• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Қазақтың қара сабыны

    Қазақтың қара сабыны

    Халық мұрасын жаңғыртушы Тұрымқан Оспанқызы – қазақтың қара сабынын қайнату ісінің шебері. Атадан балаға мирас болып жеткен бұл шаруа бүгінде күн санап көмескіленіп, мүлде ұмыт болуға айналғаны жасырын емес.

    «Сақар жасау үшін алдымен сексеуілдің күлін қайнатамыз. Оны бір күн тұндырғаннан кейін сақар пайда болады. Сақар болғаннан кейін май құйып қара сабын әзірлейміз. Сақарды дәстүрлі сабынға айналдыру үшін көбінесе қойдың немесе сиырдың майын қосып қайнатамыз. Себебі олар табиғи шикізат қайнар көзі болып саналады. Ал оны қайнатудың тиісті шарттары бар», – дейді Тұрымқан апа. Бұдан кейін бұл кісі сабынның әзірлену барысы туралы егжей-тегжейлі түсіндіре бастады. Сұйық май қосылса, сабынның езілгіш, тез ерігіш келетінін айтады ол. Қазан отын жағудың да өз ережесі, бабы бар көрінеді. Алғашында оттың қызуын арттырып алып, сосын қызу ақырындап бәсеңдетіледі. Ал қазандағы сақар үздіксіз аралас­тырылады. Дұрыс аралас­паса, түбі қазанға жабысып қалады. «Жасаған сабын жақсы дайындал­ғанда аппақ көбік шығады. Ескеретін тағы бір жайт, сақар мен құйылатын майдың анық өлшемін сақтағанымыз абзал. Бір кесе сақарға екі кесе май құямыз. Майы көп болса, майға шашалып қалады, майы аз болса, сабын қатты болып шығады», – дейді көненің көзін сақтаушы.

    «Қара қойдың терісін, 

    Сабындап жусаң ағармас», – деп Бұхар жырау жырына қосқан сабын сөзі Шал ақынның өлеңінен де байқалады:

    «Сабының сақар болды дені келін,
    Көрмедің шыбын құрлы мені келін». Демек, қара сабынның қазақ арасындығы қолданысы арыда жатыр. Оған қара сабынның VII-VIII ғасырдағы әдебиеттерден кезіккені дәлел. Кейбір деректер Ресейде сабынның ХІХ ғасырдың ортасына дейін орыс ақсүйектеріне ғана белгілі болғанын алға тартады.
    Ертеректе қара сабынды адам уланғанда құстырып, ішін тазалауға да пайдаланыпты.

    «Көбінде кездесетін ілме, шетпеге де қолдан­ылады. Қара сабыннан біраз қырып алып, баланың арқасын ысып тараймыз. Оны денеге жағып, біраз сіңіргенше сылап-сипаймыз. Сыртын табиғи, мақтадан жасалған шүберек­термен орап тастаймыз. Сөйтіп, ет пен терінің ортасындағы желді кетіріп, шетпе, ілме болған адамдарды емдеуге болады. Түрлі тері аурулары, сиыр теміреткісі де ет пен терінің ортасындағы азықық жетіспеуінен, жүйке-жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Аурудың асқынбаған жағдайында қара сабынмен шомылдырып да, сырқатты құлан-таза айықтыруға болады», – дейді дәрігер.

    Сақармен ауруға шалдыққан малдарды емдеуге де болады екен. Бұрынғы кездері бақана, аусылмен ауырған малдардың тілін, аша тұяғын осы сақармен емдепті. Мал тұяқтарын сақарлы суға малып-ақ жазып алған екен. Сондай-ақ адамның өкпе ауруы, әсіресе, малдың өкпе жөтел ауруларын емдеген.

    Бұзаушықты білесіз бе?

    Тұрымқан апай «Сабынды дайындап біткенде әке-шешелеріміз ыстықтай беліне орап алатын. Денеге өткен ыстығы пайдалы деп.  Мұның жас балаларға пайдасы бар, бөрткен, қотыр шықпайды» дейді. Кішкене нәрестелердің іші кеуіп ауырғанда кіндік бөлімін қара сабынмен сыласа пайдалы. Қара сабыннан қазанның түбінде қалған азырақ бөлігін кішкентай етіп, әдемілеп домалақтап, балаларға сақтайды. Мұны «бұзаушық» деп атайды. Бұзаушық баланы шомылдырғанда жұмсалады. «Мынау сенің бұзаушығың» деп қыз балаларға меншіктеп беретін де дәстүр болған.
    Бұл сабынның балаларға қолданылатыны – химиялық қоспасыз, табиғи болғандықтан. «Баланы біз қырқынан шыққанша, бір күні тұзды суға, енді бір күні сабынды суға саламыз, біріншісінде тұз сіңіп, терінің пысуына көмектеседі, ал екінші күні қара сабынмен жуады. Бұл қазақ медицинасында  терінің жетілуіне, бұлшық еттердің жақсы дамуына көмегі тиеді деп есептелінеді», – дейді Мақсат Әбдіқадыр.

     

    Мақсат ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ, дәрігер:

    – Қара сабын – қазақтың дәстүрлі тұрмысында пайдаланады. Оның негізгі құрамы – сексеуілдің күлі. Онда натрий, тотықты гидрат бар. Ол жануар майымен араластырып жасалады. Мұны қазақ медицинасында ежелден балалардың, ересектердің сыртқы терілерін, киім-кешегін жууға пайдаланған. Негізінен, тері ауруы, жел-құз, ет пен терінің ортасындағы қара желге өте жақсы көмегі болған. Терідегі түрлі қышыма ауруларына ешқандай дәрі-дәрмексыз қара сабынмен ішкі киімдерін жуып, өзі шомылдырғанда-ақ жақсы болып кеткен деседі жұрт. Қара сабынды суық тигенде сылайтын май ретінде қолдануға болады, ісікке, домбыққан жарақатқа тартса, бітеу жараның соқтасын сорып алады.

     


    Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Қыздың жасауы алты жастан бастап дайындалады

    Әр қазақтың басты арманы бала-шағаны өсіріп, ел қатарлы болатындай жанұялы етіп қатарға қосу. Немере, шөбере, ...