• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қоғам » Жаңа Зеландиядағы теракт: тарихы, себебі, шешімі

    Жаңа Зеландиядағы теракт: тарихы, себебі, шешімі

    Жаңа Зеландиядағы жойқын теракт бүгін күллі әлемді өзіне қаратты. Мамыражай, тыныш және бейбіт ел атағына ие болған аралды мемлекетте дәл мұндай қанды қырғын болады деп кеше біреу айтса, ешкім сенбес еді. Алайда жұмақ мекенде бүгін тозақ басталды.

    Бейбіт халықты қандықол содырлар сойқан салып, қырып салды. Жаңа Зеландиядағы терактінің мұсылмандар мен босқындарға, қоныс аударушыларға бағытталғаны бесенеден белгілі. Қайғылы оқиғадан 49 адам қаза тауып, 50-ге тарта жан зардап шекті. Алайда «неге бұл оқиға орын алды?» деген сұрақ туындайды.

    Қоныс аудару саясатындағы қателіктер

    Жаңа Зеландия қашанда қоныс аударушылардың сүйікті мекені болған. Бұл мемлекеттің өзі осы қоныс аударушылардың негізінде құрылған. ХVІІ ғасырда ақ нәсілділер Жаңа Зеландияны ашып, жергілікті маори халқын қырғынға ұшыратып, бұл аралды отарлап алған болатын. Содан бастап Жаңа Зеландияның қазіргі кейпі пайда болды. АҚШ, Аустралияның жүру жолын қайталаған бұл елге еуропалықтар ағылды. Олар осында қоныстанып, мекен етті. Бүгінгі күні Жаңа Зеландияның халық саны 4,8 млн адамды құраса, оның 580 мыңы ғана жергілікті маори халқы. Демек 4 млн адам қоныс аударушылар мен олардың ұрпақтары деген сөз. Осының өзі Жаңа Зеландияның қоныс аударушылардан құралғанын дәлелдейді.

    Жаңа Зеландияға алғашқы мұсылмандар бір деректерде Қытай саудагерлерімен келгені айтылады. Ал нақты деректерге сүйенсек алғашқы мұсылмандар 1874 жылы Үндістаннан келіп, саудамен айналысқан. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін бұл елдегі мұсылмандардың саны 100 адамнан аспаған. Олардың көбі маусымдық сауда үшін келіп, өз елдеріне қайтып отырған.

    Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған сәтте мұсылмандар Жаңа Зеландияға жаппай қоныс аударды. Оған қырғи-қабақ соғыстан туындаған түрлі аймақтардағы әскери қақтығыстар мен Жаңа Зеландияның «қоныс аударушыларды қабылдаймыз» деген заңы әсер етті. 1950 жылы алғашқы «New Zealand Muslim Association»  ұйымы ашылды. Жыл өткен сайын мұсылмандардың саны арта берді. 1966 жылы  Веллингтонда тағы бір мұсылмандар ұйымы «IMAN» пайда болды. Артынша көптеген ұйымдар мен мешіттер ашылып, тіпті Шариғат талаптарына сай мал бордақылайтын орталықтар іске қосылды. Жергілікті мұсылмандарды БАӘ мен Сауд Арабиясы қолдап, исламдық банктер ашу бойынша Жаңа Зеландия басшысымен келісімдер жүргізуде.

    Теракт неге орын алды?  

    Жаңа Зеландия мұсылмандарға қысым көрсетпей, бейбіт күн кешуде. Бүгінгі теракт жалпы мемлекеттің мұсылмандарға қатысты ұстанымына қарама-қайшы. Әрине діни қақтығыс пен алауыздық қай қоғамда да болған. Мысалы 1998 жылы Гамильтон қаласында басбұзарлар мешітті өртеп жіберген еді. Бұл оқиға Жаңа Зеландияны дүрліктіріп, кейіннен ондай жағдай қайталанбады.

    Ал бүгінгі жағдай, бүгінгі оқиғаның орын алуы мүлде бөлек. Жаңа Зеландияға қоныс аударушы мұсылмандардың басым көпшілігі Ауғанстан, Түркия, Сомали мен Пәкістан, Үндістан мен бұрынғы Югославиядан. Дәл сол сияқты бұл елге Югославиядағы соғыстан кейін басқа ақ нәсілділер де ағылды. Олардың кейбіреулері діни және этникалық мәселелерін ала келді.

    Жаңа Зеландия мемлекеті қоныс аударушыларды жаппай шақыруды тоқтатқан емес. Мысалы 2016 жылы премьер-министр болған Джон Кей қоныс аударушылардың Жаңа Зеландияға керек екенін, өйткені жергілікті тұрғындардың жаппай есірткі мен ішімдікке үйір болып кеткенін айтып, елді бір шулатқан болатын. Сол мәлімдемеден кейін бір айдың ішінде 69 мың адам бұл елге қоныс аударды. Аталмыш әрекеттер жергілікті тұрғындар мен қоныс аударушылар және билік арасында кикілжің мен түсініспеушіліктің пайда болуына әсер етуде. Жергілікті тұрғындар арасында жұмыссыздық 189 мың адамға жеткен. Әрине, бұл ретте билікті және оның қоныс аударушыларға қатысты ұстанымын қате дейтіндер табылары анық.

    «Неге мұсылмандарға шабуыл жасалды?» дегенге келер болсақ, ең бірінші ретте қоныс аударушылардың көпшілігі ислам дінін ұстанатындар болғандықтан болар. Содырлардың теракт алдында А.Меркель мен Т.Ердоғанды өлтіруге шақырғаны, аталмыш екі ел басшысының соңғы уақытта миллиондаған мұсылман босқындарын қабылдап, Жаңа Зеландия билігінің әрекетіне ұқсас саяси қадамға баруы болып отыр. Аталмыш фактілердің барлығы да содырлардың тек қана ел ішінде емес, сондай-ақ әлем бойынша жүріп жатқан қоныс аудару саясатына үлкен қарсылықтары барын көрсетеді.

    Ендігі таңда Жаңа Зеландия басшылары қоныс аударушыларға қатысты саясатты өзгертуге тырысары анық. Әсіресе қоныс аударушылардың отбасылық тарихын тереңнен зерттеп, визалық режимді күшейтетіні белгілі. Виза беру мәселесін 2017 жылдан бастап күрделендіруді қолға алған бұл ел, оны қайта жаңа талаптармен реттестіруі мүмкін.

    Жаңа Зеландия әлем халықтарының ойында бейбіт ел ретінде танымал. Бұл елге туристер мен білім алушылар жыл сайын артып келеді. Осындай тамаша беделге ие елді мына терактің шайқап жібергені тағы бар. Терроризмнің кез келген елде болуы мүмкін екені бүгін тағы дәлелденді. Ендігі таңда Жаңа Зеландия билігі қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп, «бейбіт ел» беделіне қайта оралуы үшін барын салатын болады.

    Асхат Қасенғали
    “ARHAR сайты

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Банктен заңсыз төлемді қайтаруға сот неге құлықсыз?

    Қазақстанның азаматтық соттары қарыз алушылардың өздеріне міндеттелген заңсыз төлемдер үшін банктен ақша өндіріп алу туралы ...