• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қоғам » Дін дәрігердің көзімен…

    Дін дәрігердің көзімен…

    Біздің қоғамымызда «дін-тек молдалар мен олардың айналасындағылардың ісі» деген қате түсінік бар. Әрине, шындығында тіпті де олай емес. Қоғам мен оның жекелеген мүшелері қабылдаған ережелердің дұрыс-бұрыстығына орай Сіз бен біздің, менің де өмірім тыныш не келеңсіз болады. Иә, теріс дін (мақала негізінен теріс дінге арналған) ауру сияқты бәріміздің берекемізді ала алады. Жалпы, дін мен аурудың арасында көп ұқсастық бар, сондықтан медициналық білімімді пайдалана отырып екеуінің арасында паралель жүргізіп көрмекпін. Не үшін? Адамзаттың аурулармен күресте біраз тәжірибесі бар, соны теріс діннің сипатын ұғуға, яғни кейін алдын алу мен күресуге пайдалануға болады. Мысалға кәдімгі тымауды алайық. Не үшін тымауды? Себебі күні кеше менсінбей жүрген тымау, оған тиісті көңіл бөлінбеген жағдайда тұтас мемлекеттердің шәт-шәлекейін шығарып жібере алатынын көрсетті. Дін де сол сияқты. Викпедияны ашып тымау тақырыбын тауып алсақ, оның сипаты қоздырғышы, патогенезі, патоанатомиясы, клиникасы… сияқты бөлімдермен тұратынын көреміз. Біз де осы жолмен жүреміз. Сонымен:

     

                                         Теріс дін

     

             Теріс дін (әрі қарай ТД) – ашық не жасырын, баяу не тез жүретін, аса жұқпалы және қауіпті құбылыс. Қазіргі уақытта 100-ге жуық түрі белгілі. Қоздырғышы – адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің барлығы. Мысалы «Фархад ата» – адамдарды алдап-арбап ақшасын алу үшін құрылған алаяқ дін. Негізгі аясы – денсаулық саласы. Қай жағынан қарағанда да қарабайырлығына қарамастан ол жалған формула, күнге қарау және тұзды шәй арқылы емдейтініне көп адамдарды сендіре алды. Неге? Бұл жерде кешегі шопыр Фархадтың алдамшылығы мен ашкөздігіне адамдардың аңқаулығы мен жалқаулығы тап келді. Бойындағы «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатынына» шыдам танытпай шопырдың шипасын ресми медицинадан артық көруі; ақша шығармай, уақыт кетірмей, зиянды әдеттерінен арылмай, дене шынықтырумен айналыспай құлан-тазалыққа ұмтылуы фанаттардың қалтасын тазартып, ауруына ауру жамап берді. Біразы психатриялық клиникалардан бір-ақ шықты. Бұл жерде (және әдетте) арбаушылар адам бойындағы жалқаулық, жанаярлық, ойланбаушылық сияқты қасиеттерді шебер пайдаланып отыр. Жалпы ТД-ң әрқайсының өзіне тән «қармақтары», «жемдері», «сүйікті нүктелері» болады. Мысалы, қоғамдағы табиғатқа жақындау, таза өнім тұтыну сияқты жақсы ұмтылыстарды теріс мақсатқа пайдаланғысы келгендер экологиялық діни секталар құрды. Бұған мысалға көрші Ресейдегі «Анастасия» діни сектасын келтіруге болады, олар “адамдар 1 гектар жерді өңдеп қана күн көруі тиіс”,- деген идеяны насихаттап артынан ергендерді тіршіліктің өзге формаларынан бас тартуға шақырады. Бір қарағанда ондай қаупі жоқ болып көрінетін аталмыш секта адамды қоғамның саналы да белсенді мүшесі болуынан, яғни азаматтық сипатынан айырады, сайып келгенде тұтас мемлекетті әлсіретіп, оның өзге (дәлірек айтқанда осы қауіпті сектаны ойлап тауып таратушы) елдің «қолжаулығы» мен «майшелпегіне» айналдырады. Осы қияли «Анастасияның» авторы, кешегі фотошеберлер бригадирі Владамир Мегренің 500 мың данамен шыққан «Біз кімбіз?» деген үшінші кітабында Отан деген ұғымнан балқарағай майы жоғары қойылады. Ертең елімізге қауіп төне қалса Отаны бір гектармен шектелетін «балқарағайшылардың» елмен шаруасы боларына көп күмән бар. Жалпы елде ТД-дердің көбеюі – қоғам руханиятының әлсіреуінің айқын көрсеткіші.

    Таралуы мен патогенезі: адамзат мекен ететін барлық жерде тараған. Негізінен сөз арқылы таралады, бұл жерде оған ақша, қару, есірткі көмектеседі. Тасымалдаушысы – «ауру» адамдар мен кітаптар, өзге де ақпарат құралдары. Кіру қақпасы: ұлттық құндылықтарынан ажыраған әлсіз адамдардың жүрегі. Бейім топтар: ТД адамның нәсілі, жынысы, жасына қарамай жұға береді. Алайда вирустың сүйікті нысанасы болып жастар саналады. Себебі жастар – қоғамның ең қуаты, болашағы бар, қабылдаған жолына берері мол категориясы. Бір жағынан, жастардың дінге тартылғыштығы олардың өзіндік ерекшеліктеріне, мысалы олардың психофизиологиялық портретіне байланысты. Қазіргі жастардың көпшілігі жүйелі рухани тәрбие көрмеген (бұған тек және біріншіден ата-аналарын кінәлауға болмайды), бос уақыты көп, табыстарға (әсіресе, қаржылық және лауазымдық) тез және күш жұмсамай жетуге құштар, еліктегіш, ерекшеленуге әуес категория. Бұны, өз алдына бір бөлек, алайда ТД қоздырғышымен туысқан рухани вирус – дінсіздік вирусының жемісі деп қарастыруға болады. Қазір жастардың біразы әрқайсысы жекелей алғанда эгоист болғанымен өздері мойындаған лидерлердің артынан еріп, айтқанымен жүруге, серкелерінің өмірлік ұстанымдарын қабылдауға бейім. ТД өкілдерінің өз қатарына жастарды тартудың әбден сынақтан өткен, қалыптасқан жүйесі бар. Соның бір элементі – жастардың арасында беделі бар жастарды, жеткіншектерді өз қатарына кіргізу болып табылады. Бұл үшін сан түрлі қитұртқы тәсілдер: сый-сыяпат ұсынудан бастап қорқыту, компромат, қысым көрсетуге дейін қолданылады. Осы тәсілдердің нәтижесінде бала теріс дінге кірсе, ол бала жолдастарының арасында лидер болып табылғандықтан, өзгелерді артынан оңай ерте алады. Сондықтан, мектеп оқушыларының арасындағы қабілетті, озат, спортсмен, үй іші бай-бақуатты не лауазымды оқушылар ерекше назарда болуы керек. Бұл жерде «ерекше назар» дегенді бұндай оқушыларды қыспалап, жүрген-тұрғанын аңду, – деп емес, ол оқушылардың лидерлік энергиясын жақсы мақсатқа пайдалану деп түсіну қажет. Өз ортасында беделді оқушыларды рухани байыта, мысалы, олардың бойында салт-дәстүрімізге құрмет қалыптастыра алсақ, бұл ең бірінші ұстаздарға үлкен көмекші дайындағандық, сондай-ақ діни экстремизмнің алдын алудың аса тиімді бір шарасы болып табылады. ТД-ге тартылғандарды сараптау олардың қатарында ана тілін білмейтіндердің басымдылығын анықтады, яғни, ТД-ге ана тілін білмейтіндер тезірек тартылады, бұдан шығатын қортынды жастарды өз тілінде сөйлету арқылы ТД-ге тартылу қаупін белгілі бір дәрежеде азайтуға болады. Сондай-ақ, тұрмыс деңгейі төмен отбасылардың балаларының да теріс дінге тартылу қаупі жоғары. Өйткені оларды қаржымен қызықтыру жеңіл. Осыны да ескеру қажет. Жас адамдар, соның ішінде олардың арасынан шыққан лидерлер өзінің қуатымен ерекшеленеді, сондықтан олар өзінің энергиясын жұмсайтын арена, орта іздейді. Біз бұндай алғыр жастарды анықтап, оларды қоғамға пайдалы істерге тарта алмасақ, олар өзге бір топтың, мысалы экстремистік бағыттағы топтың қатарынан орын алады.

             Эпидемия тарихы: дін – адамзат тарихында орасан роль атқарады. Мемлекет пен қоғамның қабылдаған діні дұрыс болған жағдайда елдің гүлденуіне (орта ғасырдағы Араб халифаты), бұрыс болған жағдайда түрлі қақтығыстар мен соғыстарға (қазіргі әлемдік ахуал) әкеле алады. ТД өз ошағынан өзге елдерге таралуы елдер арасындағы түрлі мәдени-ғылыми, экономикалық байланыстар арқылы миссионерлермен жүзеге асырылады.  Адамдарға, әсіресе жастарға теріс идеяларын тартымды қылып көрсету үшін олар өз дінін дұрыс діннің, имандылықтың талаптарына қарағанда жеңіл, нәпсіге ұнамды қылып ұсынады. Мысалы, өскелең ұрпақ дұрыс қалыптасып, шалт баспасы үшін қажетті Үкіметтің заңдарына, ата-ана мен ұстазға бойынұсынуды міндетті санамайтын секта қажет те қатал тәртіпті жақтырмайтын кейбір жастар үшін ұнамды болып көрініп қалуы мүмкін.

             Диагнозы: әр түрлі ТД-дердің өздеріне тән сипаттамалары болады. Мысалы, ислам бағытындағы-мыс ТД өкілдерінің төмендегідей қате ұстанымдары бар: Отан, ұлт, конституция, әулиелер, дәстүрлі салттар (қайтқан кісінің “3-і, 7-cі, 40-ын беру, ата-бабасына ас беру, бет сипау, тұмар тағу, т.с.с) мойындалмайды. Намаз оқымайтындарды кәпір деп санап, олар билік басында болса бағынуды, ата-анасы болса құрметтеуді қажет санамайды. Өз діндерін енгізу жолында жихад және лаңкестік жарылыстар ұйымдастырудан бас тартпайды. ТД-ң бұл бағытын ұстанантындардың жүріс-тұрысында, құлшылықтарында, киім киісінде өздеріне тән ерекшеліктері бар, бірақ бұл аса маңызды емес, себебі олар жағдайға және (немесе) жоғарыдан түскен нұсқауларға сәйкес сыртқы белгі-көріністеріне өзгерістер енгізе алады. Бұл табиғаттағы вирустағы өзін сақтап қалу үшін сипаттарын өзгерткенге ұқсайды. Одан вирустың вируленттілігі өзгермейтіні сияқты ТД-нің улылығы да сол қалпында қала береді, тек танылуы мен диагноз қойылуы қиындайды.

             Клиникасы: теріс діннің вирусы бойға кіріп кеткеннен кейін ол ауру жан қоғамнан ажырап, өзі сияқты сырқаттардан басқалардан алыстай бастайды. Ауруларын өзгелерге жұқтыруға мүдделі және құштар. Сауларға өшпенділікпен қарайды.

             Асқынулары: аурулардың саны қоғамның 10 пайызына жеткен кезде билікті күшпен алу амалдарын жасайды. Жекелеген аурулардың асқыну дәрежесі олардың лаңкестік әрекеттерге дайындығымен сипатталады.

             Емі: ТД әбден бойын билеп алғандардың емі жоқ. Одан берілеріне ем қону-қонбауы ақиқат сөздерді ұғу-ұқпауына байланысты.   

             Алдын алу: мемлекет саястатында аса маңызды шаралар қатарына кіреді, ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. ТД-мен тек бүкіл қоғам болып күрескенде тиісті нәтижеге қол жетіледі. Құқық қорғау органдарының ғана қимылы ТД-мен пәрменді күресу үшін жеткіліксіз, себебі олар ТД-нің себебімен емес салдарымен күреседі. ТД-дердің алдын алуда жанұя мен мектептің рөлі аса зор. Себебі ана сүтімен, әке өнегесімен бойға берілетін үлкенге, елге, әулиелерге, салт-дәстүрге, тілге құрмет ТД вирусына қарсы иммунитет қалыптастырады. Ата-ана мен ұстаздарға бұндайда ертегілер, батырлар жыры, ән-күйлер, т.с.с көмекші құрал бола алады. Аурулардың алдын алудың тиімді де жеңіл жолы шынығу екенін білеміз, рухани вирустар қоздыратын аурулардың алдын алу үшін де шынығу керек. Және кез келген шынығу бей-берекет емес белгілі бір сынақтан өткен жүйемен, ұстаз-жаттықтырушының көмегімен жүзеге асырылады. Дүниенің ақиқаты біздің жүрегімізде. Өзімізді, санамызды жетілдіру арқылы біз кемел адамға жетеміз.  Ұлттық құндылықтармызды бойымызға толық сіңіргенде ғана  бәсекеге қабілетті боламыз.

             Болжамы: өте нашар. Вирус кіріп, күш алып кеткен жағдайда рухани сырқатты – үмітсіз деуге болады. Олар өмірін түрлі лаңкестік актілер кезінде қияды не түрмелерде өткізеді, өздеріне қолайлы орта іздеп елден безуі де кездеседі.

    Патологиялық анатомиясы: ТД-ге әбден уланғандар өліге саналуға лайық: олардың көздері ақиқатты көрмейді, құлақтары естімейді, айтқанды ұқпайды, жүздері суық, яғни бойларында өлінің біраз сипаты бар. Сондықтан ТД өкілдеріне патологиялық анатомия тұрғысынан қарауға болады: тек догмаларды басшылыққа алып, пікір жасамайтындықтан миы семген; жүрегінде адамға деген махаббат жоқ, сол себепті көздері суық, сөнген; тілдері ана тілін толық пайдаланбайтындықтан дамымаған, арандары кең, тістері мен тырнақтары өздерінен басқаларға өткір, өзгелерге өкпесі қара қазандай, бауыры жоқ, терісі қалың, ең бастысы қаны бұзылған.

    Қортынды:  Теріс дін – тұтас қоғам, жеке адам, әсіресе жастар үшін аса қауіпті. Әрбір азамат ұлттық құндылықтарымызды жоғары қойып, сырт күштердің ықпалына қарсы күресе білуі керек деп ойлаймын. Қазақ өз ұлттық ерекшеліктерін сақтап, ғылым-білімді игеріп, ар-намысты жоғары қойып, алдыға қарай ұмтылыс жасағанда ғана үлкен жетістіктерге жете алады деп есептеймін. 

                                                                                     Нұрлан Сәдір, жазушы                                                                                           

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Электрондық сауданың іргесі кеңеюде

    «Қазпошта» мен «Одноклассники» басшылығы қол қойған меморандум бұл саланы тағы да ілгерілетеді7 Мемлекет басшысының тікелей ...