• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Саясат » Әміржан Қосанов: Жастарды қолдау 362 күнмен шектелмеуі керек

    Әміржан Қосанов: Жастарды қолдау 362 күнмен шектелмеуі керек

    Әміржан Қосанов: Жастарды қолдау 362 күнмен шектелмеуі керек

    Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады, білесіздер.

    Ол үшін арнайы қаулы шығарды. Қаулыда: «2019 жыл Жастар жылы деп жариялансын. ҚР Үкіметі Жастар жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау ҚР Президент Әкімшілігіне жүктелсін. Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілсін» деп жазылған.

    Сонымен, Президент пәрмен беріп 2019 жыл Жастар жылы болып бекітілді. Жарлық шықты. Енді ше? Ендігі міндет Үкіметте. Бақытжан Әбдірұлы бастаған Үкімет қайтпек? Қандай жобаларды жүзеге асырмақ? Онсыз да КСРО-лық геронтократиялық жүйеден шыққан билік бүгінгі жастарды агетациялық науқанның айғайшылары ретінде ғана таныса керек. Әйтпегенде, биліктік басқару органдарында бас болып шыққан біреуді білесіз бе? Олай болмаса, Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы саналатын Парламентте (қос палатада да) ыңғай зейнеткерлер отырғаны қалай? Тәуелсіз Қазақстанның жастары неге заң шығару ісіне араласпайды?

    Заң шығару ісі демекші, дәл осы мәселенің бір шетін өткенде Сенат спикері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шығарды.

    Қ.Тоқаев Сенатта өтетін іс-шараларға жастарды қатыстыруды ұсынды

    Өткенде Парламентте Сенат бюросының отырысы өтті. Төраға Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Президент Жолдауда айтқан әлеуметтік сала мен Жастар жылын өткізуге байланысты міндеттеген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша депутаттар корпусының алдағы жоспарын белгіледі.

    Жастар жылына байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. Оның айтуынша, еліміздегі белсенді әрі білікті жастардың өкілдерін мемлекет мүддесін ілгерілету ісіне тарту мақсатында сенаторлардың белсенді жұмыс істеуі қажет.

    Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Сенатта өтетін іс-шараларға, оның ішінде жалпы отырыстар мен комитеттердің астаналық және аймақтық жоғары оқу орындарының студенттерін, кәсіпорындардың жас жұмысшылары мен компаниялар қызметкерлерінің қатысуын ұйымдастыруды, қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде «Жас Отан» өкілдерінің қатысуымен мемлекеттің жастар саясаты мәселелері бойынша арнайы шаралар өткізуді ұсынды.

     

    Осы ретте біз белгілі саясаткер, өзі де 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрінің орынбасары болған, бүгінгі “Жаңа Қазақстан” қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов мырзаның пікірін сұрап білген едік.

    Жастарды қолдау 362 күнмен шектеліп қоймай, одан кейін де өз жалғасын табуы тиіс!

    Әміржан Қосанов, саясаткер:

    -«Жастар жылын» жариялау дұрыс қадам деп санаймын. Бірақ, өкінішке орай, біздегі көп «арнайы жылдар» жалпылама баяндамалар мен шығыны көп, кірісі аз, түкке тұрмайтын форумдармен ғана шектеліп жатады.

    Меніңше, ондай тозығы жеткен дәстүрден үзілді-кесілді бас тартып, Жастар жылын өскелең ұрпақтың күнделікті мұң-мұқтажы мен заманауи сұраныс-талаптарына мейлінше сәйкес нақты шешімдермен рәсімдеу керек деп ойлаймын! Және  ол бастамалар мен жаңалықтар жастардың әлеуметтік-экономикалық, рухани, қоғамдық-саяси мүдделерімен табиғи түрде ұштасып жатса, құба құп болар еді.

    Осы жылы жастар кәсіпорындарын неге үш жылға салықтан босатпасқа? Бұл қадам, әсіресе, ауылдағы екі қолына бір күрек таба алмай отырған жастарға керек! Қаншама жаңа бизнесмендер пайда болар еді? Бәрі аяққа тұрып кетпесе де, кәсіпкерліктің дамуына белгілі бір дәрежеде серпін берілер еді ғой!

    Осы жылы үкімет жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына қосымша қомақты қаржы қарастырып, нақты бағдарлама түзсе.

    Студенттер жастардың проблемалары өз алдына бір төбе. Ол ортадағы жойқын жемқорлықты жоюдан бастап, білімін шыңдау мен жұмыс орындарымен қамтамасыз ету механизмдерін қайта қарау жұмыстарына ерекше мән берілуі тиіс.

    Ғылым және шығармашылық саласында жүрген жастарды қолдап, арнайы гранттар бөліп, іздену жұмыстарына қаржы бөліп,  шығармаларын жарыққа шығару, насихаттау үшін де тиісті іс-шаралар қарастырылғаны жөн.

    Қоғамдық өмірде де жастар белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін стимулдар жасау керек! Және де ол белсенділік тек қана билік партиясының аясымен шектелмеуі тиіс, азаматтық қоғам институттарын дамытуға жастар ат салыспағанда, кім ат салысады? Әртүрлі деңгейдегі шенділер мен депутаттары корпусына жастарды көбірек тартуды қолға алу керек деп ойлаймын!

    Осы және басқа да ұсыныстарды қалыптастырып, тиісті шешім қабылдайтын президенттің алдына ұсынардың алдында, меніңше, Интернет және әлеуметтік желілердің мүмкіншілігін пайдаланып, жастардың бүкілқазақстандық сауалнамасын ұйымдастыру керек: «Жастар жылы» биліктен не күтеді, соны жастардың өзі айтсын!

    Ең бастысы, жастарға деген қолдау 362 күнмен шектеліп қана қоймай, одан кейін де өз жалғасын табуы тиіс!

    Нұргелді Әбдіғаниұлы

    “Адырна” ұлттық порталы

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Порошенко патриарх Филаретке “Украина батыры” атағын берді

    Украина президенті Петр Порошенко патриарх Филаретке Украина батыры атағын берді. Бұл туралы “Азаттық” радиосы хабарлайды. ...