• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қолөнер » Қолдан тоқылған кілемнің қадір-қасиеті ерекше

    Қолдан тоқылған кілемнің қадір-қасиеті ерекше

    Оңтүстіктің тумасы болғаннан кейін кілем тоқу, киіз басу бізге таңсық іс емес. Ерлер жағы қой­дың жүнін қырқып бергеннен кейін оны жуып-тазалау, түту, са­бау, егер кілемге арналған жүн болса оны иіру, бояу, киіз басу, кілем немесе алаша тоқу әйел­дердің шаруасы. Оған сол үйдің қыз-келіншектері, апалары, тіпті әжелеріне дейін атсалысады. «Се­нікі, менікі» деген жоқ, бір кісідей сол жүнді ұқсатып, әп-әдемі бұйым етіп шығарады.

    Қазақ болған соң қой өсір­мей отыра алмайды. Арнайы құда күту, сыйлы меймандарды риза етіп қой сойып, бас тартып шығарып салу былай тұрсын, амандық-саулық сұрап ат басын бұрған ағайын мен көптен көрмеген туыс-жекжатты да үйден мал сойып, сый-құрмет көрсетпей қазақ үйінен аттан­дыр­майды. Бұл бүгінгі күнге де тән, бұрыннан қалыптасқан жазыл­ма­ған қазақы қағида. Қанша нарық­тың қыспағына түссе де қазақ қой басын кеміткен жоқ. Академик Рахымжан Елешовтың айтуынша, тап осы күнде де жайлауымызда 17,5 миллион қой мен ешкі жайы­лып жүр. «Есі кеткен ешкі баға­ды» дегенді айтқан қазақ бір жерде байыз тауып тұра алмайтын еш­кі­ні өсіруге аса құлықсыз. Есесіне мінез-құлқы өзіне сай келетін қой басын көбейтуге келгенде еш­кім­нен ақыл сұрамайды. Сол себепті жоғарыда келтірілген санның ба­сым бөлігі қойға қатысты екенді­гіне ешкім дауласа алмайды. Бізді қынжылтатыны — соншама қой өсіріп отырып оның жүні мен те­рісін ұқсата алмауымыз. Әйтпесе нағыз табиғи өнім болып сана­латын жүн мен теріден жасалған бұйымдардың бағасы аспандап тұрғанын күнделікті білмей отыр­ған жоқпыз. Осы күні қолы жеткен киетін, нарығымызды жаулап ал­ған түрік тондары теріден жасалған емес пе? Ал біз жүн мен теріні ұқсата алмай, төбе-төбе етіп үйіп өртеп жіберетініміз өкінішті-ақ. Ең құрығанда жүн мен теріні қа­былдайтын пункттерді көбейтіп, орайы келсе экспортқа шығарсақ та қайда жатыр.
    Қазір байқап қарасаңыздар, шаң жинайды, қағып-сілкуге, тазалауға қиын деген сылтаумен көп үй киіз бен қолдан тоқылған кілемді пайдаланбайтын болған. Оның орнына синтетикасы көп зауыт-фабриканың заманауи бұйымдары көбейген. Әрине, бір қарағанда түрлі-түсті бояуымен көз тартатын бұл бұйымдардың денсаулыққа қаншалықты пайда-зияны бар екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Біздің қазақ өзгелер сияқты үстелде шоқиып отырғанға үйренбеген, көбі (әсіресе ауылдық жердегілер) жерге, төсеніштің үс­тіне бір-екі қабат көрпеше төсеп отырады. Тіпті жантайып жатып, самаурын-самаурын шай іше­тіні тағы бар. Мұндайда табиғи жүннен жасалған киіз бен кілем әрбір қазақтың үйінде болса ар­тықтық етпейтінін ішіміз сезеді.
    Осыдан 15-16 жыл бұрын ауыл-ауылды аралап кілем жинайтындар қаптап кеткен. Нағыз нарықтың қыспағына түсіп, не істерін білмей отырған ауылдағы ағайын ар­зымаған ақшаға қолындағы қым­бат қазынасы — кілемін ұстатып жіберді. Оның біразы ел мұра­жайларында сақтаулы. Бірақ басым бөлігі шетел асқаны да мә­лім. Мұражайларда сақталған түкті кілемдерге қарап біздің елі­мізде, әсіресе ХІХ-ХХ ғасыр­ларла кілем тоқу өнері қатты дамы­ған­дығы аңғарылады. Әйтсе де, ар­хеологиялық қазба жұмыс­тарына қарағанда кілем тоқу өнері­нің та­рихы тереңде жатқаны анық. Алтай жеріндегі архео­ло­гиялық қазба жұмыстары ке­зінде табылған тоқыма бұйым­да­ры бұ­ған дәлел. Қазақтың ғұлама ғалы­мы Әлкей Марғұлан да қазақ түкті кілемінің өзі бірнеше түрге бө­лінгенін айтады. Әсіресе орта ғасырлардан бері ақсүйектердің еншісі болып келген орда кілем, қалы кілем, масаты кілем, жібек кілемдер көздің жауын алатындай бір-бірінен өткен әдемі. Осы күні мұражайларда сақтаулы түкті кілемдердің көбі Оңтүстік Қа­зақстан шеберлеріне тиесілі. Бұл өңірде өткен ғасырдың 60-жыл­дары киіз басу мен кілем тоқу өнері жаппай белең алған. Жаздай жуып, тазалап, түтіп дайындаған жүнді апаларымыз қыстай иіріп шығатын. Күні бойы үй тірлігінен бір босамайтын апа-әжелеріміздің кеш болса ұршығын алып пештің түбіне жайғасатыны әлі есімде. Содан жаз шыға әлгі дайын болған жіптерді бояп, ауылдағылар кезек-кезек кілем құратын. Алғашқы күні ауылдағы білгір үш-төрт әйел ерлер жасап берген бойы 5-6 метр, ені 2,5 метр шамасындағы қалыпқа кілем құратын. Сосын оны үш-төрт қыз 20-30 күн бойы бел жаз­бай тоқитын. Міне, осы мысалдан-ақ бір кілемнің өзіне қаншама маңдай тер төгілетінін байқауға болады. Кілем құрылған үйде қой сойылады, арты кәдімгідей тойға ұласып жататын. Тағы бір айта кетер жайт — өзге ағайын-туыс бой­жеткен қыздарын кілем құрған үйге міндетті түрде екі-үш күнге асар­ға жіберетін және кілемші қыздарға көрші-қолаң, ағайын-жекжат ара-арасында арнайы ас әзірлеп алып келетін. Егер мұндай жайттар сәл саябырсып қалса кілемші қыздар үйге келген әзілі жарасқан жандардың біріне ар­найы кілемге арналған түрлі-түсті жіп­терден шашақ жасап, соны ұстатып жібереді. Бұл дегеніңіз келесі «кезек сіздікі» дегенді біл­діреді. Шашақ байланған жан көп ұзамай қыздарға тәтті тағамын алып келуге міндетті. Бұл «мін­дет­тен» құтылмаса ол кілемші қыз­дардың маңайына да жолай ал­май қалады. Әсіресе домбыра-гитара тартатын бозбалалардың кеш болса кілем құрған үйді жағалай­тыны да қызық. Қазір осы үрдістің бәрі ұмыт қалып бара жатқаны өкінішті.
    Қазіргі кілемнің көбі шетелдік. Алматыдағы жалғыз кілем фаб­ри­касы да жұмысын тоқтатқан. Ол кезінде республикадағы сюжетті ою-өрнекті кеңінен пайдаланып кілем тоқыған ірі өндіріс ошағы еді. Қаншама мекемелер мен мұ­ражайларға арнайы кілем тоқыған Алматы кілем фабрикасы өнімінің сапасы аса жоғары болды. Қолы жеткен үйінің төріне осы кілемді төсеуге ұмтылатын. Нарықтың қыс­пағы бұл фабриканы да айна­лып өтпеді.
    Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Соңғы жылдары қазақы кілемді қайта қол­ға алып жатқандар баршы­лық. Олар үзіліп барып қайта жалға­сын тапқан кілем тоқу өнерін одан әрі дамытуға аса құлшынысты. Мә­селен, АҚШ-тың елшілігі Мәдени мұраны сақтау қорынан 47 мың доллар грант бөліп, еліміздің оң­түстік аймақтарында кілем тоқу дәстүрін жаңғыртуға үлес қосып отыр. Бұл мақсатта арнайы се­минар-тренингтер өткізіліп, кілем тоқуға бейімі бар жандар тартылып отыр.
    Жамбыл облысы Жуалы ауда­нын­дағы жеке кәсіпкер Нұрғали Рахманқұлов та соңғы жылдары ата-бабамыздан келе жатқан кі­лем тоқу өнерін әрі қарай дамытсам деп байыз таппай жүрген жан­дардың бірі. Алматы Ауыл шаруа­шылығы институтының эконо­мика факультетін бітірген ол то­қырау жылдары мамандығы бо­йынша жұмыссыз қалады. Әрі ойланып, бері ойланып келінше­гі екеуі кілем тоқу цехын ашуға бел байлайды. Оған бір жағы келіншегі Әзиманың кезінде Алматы кілем фабрикасында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істегені де себеп болды. Қиын да күрделі іске қалай тәуекел еткенін білу мақсатында біз Нұрғали ағаны әңгімеге тарт­тық. Ол:
    – Біз ұлттық нақышпен қазақ­тың ою-өрнегін және адам бейне­сін кілемге қолмен тоқумен және механикалық станокпен шыға­румен айналысамыз. Қолмен кі­лем-портрет тоқитын Қазақ­станда тек біз ғана. Бауыржан Момышұлы, Махамбет, Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова, Шәм­ші Қалдаяқов сияқты тұлға­лардың портретін бірнеше мәрте тоқыдық. 2007 жы­лы Жүрсін Ер­манның тапсырысы бойынша Мәди Бапиұлын еске алу тойына Қарқаралыға оның 20 дана портретін тоқып бердік. Әри­не, бұл инемен құдық қазғандай күрделі өнер, бірақ біз кілем-портретті сапалы және 100 пайыз ұқсастырып тоқуға көңіл бөле­міз. Осы еңбегіміздің арқасында өнім­деріміз өте жоғары сұранысқа ие деп айта аламыз. Дегенмен соңғы жылдардағы дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ. Елде ақша жоқ, тапсырыс берушілер азайып кетті.
    Нұрғали ағаның айтуына қара­ғанда, шикізатты бұрын Алматы кілем фабрикасынан алып келген. Фабрика жұмысын тоқтатқан соңғы жылдары шикізат мәселесі қиын болып тұр. Кейінгі кезде шикізатты көбіне Қырғызстаннан алып отыр. Егер несие алатындай мүмкіндік болса, жіпті дайын­дайтын, иіретін, бояйтын арнайы станок сатып алар еді. Ауылдық жерде тұратын болған соң несие алу мәселесі қиындау болып тұр. Әйтпесе бұл жұмысты одан әрі дамытуға қазір ықылас та, тәжірибе де бар. Оның үстіне ауылда жұ­мыссыз отырған қыз-келіншектер көп. Ынтасы бар қыз-келін­шек­терді Әзима жеңгей аз уақыттың ішінде үйретіп, нағыз шебер етіп шығаруға дайын. Қазір бар бол­ғаны 6-7 адам жұмыс жасап жатыр. Олар да уақытылы жалақы алып жұмыс жасағанына дән риза.
    Кілем тоқитын арнайы бөлме, темірден жасалған станоктар бар. Нұрғали ағаның өзі негізінен ши­кізат дайындау, тапсырыс қабыл­даумен айналысады. Бір жақсысы қазір электронды почта арқылы тапсырыс қабылдауға мүмкіндік мол. Атырау, Ақтөбе, Алматы, Ас­тана, Қарағанды, Семей, Тараз қалаларынан тапсырыстар қа­былданады. Қазір еліміздің әр қаласында өздерінің агенттері жұ­мыс жасайды. Жұмыс біртіндеп да­мып келеді. Оның үстіне соңғы жылдары қолөнер бұйымдары­ның қадір-қасиетін түсінетіндер кө­беюде.

    Кілем — Ұлы Жібек жолы бойымен тасымалданған маңыз­ды тауарлардың бірі болған. Тіпті тарихта ақсүйектер бір ел мен екінші елдің татулығын ойлап кілемді тарту-таралғы ретінде сыйға тарту үрдісі бар. Қалай болғанда да бұл бастауын шы­ғыстан алған қасиетті өнер. Парсы, Түркия, Қап тауы, Түрікменстан, Үндістан, Пәкстан, Қытайда бұл өнер аса дамыған. Кілем өрнегінде әр ұлттың өз тарихы, дәстүрі, ой-қиялы айқын айшықталған. Әр ұлт бұл өнерді өзіне тән етіп көр­сеткісі келеді, бірақ біздің дәуірі­мізге дейінгі заманда да бұл өнердің кеңінен қолданылғаны тарихи зерттеулерден белгілі. Сондықтан тамыры тереңде жат­қан осынау қасиетті өнердің бұдан былайғы дамуына ден қойғанымыз жөн. 


    Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

     

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Өнерінде өткеннің ізі жатыр…

    Ұшар басын бұлт шалған Алатаудың баурайына ақшаңқан киіз үй тігілген. Айналасы алқызыл гүлге оранған қазақы ...