• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қолөнер » Ең кішкентай домбыра

    Ең кішкентай домбыра

    Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы, Егізтөбе ауылында электрик болып жұмыс істейтін Болатбек Қарымқанұлы ең кішкентай домбыра жасап, қазақтың атын тағы бір аспандатты. 29 жасар шебер жігіттің қолынан шыққан шынашақтай саз аспабы Гиннестің рекордтар кітабына еніп, 01-1201-09541 нөмірлі куәлікке ие болды.

    Ел шеті, жел өтінде жүрген қандастарымыз ұлт мұраларын ұлықтау үшін осыған дейін бір мезгілде 13 мың 288 адам «Қара жорға» биін билеп, 10 450 домбырашы күй тартып, миллиардтардың ішінен топ жарған еді. Сондай-ақ созсаң қолың, құшақтасаң құшағың жетпейтін, есік пен төрдей домбыра жасап, айды аспанға бір-ақ шығарғаны да белгілі. Енді міне, ең кішкентай қолөнер туындысымен талайларды тамсандырып, төрткүл дүниенің назарын төл мұрамызға аударып отыр.

    Бала күнінен екі қолы тыным таппайтын Болат Қарымқанұлы ағаштан ою ойып, түрлі бұйым жасауды жанына серік етіп, әдетке айналдырған. Қолы қалт еткенде ғаламтор беттерін ақтарып, таң­ғажайып туындылар жайлы де­ректер оқығанды дұрыс көреді. Осындай бір өзіндік ізденіс үстін­де басқа ұлттардың аспаптары түр-түрімен толып тұрғанын байқай­ды. Ал қазақтың домбырасын мүлде таба алмапты. Сөйтіп, өзі қолға алмаққа бекінеді. Бастапқыда «ақыры кіріскен соң, үлкен етіп бір-ақ жасайын» деп ойлайды. Алайда оған қомақты қаражат кететіндіктен, мұршасы келмейді. Дәл сол тұста әкесі де науқаста­нып, жиған-тергенін жұмсап қояды. Дегенмен алған бетінен қайтпай, неғұрлым шағын етіп жасауға бел буады. Әуелі домбыраның сыртқы қабын жонып, даярлап алыпты. Содан кейін аспаптың өзіне көшеді.

    Ұзындығы — 4,5 сантиметр, ені — 1,4 сантиметр, биіктігі — 1,2 сантиметр ғана болатын қос ішекті инемен шертіп, ойнауға болады. Дауысы дұрыс шығу үшін қа­ражиде ағашын алып, әрбір бөлшегін жеке жонып, бір-бі­рімен қиюластырып отырады. Сырт пі­шінін қазақы ою-өрнектерімен бе­зендіріп, әспеттей түседі.

    Гиннестің ре­кордтар кітабына енудің талаптарына сай етіп, ережелері­нен ауытқымауға тырысқан шебер бұл іске бір ай уақыт жұмсайды. Көздеген мақсатына қол жет­кізген соң, 2011 жыл­дың қарашасында Қытайдағы Гиннес­тің рекордтарын са­ралайтын коммиссияның талқы­сына ұсынады.
    «Азаттық» радиосының тіл­шісіне телефон арқылы берген сұхбатында:
    – Кішкентай кезімнен түрлі бұйымдар жасауға құмартатынмын. Бірақ өсе келе басқа мамандықты таңдауға тура келді. Қазір энергетика саласында жұмыс істеймін.
    Осыдан бір ай бұрын шамасында домбырамның Гиннестің рекорд­тар кітабына №01-1201-09541 бо­лып тіркелгені туралы сертифи­кат алдым. Қуанышымда шек жоқ. Жіберуін жіберсем де уақыт өткен сайын күдерімді үзе бастаған едім. Екі ішекті тоғыз пернелі кішкен­тай домбыраны қолмен ойнау мүм­кін емес, бірақ комиссия сарапта­масы бойынша күй тартудың бар­лық талаптарына сай кепті, — дейді ол.


    Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Өнерінде өткеннің ізі жатыр…

    Ұшар басын бұлт шалған Алатаудың баурайына ақшаңқан киіз үй тігілген. Айналасы алқызыл гүлге оранған қазақы ...