• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Сөз – құдірет » «Ұшынан екі беттің қаны тамған»…

    «Ұшынан екі беттің қаны тамған»…

    «Ақбөпе-Сауытбек» дастанындағы Ақбөпе өмірде болған адам. Ол 1875 жылы бұрынғы Жамбыл облысының Шу ауданында туған. Айтыстарға қатысқан ақын, әнші ретінде есімі тарихтан белгілі. Ал, ғашықтық жырды бізге жеткізген Белгібай Бектұрғанұлы дейтін азамат.

    Қыпшақтан шыққан еді сол сұлу қыз,
    Әнші, ақын, аты Ақбөпе шолпан жұлдыз.
    Жері жоқ тұлғасының келіспеген,
    Ақтамақ, алма бетті, алқызыл жүз.
    Қазақтың қызды желге бетін өпкізбей аялап өсіретіні баршаға аян. Біз жырды оқи бастаған сәтте-ақ пісте мұрын, сүмбіл шашты, қаракөзді, оймақ ауыз, қиғаш қасты, аршыған жұмыртқадай өңі бар Ақбөпемен таныса аламыз. Осыған қоса ақындығы туралы әңгіме өз алдына бір бөлек өрбиді.
    Ұшынан екі беттің қаны тамған,
    Тілінен сөйлегенде балы тамған.
    Денесі мінсіз тура тартқан сымдай,
    Сымбатты сырт арқасы сыр сандықтай.
    Тұйғындай тұғырдағы мойнын толғап,
    Сыланып отырады тоты құстай.
    Қойғандай кірпік, қасы оспа жағып,
    Сауырлы, белі нәзік, иіні жазық.
    Жарқырап шарайнадай қаракөзде,
    Тұрғандай гауһар тастың шамы жанып.
    Бірде Аша болыста (осы күнгі Шу ауданы­ның орталығы) болыс Тілеуқабыл үш дуанның – Алматы, Әулиеата, Шымкент халқын жинап, той жасайды.
    «Қыпшақтың ақын қызы келіпті» деп,
    Есітіп тегіс келді жанның бәрі.
    Ынталы есітуге тойдағы жұрт,
    Қандай деп Ақбөпенің салған әні.
    Жұрт құмар Ақбөпенің саздарына,
    Көргенде көз тояды ажарына.
    Сырланған алтықанат ақорданың,
    Шығарды Ақбөпені төр жағына.
    Жиын кезінде арғы бабасы арғын, қыпшақ туралы қызықты деректерді және ел қорғаған батырларын мадақтап, Ақбөпе өлеңмен өрнектеп халқына ойын ашық жеткізеді. Осы елде Сауытбек дейтін ақын жігіт бар дегенді құлағым шалды деп сөзін түйіндейді.
    -Ақбөпенің сарыны жер жарады, жұрт өте дәріптейді, айтыссам сөзім тиіп кетер деп батпай жүрмін,-деп Сауытбек достарына сырын айтады. Ақыры қыз шақырып қоймаған соң ел алдына шығуға мәжбүр болады.
    Сауытбек, есенбісіз өзіңіз де,
    Қарт, жастар, жалпы аман ба еліңіз де?
    Сауытбек шақырумен әрең келдің,
    Алғашқы амандасу жөні сізде,-деп Ақбөпе ақын жігітті сөзбен тықсырады. Сауытбек болса Ақбөпені іштей бір көрсем деп қайғыға қамалып, іштен тынып жүргенін баяндаса, айтыскер қыз:
    Сауытбек, той-жиыннан қалмай жүрсіз,
    Көз қырын біздің елге салмай жүрсіз.
    Көңілің сүйген болса барар еңіз,
    Шынымен есіңізге алмай жүрсіз.
    Сауытбек:
    Бара алмай жүрмін атым болмаған соң,
    Кедейлік ауыр екен орнаған соң.
    Ақбөпе:
    Кедейлік ерге кесір бола ала ма,
    Алмаға өзің қолды созбаған соң.
    Домалап алма аузыңа бара ала ма,
    Біресе атым жоқ деп сылтаурайсың,
    Аяғың қалай жетті бұл араға?
    Осылайша Сауытбек пен Ақбөпе қайым­дасып айтысып біраз жерге барады. Жырдан байқайтынымыз Ақбөпенің ой-өрісі кең, дүние­танымы мол, елдің шежіресін жақсы білетін жан ретінде көзге түседі. Тіптен Наурыз­бай, Кенесары батырлар кезіндегі жаугер­шілікті де айтыстың өзе­гіне айналдыра алады. «Қырғыздың қазақ қалды олжасында» дей отырып, шапқыншылықтан ел үркіп үдере көшкенін, содан аз үйлі қыпшақтардың Шудың бойына қоныстанып қалғанын да кестелі жыр шумақтарымен жеткізеді. Сондай-ақ қалың­ға берер малым, мінерге атым жоқ дегенді алға тарта берген Сауытбекке:
    Көңілі сүймегендер қаламайды,
    Сүйіссе бай, кедей деп санамайды,
    Уайым түбі терең батырады,
    Жігітке жүгенсіздік жарамайды,-деп назын жеткізе де біледі.
    Соңында екеуінің тілектері бір арнаға ауысып, бір-бірін ұнатып қалады.
    Жымыңдап бір-бірінің қолын қысты,
    Ғашықтық жалын өрті ішке түсті.
    Қосылып екеуінің махаббаты,
    Аймалап оңашада сүйіп құшты.
    Сөйтіп жастар шын жолдастық өмір сүруді аңсайды, іштегі барлық сырын жырмен шығарады.
    Осыдан кейінгі уақытта Ақбөпенің қайғы-зары қалыңдайды. Өйткені, жасы қырық жетідегі Тантай дейтін адам екі әйелдің үстіне алмақшы болып атастырып қойған екен. Сауытбекті көргеннен кейін Ақбөпе күндіз-түні жылап жүреді. Сауытбек Ақбөпені ауылына іздеп барып жүздеседі, олар өзара шер тарқатады. «Мен Аққолтыққа кетпекшімін. Он бес күннен кейін ораламын»,-деп уәде беріп кеткен Сауытбек осыдан соң хабарсыз қалады. Ожар мінезді, өзімшіл Тантай Ақбөпені алып қайтуға бес адамын жібереді.
    Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық,
    Екі қолым байлаулы, көзім жұмық.
    Ықтиярсыз барамын, менде ерік жоқ,
    Қол-аяғым матаулы, құрсау-құлып,-деп бастап, Ақбөпе «менің Сауытбекке арнаған сәлемім, аманатым» деп өлең айтып, Солтай деген жігіттен өтінішін жеткізуін сұрайды.
    Кешігіп келген Сауытбек бар жағдайды біліп қатты өкінеді. Ұзатылып кеткен келіншекті іздеп барып жолығудың амалын да қарастырады.
    Ақбөпе шықты ақ үйден,
    Бүркеншік шапан жамылып.
    Ақбөпе шықты албырап,
    Ақ бұғағы салбырап.
    Неше түрлі бұралып,
    Сәмбі талдай балбырап.
    Ай да толған кез еді,
    Түстікте тұрды жарқырап.
    Мінекей, көркем теңеулермен сипатталған ару Ақбөпенің бейнесі. Өкінішке орай, 300 кісі қарауылға қойылғандықтан, Сауытбек пен Ақбөпе бой тасалап, қашып кете алмайды. Тантайға қосылған соң 6 ай, 10 күннен кейін құсадан Ақбөпе қайтыс болады. Сөйтіп, әлеуметтік жағдай, қазақ қыздарының басындағы теңдік мәселесі Ақбөпедей әрі сұлу, әрі өрнекті ой айта білетін сұңғыланы да аямады. Адам қашанда қоғамның бір бөлшегі. Сондықтан да ақынжанды айдай ару да сол ортаның құрбаны болды. Бірақ ел аузында шырқырап шырқалып «Ақбөпенің әні» қалды.


    Нұрлан ҚҰМАР, “Ана тілі”. 

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Ұлт ретінде ұлыларды ұлықтай білейік – Махат Садық

    Алматы. 1990 жыл. Жаз. Желтоқсан көшесі 177-дегі ТВ мен Радио үйінің кіре берісінде СССР халық ...