырмен, бірақ орыстілді қандастарымызға ұлттық мәселелерге қатысты салаларды аманаттап, жалпы қазақ тағдырын ұстатуға болмайды, мен де сенбеймін.


    Олжас ӘБІЛ,

    ФБ-тағы парақшасынан

    6 comments

    1. Төреғали қазиев

      Адасып жүрсің, Олжас інім! Еврей халқы, саны қазақтан аспаса да, бүкіл әлемді уысында ұстап жүр… Екі жүз мильон арап бірін бірі қырып жатыр… Сонда он бес мильон еврей жүз тілде сөйлейді, бірін бірі итермейді. бәрін біріктіретін кітабы бар, Тора. Қазақты біріктіргің келсе, Қазақнаманы жаз! Бірін бірі қырып жатқан араптан үлгі алма… Төреғали Қазиев. Интернетте менің жазғандарым бар, орысша, Орымбордан келдім, Елю тоғыз жасымда ана тіліме үйрене бастадым. Қазір жетпіс астым. Қазақ елі жасасын! Торегали Казиев. Казах держал на плечах Небо деген мақаламды оқы Интернетте!

    2. Төреғали қазиев

      Ия, автордың жауабы қандай болады екен?

    3. Төреғали қазиев

      Мына мақаланы диверсия ретінде қарауға болады, аз қазақты топтопқа бөлшектеп, со топтар ды самоизоляцияға ұшыратып, біртіндеп жойғысы келетін жау дың ойына ұқсайды…

    4. Төреғали қазиев

      Бұндай мақалаларды аспаннан құлаған идеалистер жазады. Диванда жатып, айға қарап. үкіметті жамандайды, ананы істемеді, мынаны істемеді деп… Сонда өзің бе, осындайды айтатындар ма,отыз жыл не істедіңдер? Өмір шайқас қой, со шайқасқа тасадан қарауды қазақшылық санайсың ба? Өзің қанша адамды ана тілге үйреттің? Осы отыз жылда сендей өзін ұлтшыл санайтындар жүз мың адам бір жылда әрқайсысы үш кісіні ана тілге үйретсе, тоғыз мильон адамды сайратады ғой, елімізде қазақ тілін білмейтін ешкім қалмас еді. Осы волонтер тобын құрып жасай бер, ешкім саған кедергі емес, саған қарап, басқалар қосылар… Жылауықтар көп, істері жоқ. Бұны мен теориялық түрде айтып отырған жоқпын, Он сегіз жыл Орымбор облысының Ақбұлақ ауданында қазақ-татар ұйымының төрағасы болдым. 1989 жылы ауданымызда үш мектепте қазақ тілін аштық, екінші жылы он мектепте. Райкомның тірісінде мешіт аштық, соған екі жыл шайқастық. Тасадан айтушылар көп, Төреғали, мешіт ашсаң сыйыр берем мешітке дейтіндер болды, бірақ жиналысқа келмейді, келсе үні жоқ, райкомнан қорқады. Тоғыз жарым мың қазақтан бір де ақсақал адам табылмады, жиналыстарда қарттардың дауысын жеткізуге, сексендегі татар ақсақалы тұрып айтты, надо писать в Москву, чтобы вернули под мечеть отобранные большевиками у мусульман здания, мен Айналайын, Ақбұлақ деген кітабымда бір главаны со кісіге арнадым, Принципиальность Сафиуллы Гарифуллина деп. Аудандық Наурыз өткізгенде райком совхоз-колхоз басшыларына приказ берді, ақша көмек Наурызға бермеңіз деп. Бірақ Қадырғали Халнязов, Михаил Голота, Сеилхан Аманжуров, Ізберген Жукусов, Жұмабай Аргупов деген басшылар қаржылық көмектерін аямады, Наурызға екі мың адам келді. Концерт өтіп жатқанда Дом Культураны4 ортасында райкомның проституткалары пожар ұйымдастырды, телекамералардың көзінде. Бірақ орымбордың журналистері бізің жақта болды, қазақтың күшті мейрамын облыста да, Мәскеу теледидарында жақсы көрсетті, түтінсіз-шусыз… Сонда райком проституткалары ана тілде оқығандар, орекеңнен қорқатындар. Бастықтарымызға ұнасақ болды дегендер… Біз оларға іске қосылыңыздар десек, өз отбасым қазақ тілін біледі, со бізге жетеді деп қашады-ау тырым тырақай. Ал, өзім де, қасымдағылар да ана тілде оқымадық ай. Кітап, оқулықтарды әр мұғалім өзі табады, Ақтөбеден, Орымборлык Азамат деген жігіт екі мың оқулық Ақтөбеден алып келе жатқанда таможняда тоқтатты, текстерді орыс тіліне аударып беріңіздер деп бірнеше жыл со таможняда кітаптарды ұстады. Бәрің айтуға бұ жерде айта алмаспыз, керегін түсінген шығарсыз. Жылауықтан бала тумайды. Тілдері көшедей арамтамақтар істі алға жылжытпайды. Тек іс істейтіндер қазақтың арманын орындайды. Алға, қайран қазағым-ау!

    5. Төреғали қазиев

      Шайқаста секунд сайын жағдай өзгеріп тұрады, диваннан сынаушыларға оны білу қайда?.. Әне, былтыр Мәскеу “отменил обязательность изучения родного языка в автономных республиках”!.. Митингтер басталып еді, бірақ ұлттық бюрократиялар Татарстан, Башқортстан, т.б. жерлерде, халықтарын сабырға шақырды, қазіргі күрделі жағдайда ішкі соғыс бастамау үшін… Ал, автономиясы жоқ ұлттардың тілдері қандай халде дейсіз?,, 1989 жылына оралсақ, бізде кадр резерві болды. Ақбұлақта 1971 жылына дейін қазақ педучилищесі істеді, соның түлектерінің көбісі 1989 жылы елю жас шамасында болды. Орымбор облысын жетісегіз жылдай солар және Орал пединститутын бұрында бітіргендер қазақ тілі кадрлармен қамтаматты. Ағаапаларымыз пенсияға кететінін біліп, 1992 жылы алты баламен Алматыға аттандым, бірақ дым шықпады, алматының ашкөздері біздің қалталарымызға қарады, оларға қазақ тілі керек пе? Ақтөбеге үш ауданның он бір баласын апардым, тоғызын алдыау оқуға, казахский язык в русской школе мамандығына, ректор Мұхтар Арынов деген қазақ ұлтының жанашыры. Сонда емтихан қабылдаған доцент маған айтты, кімді әкелдің деп. Мен оған, апай дедім, он жылдан соң бұлар да болмайды!.. Ия, біздің абитуриенттнеріміздің тілдері шамалау ғой, бірақ көздері мен жүректері оқимын деп жанып тұрды… Оралға үш қызды жібердім, ректормен тек телефонмен сөйлестім, күшті адам екен, үшеуінде институтқа алды. Бес жылдан соң оқудан келгенде, жағдай өзгеріп басқаша болды, сол он екіден тек екеуі жұмысқа орналасты, шобенестер тосқауыл қойдыау, қазақ тілінің обязательностігі жоқ болмағағасын… Міне, қалың ел Қазақстанымызды айтасыз, шетелдегі ше… Аға буын пенсияға кеткесін, пән ретінде берілген қазақ тілі факультативке көшті, физикхимик тер енді тілге үйрететін жағдай басталды… Ал, бірінші буынның жұмысынан мысал келтірейін. 1989 жылы қазақ тілін пән ретінде аптада төрт сабақ берген Покровка селосында мектеп директоры Қонақпай Рамаданов ағай болды, 1936 жылғы. Покровкада қазақ елу пайыз, сонда орысукраин балалары да қазақ тілін тоқыды! Қонақпай ағай мектепте қазақ хорын құрды, басшысы хордың Елемисов деген жігіт. Со хор Орымбор облысының ауылдарын, қалаларын аралағандарда, орыстың интеллигенттері таң қалды, мы не знали, что у казахов такой хор может быть деп!.. Наурызда хор Туған жерім менің Қазақстанымды хор айтқанда зал бүкіл тұрып әндегенде зал жарларының сілкілегенін көрсеңау!.. Ия, өтті заман…

    6. Төреғали қазиев

      Арап, орыс, қытай, батыс арасында бізге ешқандай айырмашылық жоқ, олардың аз халықты сіміру, сосын сіңбіру мақсаты бар, басқа ойыда жоқ. Түркі әлемінің мүсәпірге айналуы араппарсылармен жақындасудан басталды. Қазіргі жағдайда бәрімен жақсы көрші болып, ешкімді жау санамай, өзіміздің бірігуіміздің жолын ойлау, айлатәсіл іздеу, мемлекетімізді қуаттау, әр қазақтың, әр түркінің жүрегіне сай Қазақнаманы жазу керек. Ұлтты бөлшектіретін есектерге тыйым салу керек, Әр қадамның алдында ойланып, алдағы стратегиялық мақсаттармен салыстыру керек. О мақсаттар қазақтың бірлігі, қазақ мемлекетінің қуаттылығы, әлем халықтарының арасындағы дұрыс орнымыз.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    “The sick man of Europe”

    💪Кезінде мықты имерия, күшті халифат (соңғы халифат) болған Осман империясының Бірінші Дүниежүзілік Соғыстан жеңіліп, “Еуропаның ...