• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » Ағашқа ою салу өнерi

    Ағашқа ою салу өнерi

    Ағашқа ою салу өнерi, әсiресе, солтүстiк аудандардан бастап, бүкiл Қазақстан аумағына кеңiнен таралған. Стилистикалық тұрғыда ол қазақтың халықтық қолөнерiнiң басқа да барлық түрлерiмен, ең бастысы, киiзден және былғарыдан оюлап көркем бұйымдар жасаумен тығыз байланысты. Киiзден оюлап жасалған дүниелер, өрмелер мен тоқымалар кестелеу және халық өнерiнiң басқа да түрлерi тәрiздi ою-өрнек салынған ағаш бұйымдары киiз үй жиһазының сәнiн келтiрiп, үйге қажеттi тұтыну аспаптарын толықтырған, сөйтiп, өнер туындысына айналған.

    Қазақтардың ағашты өңдеп, пайдалануы ең алдымен, оның көшпендi өмiр салтының қажетiн өтеуге байланысты болған. Киiз үйдiң сүйегi мен есiгі, босағасы, керегесi ағаштан жасалған. Киiз үйдiң сүйегiне әдетте ою салынбаған, ал есiк пен жиналмалы босағаларға ою ойылып, олар түрлi бояулармен әшекейленiп отырған. Кейде, әсiресе, салтанатты ордалардың ағаштары сүйекпен, алтын, күмiс, мыс-жезбен оюлап безендiрiлген. Көшпендi өмiр салтына қарамастан қазақтардың ағаштан жасалған үй жиһазы болған, мысалы төсек, сандық, адалбақан, кебеже т.с.с.
    Ағаш сандықтың да, мысалы, азық-түлiк, киiм-кешек, төсек-орын салатын түр-түрi болған. Сондай-ақ, теңдер мен көрпе-жастық, кiлемдер мен текемет-сырмақтарды жинайтын жүкаяқтар болған.
    Ас бұйымдарынан ағаш табақ, астау, шара, тостаған, қымыз құятын тегене мен әшекейлi ожау, шынықап, келi-келсап, пiспек, қасыққа дейiн бәрi ағаштан ойылған. Оларға және ою-өрнек салынып, сырланып, немесе сүйек, металдармен өрнектелiп безендiрiлетiн болған. Ағашқа ойылған оюлардың композициясы мен үлгiсi де қазақтың халықтық қолданбалы қолөнерiндегi тәрiздi қарапайымдылығы және көрнектiлiгiмен ерекшеленедi. Жалпы түс пен өрнектердiң теңдiгi, жекелеген бөлшектердiң жиi-жиi қайталанып отыруы да қазақы үлгi. Солардың арасында ең көбiрек кездесетiнi – қошқар мүйiз, екi басы тұйықталып келетiн иiр қайырма, S образды белгiлер мен шеңберлер, төртбұрыштар, ромбтар, жапырақ формалы иiрме орамдар, т.с.с. Ою салынған бұйымдардың әшекейлік шешiмi олардың үлкен-кiшiлi көлемiне қарамастан, оюдың жекелеген бөлiктерi мен элементтерiнiң бәрi жалпы сәннiң жарасым тұтастығына бағынған.

    Қазақ оюшылары оюдың түрлi тәсiлдерiн меңгерген, тесiп ою, бедерлеп ою, жанап қырлап ою, жалпақ ою, т.с.с. Кейде олар оюдың негiзгi жүйелерiн қосымша өңдеп отырған. Орта Азия халықтарынан, әсiресе, қырғыздардан ерекшелiгi, қазақтар ою үстiне металл жапсырып, не сүйек салып безендiрген. Металл жапсырмаларын көбiне сандықтар, кебеже мен қобдишаларға, қымыз құятын тегенелер мен тостаған, әшекейлi ожауларға, киiм iлетiн адалбақан, не ат әбзелдерiн iлетiн iлгешектерге қолданған.

    Ал ою үстiн сүйекпен өрнектеу төсек пен есiк, жүкаяқтарға, кейде ағаш ердiң алдыңғы жағына орналастырған. Сүйекшiлер қажеттi оюды алдымен сүйектен кесiп, содан соң оны құрастырып, безендiрiлетiн бұйымның үстiне түймебас күмiс шегемен жапсыратын болған. Ағаштың ою салынатын бетi алдын-ала арнайы өңдеуден өтедi, оған салынған оюдың өзi кiрiгiп жапсырылатын металл кесiндiсiнiң қалыңдығына қарай ұңғыланады. Соның нәтижесiнде ою үстiне жапсырылған металл мен ағаштың бетi бедерсiз, бiркелкi жазық болып келедi. Қазақ шеберлерi көбiне қаптамалы өрнектеудi қолданған, мұнда бұйымның бетiне оюланған сүйек тұтастай жапсырылып, қапталады. Ондағы сүйектен ойылған әрбiр өрнек жеке-жеке орналасқанда текемет-сырмаққа салынған оюдың композициясындай жалпы жарасым тауып, бiр-бiрiмен әдемi үйлеседi. Аса қымбат бағалы дүниелердi жасағанда сүйекке алтын-күмiс жапсырмаларын қосып безендiретiн болған. Сүйекшi шеберлердiң еңбегi өте жоғары бағаланған. Сондықтан сүйектен ойылған әдемi жиһаздар көбiне дәулеттi адамдардың төрiне көрiк берген.
    Қазақ шеберлерi қайыңның қатты безiнен қымыз iшетiн тостаған, саптаяқтар ойған. Қымыз құятын ожаулардың өзi де әр алуан қалыпта жасалған. Салтанатқа ұсталатын ыдыс-аяқтарға күмiстелген өрнектермен қоса iрi асыл тастар салынып зерленетiн болған.
    Қымыз құятын үлкен шаралар мен ет тартатын табақтар әдетте әшекейленбеген. Оның тек сирек қолданылатын кейбiр түрлерi ғана томпақ бедерлi, немесе түймебасты күмiс шегелермен әшекейленген. Күмiстiң өзi кейде қарайтылып, безендiрiлген.
    Ою салынған дүниелермен қатар станокта жонылған ыдыс-аяқтар кеңiнен қолданылған. Оларға әдетте әшекей, ою салынбайтын болған.
    Ағаштан түйiн түйiп, ою ойған қазақ шеберлерi қолөнер туындыларының ең басты құндылығы олардың алуан түрлi ою өрнек үлгiлерiн кеңiнен қолдану арқылы сол көркем шығармаларында көшпендiлер өмiр-тiрлiгiнiң мәнi, дүниенiң жұмбақ сырлы жаратылысы жөнiнде ой түйген халық түйсiгiн поэтикалық тұрғыда тұлғаландырып отырғандығында.
    Бұл көркем туындылар жанды дүниенiң суретiн бейнемелеу жөнiндегi исламның қатаң қағидасы шеберлердiң шығармашылық еркiндiгiне шек қойып, оларды бейнелеу өнерiндегi шарттылық пен схематизмге мәжбүр еткендiгiнiң сөзсiз айғағы. Алайда халықтық хас шеберлер тапсырыс берушiлердiң қалауына орай, әрi қолдағы материалдарға икемделiп, белгiлi бiр қалыппен шектелген ою-өрнек өнерінiң өзiнде де дүние, тiршiлiк туралы өз тұжырымдарын төтенше қолтаңбаларымен қалдырды. Тiптi өздерiне ғана тән, өзгелер қайталай алмайтын орнаментация жүйесiн жасады.


    “Адырна”

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қаралы көш – қазақ салттарының көнесі

    Қазақтар ғасырлар бойы мал шаруашылығымен өмір сүрген ұлт. Ауа райының төрт мезігіліне байланысты қыстау мен ...