• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Саясат » Билікке талап айтқан аналар көбейді

    Билікке талап айтқан аналар көбейді

    Қазақстанның бірнеше аймағында жүздеген әйел жергілікті билікке барып, арыздарын айтып жатыр. Ақпанның 11-і күні Қарағандыда жүзге жуық ана облыстық әкімдікке жиналып, билікке талап қойды. Ал Ақтөбеде мемлекеттік мекеме өкілдері көп балалы аналарды қабылдауды бастады. Елдің қаржы министрлігі көп балалы аналарға төленетін жәрдемақыны өсіру мәселесіне пікір білдірді.

    “МЕДАЛЬДАРЫҢЫЗДЫ ТӨРГЕ ІЛІП ҚОЙЫП, ҚАРАП ОТЫРАМЫЗ”

    Қарағандыда облыстық әкімдікке келген жүздеген көп балалы ана жәрдемақыны көбейтуді, коммуналдық қызмет пен көмір бағасын азайтуды, балаларға үйірмелерді тегін етуді талап етті. Жиналғандармен облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов кездесті.

    Қарағандыдағы жиынға келген көп балалы аналар. 11 ақпан 2019 жыл.
    Қарағандыдағы жиынға келген көп балалы аналар. 11 ақпан 2019 жыл.

    Ал Ақтөбе қаласында 11 ақпаннан бастап төрт мемлекеттік мекеме өкілдері көп балалы аналарды қабылдай бастады. Азаттық тілшісі барған Таxауи Аxтанов атындағы драма театрында жүздеген адам жиналған. Арасында шалғай ауылдардан келген әйелдер де бар.

    Аналар баспана мәселесі, балаға төленетін жәрдемақыны көбейту, балаларын балабақшаға орналастыру алу, бастауыш сыныпта оқитын балаларды тегін тамақпен және қоғамдық көлікте тегін жол жүру билетімен қамтамасыз ету, үй салуға жер бөлу сынды әлеуметтік проблемаларын шешуді сұрап келіп жатыр.

    – Біздің жеңілдіктерді өсірсін, жәрдемақымызды ай сайын жететіндей етіп қойсын. Одан артық ештеме сұрамаймыз. Мен 200 шақырым жерден Жарөткел ауылының барша аналарының мұң-мұқтажын жеткізуге келдім. [Көп балалы анаға берген] медальдарыңыз бар болсын, төрге іліп қойып, қарап отырамыз. Оның орнына біздің пайдамызға асыратындай етіп жәрдем жасасын, – дейді алты баланың анасы Гүлнар Тоқабаева.

    Ақтөбе облыстық әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова алдағы үш күн бойы жиналатын ақпараттар сараланып, көмекке мұқтаж аналардың тізімі жасалатынын айтты.

    “Ең алдымен солардың мәселелерін шешеміз. Бұл – жергілікті биліктің құзырындағы жұмыс. Ал жәрдемақыны көбейту тәрізді мәселелер орталықтан шешілуі керек. Ол біздің құзырымызда емес” деді әкімдік өкілі.

    Бұған дейін Ақтөбеде көп балалы аналар әлеуметтік проблемаларын шешуді талап етіп жергілікті билікке екі мәрте барған болатын.

    Әкімдік есебінше, Ақтөбеде 995 тұрмысы төмен отбасы бар. Өткен жылы оларға әлеуметтік көмек көрсету үшін бюджеттен 196 мың теңге бөлінген.

    Ақтөбелік белсенді Бақыт Жаншаеваның пайымдауынша, Ақтөбеде мемлекет көмегіне мұқтаж отбасылардың саны бұдан да көп және олардың көбі билік баспана мәселесін шешіп береді деп үміттенеді.

    “ХАЛЫҚҚА ОЛИМПИАДА КЕРЕК ЖОҚ”

    Ақпанның 10-ы күні Шымкент әкімдігінің қызметкерлері шағым айтып келген көп балалы аналарды қабылдады. Аналар жәрдемақы, баспана, жұмыссыздық, күнкөріс қиындығы сынды әлеуметтік мәселелерді көтерген.

    “Осы жиналысқа келуге жолақысын таба алмай қанша көп балалы ана зарлап, жылап отыр. Солардың бәріне санақ жүргізілуі керек. Жыламаған балаға нан жоқ. Кімнің жағдайы қандай екенін балалардың сынып жетекшілері өзі-ақ айтып береді. Ұсынысым, аналар капиталы ашылуы керек” деді жиынға келген үш баланың анасы Елмира Әшірбекова.

    Жиынға келген көп балалы ананың бірі “11 миллион теңгеге аялдама салудың не керегі бар? Бізге шырша керек жоқ. Халыққа олимпиада керек жоқ” деді.

    Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев наразы аналармен кездесуде сөйлеп тұр. Астана, 6 ақпан 2019 жыл

    ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

    Аналар билікке өз талаптарын жеткізді

    Ақпанның 9-ы күні Астанада ондаған ана “Астана” концерт залының алдына жиналған. Сол күні Қызылорда облысының әкімдігі көп балалы аналарға арнап ашық есік күнін өткізген.

    4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

    Ақпанның 6-сы күні Астанада жүздеген ана Астанада жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.

    Ашық есік күніне келген тұрғындар. Қызылорда, 9 ақпан 2019 жыл.
    Ашық есік күніне келген тұрғындар. Қызылорда, 9 ақпан 2019 жыл.

    Ақпанның 11-і күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан қаржы министрі Әлихан Смаилов көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыны көтеру мәселесі қаралып жатқанын айтты.

    “Қазір бұл мәселе жұмыс тобында қаралап жатыр. Бұрын бала бір жасқа толғанға дейін анаға жәрдемақы берілетін. Қазір бұл жасты өсіру жағын қарастырып жатырмыз. Жәрдемақының көлемін өсіруді де қарастырамыз. Тиісті ұсыныстарды жасаймыз” деді министр.

    “Азаттық” радиосы

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Нұрлан Нұркенов Астана әкімінің орынбасары болып тағайындалды

    Елорда әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне Нұрлан Нұркенов тағайындалды, – деп хабарлайды “Адырна” Астана ...